Бүгінгі «Көне дүние күмбірі» айдарында өлкетанушы Бақтияр Қожахметовтың Бақберген бақсы жайлы әңгімесін ұсынамыз.
Ата-бабасынан келе жатқан бақсылық қасиетті ұстанған Бақберген Аяшевпен кездесіп, жолым болған адаммын. Оған жолығуыма 1998 жылы теңге құлдыраған кездегі қаржылық ахуал мен алған дене жарақатым себеп болды. Әрине, кейіннен мұның бақсымен, Бабалар әлемімен және Құдай заңдарымен танысуыма түрткі болғанын түсіндім. Досым Алмат Құдабаев Бақберген бақсымен танысуыма себепкер болды. Дәл сол кезде жеке басым мен отбасым үшін күрделі шешім қабылдап, Қарағандыдан, Ұлытау ауылына көшіп, қала жағдайын, ауыл өміріне алмастырдым.
Ұлытау ауылының тұрғыны Бақберген аға ата-бабалар рухының желеп-жебеуімен адам емдейді, дуаны қайтарады, жолыңды ашады.Адам емдеуге рұқсат етілген сертификаттары, дипломдары мен куәліктері де бар. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Халық емшілері қауымдастығының «Тілеуғабыл Өтейбойдақ» төсбелгісімен марапатталған. Бақберген аға «Сендерді ата-бабаларыңның әруақтары,әулие-әмбиелер рухтары емдейді. Менің міндетім – әруақтармен байланыс орнату, дәнекер болу»,-дейді. Ол жиырма жылдан бері адам емдеумен айналысып келеді. Ұлытауға Қазақстанның түпкір-түпкірінен, көршілес Ресей мен Өзбекстаннан да ағылып келіп жатады. Жазылған адамдардың тарихынан бірнеше том шығар еді.
Бақберген ағаға дертіне дауа іздеп, үмітін үзген, обыр (онкология) дерті, психикалық ауытқуы бар, диагнозы нақтыланбаған науқастар келіп емделіп жатады. «Емдеу нәтижесінің кепілі – Құдайға және ата-баба аруағына сену»,-дейді Бақберген аға. Күш-қуатым мен білімімнің сыры – киелі Ақмешіт әулиенің (Әулиетаудың) мәңгілік энергиясы, - дейді.
Бақберген ағаның осы жолға қалай келгенін түсіну қиын. Ол бақсылықты өзі таңдаған жоқ. Ешкім бақсы болғысы келмейді. Бақберген аға қарапайым өмір сүріп жатқан еді. Оның отбасы, достары, өз міндеттері, дағдылы проблемалары болды. Ерекше жағдайының барлығы науқастанудан басталғандай көрінді. 9 жыл бойы ауырып, 9 жыл аурухана жағалады.Бірақ диагнозын ешкім нақтылай алмаған. Емделмеген жері қалмады. Жылдар бойы не болып жатқанын ешкім дөп басып айтып бере алмады. Не істерін де білмеді. Ірі денелі жігіт жыл өткен сайын, «әне жерім, мына жерім ауырады» деп шағымдана берді.
Бір күні ауруханада жатқан жігіттің түсіне кірген әйел: «Сен мұнда неге жатырсың?! Жүрші, мен саған не істеу керек екенін көрсетейін»,-дейді. Ол жігітті бұлақ басына ертіп әкеліп: «Міне, бұлақ. Көзі бітеліп қалғанын көрдің бе, тазала»,- дейді. Жылдар өте келе ол бұл әйелдің шипалы Ембұлақ иесі - Гүлсара ана екенін түсінеді.
Бұдан кейін түсінде қария келіп, Бақбергенді Әулиетау етегіне ертіп апарады. Ақсақал: «Бұл тау «Әулиетау» деп аталады, мешітке ұқсайтын ақ ғимаратты көрсетіп, ал мынау Ақмешіт, бұл жерде бақсылар зиярат етушілерді қабылдайды. Бұл аурухана тәрізді. Әр бақсының өзінің емдеу тәсілі болады. Біреуі сынықшы, енді біреуі ішкі ағзаларды емдейді, тағы біреуі ота жасайды. Сен бақсы болып, адам емдеуің керек!»,-депті.
Осылайша, Бақберген ағаға аян беріпті. Қанша жыл әруақтар түсіндіргісі келген, бақсылық осылай қоныпты. Бақберген аға адамдар мен сакралды дүние арасындағы дәнекермін, бақсымын дейді.Ол ертеде қайтыс болған, ата-бабалар әруағымен тілдесіп, өлілер әлемін көре алады. Адамның ата-бабаларымен тығыз байланысына сенеді. Жануарлардың, тастар мен шөптердің рухтарымен де тілдеседі.
