Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Facebook әлеуметтік желісінде бірінші мамырдан басталған «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясы жалғасуда. Біз бүгін федерация баспасөз қызметі жолдаған еліміздің әрбір өңірінде қауіпті індеттен қаймықпай күресіп, адам жанының арашасы болып жүрген жандар жайлы материалдар топтамасын ұсынамыз.
«Ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етуге міндеттіміз, бұл біздің борышымыз»,- дейді Тұрғаш Аманкелдіқызы.
Ол Қызылорда облысы Жаңақорған ауданаралық ауруханасының бас мейірбикесі. Ол әріптестерімен бірге қауіпті індетпен күрестің алғы шебінде жүр, ауруханадағы карантинге алынған тұрғындармен жасалып жатқан жұмыстардың басында, мейірбикелердің көшбасшысы ретінде күні-түні
еңбек етуде.
Тұрғаш Аманкелдіқызы мейірбикелік 27 жыл еңбек өтіліндегі бала кездегі арманын, жұмысына деген құрметін әңгіме кезінде ерекше ықыласпен тарқатты: «Мектеп қабырғасында оқып жүргенде медицина саласында жұмыс жасауды алдыма мақсат етіп қойғанмын. Сол мақсатыма жету жолында медицина училищесіне оқуға түсіп, кәсіби білім алдым. Мен өзім көпшілікпен жұмыс істегенді қатты ұнатамын, сосын қандай да бір жетістікке жету үшін барымды салып істеген ісімнен жақсы нәтиже шығаруға тырысамын, бәлкім бұл менің отбасымнан алған тәлім-тәрбием болар. Кел-келген тапсырманы тиянақты әрі сапалы, мерзімінде орындау менің басты ұстанымым».
Медицина училищесін тәмамдаған соң Т.Данеева еңбек жолын 1993 жылы Жаңақорған ауданы орталық ауруханасының хирургия бөлімінде
мейірбике болып бастаған, терапия бөлімінде мейірбике болған. Өзінің қызметтік міндетін үлкен жауапкершілікпен орындайтын мейірімді
мейірбике, ұжым арасында ұйымдастырушылық, талапшылдық қасиеттерімен ерекшеленеді. Қазірде ол 2006 жылдан бастап аурухананың бас мейірбикесі болып қызмет жасайды.
«Қазіргі уақытта ауданда індетпен күресу жолындағы барлық медицина қызметкерлерінің сақтық шараларына жете мән беруі, олардың арнайы киімдермен және басқа да жабдықтармен уақтылы жабдықталуы, тамақтануы, басқа да ұйымдастыру мәселелері маған жүктелген, сондықтан үй бетін көрмей 24 сағат жұмыс істеуіме тура келеді және ол үшін өкінбеймін, өйткені біз ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етуге міндеттіміз, бұл біздің борышымыз. Коронавирус індетімен күресу жолындағы медицина қызметкерлерінің еңбегін мемлекет жоғары бағалауда, ризамыз. Біздерге
әлеуметтік желілер арқылы түрлі челлендждер ұйымдастырып, пікір жазып, жұмысымызға сәттілік қолдау білдіріп, сенім артып жатқан
баршаңызға көп рахмет»,- дейді Тұрғаш Аманкелдіқызы .
Акцияға Батыс Қазақстан облысынан жолданған материалда ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жанның ерен еңбегі жайлы баяндалады.
Батыс Қазақстан облысы Сырым аудандық ауруханасында терапия бөлімінде 29 жыл бойы табан аудармастан еңбек етіп келетін елдің сүйікті дәрігері Анесова Айгүл Ерсайынқызы бүгінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында әлемді жайлаған індетпен күресуде. Дәрігерлер жетіспегендіктен, ақпан айында резервтік бригадаға қойылған болатын. Гиппократ антына адал, алдыңғы орынға қызметін қоятын әйел-ана жуырда жарық дүниеге немересі келсе де, шаңырақ шаттығына бөленуге, әже болып, балдан тәтті немересін иіскеуге мұршасы болмады. Жұтынған аждаһадай COVID-19 жұқпасымен айқасуда. Бірінші орынға жұмысын қою дәрігердің әдетіне айналған. Сәуірдің 24-інде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына көмекке шақырылып, содан үйіне барған емес. Немересінің суретін тек телефоннан көріп отырады.
Күнде тәжіндетке шалдыққан адамдарды көріп, емдеп, қасында жүрген жұқпалы аурулар дәрігерінен жерлестерімен тәжірибесін бөлісуін, COVID-19 жұқпасынан сақтану жайында ақыл-кеңес беруін өтіндік.