Бақсылықтың жолын берік ұстанған Бақберген ағаға жеке өмірінен, жоспарларынан, отбасылық міндеттерінен бас тартып, халыққа қызмет етуіне тура келеді. Жауапкершілік жүгі қара басының қамы үшін өмір сүруге жол бермейді. 20 жылдан астам уақыт бойғы оның басты жұмысы – адамдарға көмектесу. Гиппократ антын қабылдамаса да, біреуге көмек беруден бас тарта алмайды. Оның күндері осылайша өтіп жатыр.Өзінің қалауынша, бақсылықтан бас тарта алмайды, олай еткен күннің өзінде басы ауырып, буындары ісініп, іші ауырып, мазасыз күйіне қайта түсер еді. Ал бұл жалғаса берсе, ақыр аяғында өлімге әкелуі де мүмкін. Бұл – қызмет, парыз, ауыртпалық, міндет. Оны өзгертемін деп, еш нәрсе жасай алмайсың. Бұл жолды таңдаған адамға, басқа жол жоқ. Және де ол дағдылы деңгейге түсе де алмайды. Оның түсінігінде адам басқаларға көмек беріп, жамандық жасамауы тиіс, көмек қолын созудан бас тартпауы керек.
Бақберген бақсы Ұлытаудан алысқа кеткенді ұнатпайды. Киелі тау иелерінің рухын ашуландырып алудан қорқады. Ұлытаудан алыстаған сайын, күш-қуаты азая бастайды. Бақберген аға дәстүрлі медицинамен бірлесіп, ауыр науқастарды емдеу әсерін күшейтуге болатынына сенімді. «Дәстүрлі медицинаның көзі – халық медицинасы»,-дейді ол. Осы пікірін Ұлытау ауылының көптеген тұрғындары дақолдайды, өйткені ауылда баласын бақсы емдемеген отбасы кемде-кем.
Бақсының ең үлкен өкініші, шәкіртінің болмауы. Шәкірттерім болады-ау деп жүргендері уақыт өте келе, пенделік өмірді таңдап кетеді. Имамдарға қарағанда, адамдардың дін жолына, Құдайға, намазға келуіне көп көмегі тиіп жүрген жан. Сондықтан тәжірибесіне сенімді.
Бақсылардың жасайтын ғұрыптары ұқсас тәрізді көрінгенмен, ілімдері, шеберліктері өзгеше, бақсылық деңгейі мен энергетикасы, күші мен тәжірибесі әртүрлі. Негізінен олар дағдылы ғұрыптарын немесе өздерінің ерекше жоралғыларын жасайды. Барлық бақсылардың негізгі мақсаты – жоралғыларды дұрыс жасау, трансқа кіре алу, ішкі көзімен көре білу, түпсанамен жұмыс істеу. Барлық бақсылар ем соңында міндетті талап қойып жатады, өкінішке қарай, көп адамдар бақсының ақылын тыңдамай, ол талапты орындамайды.
Бақсы сеанс барысында домбыраны жиі қолданады. Бастапқыда домбырада қарапайым, көпшілік білетін әндерді орындап отырғандай көрінеді. Мұндай жағдайда адам домбыраның үнімен,бір күйден, екінші күйге өтеді. Ол – тілдесудің бір түрі, байланыс құралы, әлемдер арасындағы көпір,дәнекер. Белгілі бір ырғақ ойнаған сәтте адамдар елтіп, сол әуен тұңғиығына бойлай бастайды. Дегенмен де, ең құдіретті аспап – бақсының қолы. Қолдары өте күшті, қарулы. Сеанстың соңында ол емделушілердің барлығына массаж жасайды. Бақсы басыңнан аяғыңа дейін, бүкіл денеңді уқалаған сәтте бейне бір,бүкіл денеңе сансыз инелер шаншылғандай әсерде боласың.
Бір қызығы, бақсы өзін және отбасын емдей алмайды.Ол сеанстан басқа уақытта өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар, қарапайым адам. Бәлкім, біз еркінен тыс, айрықша жолды таңдаған, адамдардың арқасында ғана өмір сүріп жүрген болармыз?! Мүмкін, болашақта арамызда жүрген осындай адамдарды әулиелер қатарына қосатын да шығармыз?!
Мұндай адамдар сирек, бірақ әр елде өмір сүрген және өмір сүре бермек. Тылсым күштің таңдаулылары. Олар түрлі мамандық иелері: философтар, мәдениет өкілдері, ақындар, композиторлар, ауыл тұрғындары. Өркениеттің ешқандай жетістігі оларға әсер ете алмады. Адамның өз табиғатындағы ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатыр. Сондықтан, бақсыларға баратындар саны азаймақ емес.
Көпшіліктің пікірінше, ғылым үнсіз, медицина дәрменсіз болған сәтте, ең соңғы үміт дәстүрден тыс медицинаға, халық медицинасына ғана келіп тіреледі.
Бақсылықтың болашағы – табиғатты қорғау, табиғатпен үндестік, игі,сауапты істер, әрекеттер жасау, табиғаттың рухын құрметтеу, дүние танымды жетілдіру.
Қазақшаға аударған Тұрар Саттарқызы Шакен .