– Коронавирустық инфекциядан сақтануға әр адам өзі үшін, отбасы үшін мүдделі болуы керек. «Сақтансаң, сақтайды» дегендей, алдын алу шараларына аса мән берген жөн. Мүмкіндігінше ұзын жеңді киім, басқа бас киім, орамал киіп, шашты көрсетпей жүрген жөн. Вирус адамның денесінің ашық жеріне, шашына тез жабысады. Бетпердені үнемі кию керек. Бетті, көзді, шашты қолмен ұстауға болмайды. Бетперде киіп жүрген адам аузына, мұрнына, бетіне қол тигізбейді. Әрқашан қолды сабындап жуып, антисептикпен залалсыздандырып отыру керек. Ауыз қуысын фурацилин ерітіндісімен, тұзды сумен, хлоргексидин ерітіндісімен шайған абзал. Мұрынды әлсін-әлсін шаю керек, өйткені вирус көбіне мұрын қуысында шоғырланады. Шектеу қойылған ауызашар, қонаққа барып, туған күн жасамай, халық шоғырланған жерден аулақ жүріп, әркім өзінің отбасында болып, сақтанғанның вирустан аман қалуға пайдасы зор,-дейді маман.
«Жағдай жақсарып, індеттің беті қайтып, үйіме аман-есен жетіп, тәп-тәтті немереммен қауышсам, отбасым бірінші орынға тұрар ма екен деп ойлаймын», - дейді жас әже.
Маңғыстаулық Нұрболат Дәрібекұлы қауіпті індет кезінде уақытпен санаспай еңбек етіп жүр. Дәрігер міндетті түрде өз ісіне адал, кәсіптің маңыздылығын түсінетін, қиындықтардан қорықпайтын және өмірін өзі сүйген кәсіпке арнаған жан. Сондай адамның бірі -Сүлейменов Нұрболат Дәрібекұлы 1992 жылы мамырдың 15 жұлдызында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келген. 2009-2016 жылдар аралығында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік медицина университетінің хирургия мамандығы бойынша білім алып шықты. Дәрігерлік жолын таңдауға мектебіндегі ұстаздары себепші болды. ҰБТ-дан жоғары балл жинаған соң Ақтөбе қаласына оқу орынына түсті. Оқып жүрген кезде Ақтөбе қалалық шұғыл медициналық көмек станциясында 2,5 жыл санитар болып жұмыс істеді. 2016 жылғы маусым айында, Ақтөбеде дабылдың қызыл деңгейі жарияланған болатын. Сот-медициналық сараптама қызметі барлық арнайы бөлімшелер, төтенше режимде жұмыс істеді. Сол кезде өліммен арпаласып, халыққа қол ұшын тигізген Нұрболат Дәрібекұлының медицинаға қызығушылығы арта түсіп, көзқарасы өзгеріп, мол тәжірибе жинады. Жедел жәрдемде қызмет атқарып жүріп,алдына «Хирург боламын!» деген мақсат қойды. Осылайша хирургия мамандығын тәмамдап, 2016 жылдың тамыз айынан бері Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының "Бейнеу орталық аудандық ауруханасы" ШЖҚ МКК 4 жылдан бері ІІ категориялы дәрігер-хирург маманы болып жұмыс атқаруда. Пандемия кезеңіне байланысты, өз қалауымен науқастарға жоғарғы дәрежеде медициналық көмек көрсетемін деген шешімге келді. Қазір провизорлық стационарда бөлім меңгеруші міндетін атқарып жүр. Отбасымен 1 сәуірден кейін жүздесуге мүмкіндік болмай, бүгінге дейін бала-шағасымен тек бейнебайланыс арқылы көрісіп тұрады. Төтенше жағдай кезінде көптеген қиындықтар болды. Бірақ ұжымының арқасында барлығы оң шешілуде.
Ақтөбе қаласында COVID-19 күрес шараларында уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген дәрігер-эпидемиолог Алтынай Артықбаеваның да өз үлесі бар. Алтынай Есетқызы М.Оспанов атындағы Мемлекеттік медицина академиясының медико-профилактикалық факультетін аяқтап, еңбек жолын санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің қалалық бөлімінде бастаған. Ол ғылыми жұмыспен де шұғылданып,ізденістері нәтижесінде жаңалықтары түрлі басылымдарда жарық көріп жүрген ізденімпаз маман.
2015 жылдан бастап Ақтөбе облыстық ЖИТС орталығының алдын алу бөлімінде дәрігер-эпидемиолог болып жемісті еңбек етуде.
«Қазіргі COVID-19 індетінің алдын алу және күрес шараларына орай дәрігер-эпидемиологтар да алғы шепте еңбек етуде.Еліміздегі жағдайға байланысты біздер жұқпаның эпидемиологиялық ошағында қызмет жасаудамыз. Біз індеттің бәсеңдеуіне өз қолдан келген үлесімізді қосудамыз.Карантинге дейін медицина колледжерінің студенттеріне короновирустық инфекцияның алдын алу шаралары аясында дәрістер оқыдым.Біз қазіргі сын сағаттарда осы қауіпті індеттің алдын алу жолында бар күш-жігерімізді , алған біліміміз бен тәжірибемізді көрсетіп, аянбай еңбек етуді өз парызымыз санаймыз. Менің тілегім ешкім ауырмасын. Індет жойылса екен»,-дейді дәрігер-эпидемиолог Алтынай Есетқызы . Отбасында жолдасы екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Ел азаматтарының денсаулығы жолында уақытпен санаспай, қауіпті індетпен күресте бастарын қатерге тігіп, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер қауымына айтар алғысымыз шексіз.