«Көне дүние күмбірі» айдарынан бүгін Бекет ата мен көне бейнеу жерасты мешіті жайлы таныса аласыздар.
Қазіргі Атырау облысының Жылой ауданындағы Ақмешіт елді мекенінде туған Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813) – Маңғыстау, Үстірт, Атырауды мекендеген Адай тегінен шыққан қазақ халқының данасы, тарихи тұлға.
Атадан бала, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз-әңгімелер бойынша Бекет – ел тәуелсіздігі үшін сыртқы жауларға қарсы қол бастап, ерлігін көрсете білген батыр; ғылым, білім жолын қуып, Маңғыстау, Атырау, Үстірт өңірлерінде ұстаз болған адам, медресе мен мешітке қолайлы болатын, бала оқытатын жерасты мешітін қашап жасаған сәулетші-шебер; бойына табиғаттың тылсым күшін игерген, ауруды жазған, жатқанды аяққа тұрғызған емші. Жас кезінде қолына қару алып, көршілес қалмақ, түрікмен тайпаларымен шайқасып, халқының тәуелсіздігін қорғаған Бекет ел аузында Ер-Бекет атанды.
Бекет ата Хиуадағы Шерғазы медресесін бітіріп, еліне келгенде халықты сауаттандыруды мұрат еткен, кішкентайынан дін жолын терең игергені оның нағашысы қожа тұқымынан екен. Елдің айтуына қарағанда, Бекет ата салғызған мешіт саны бесеу. Бекет атаның өмірінің соңғы кезінде тұрғызған мешіті Маңғыстау облысының Қарақия ауданы, Жаңаөзен қаласынан оңтүстік-шығыс бағытта 180 км, Сенек ауылынан солтүстік-шығыс бағытта 95 км қашықтықта орналасқан. Мешіт табиғаты көркем Оғыланды жеріндегі ақ-бор тасты тау шатқалының терең орта қабатынан ойып жасалған. Мешіт төрт бөлмеден тұрады, төргі бөлмеде қасиетті сырық ағашы бар. Пайғамбар жасына келіп қайтыс болған Бекет атаның мүрдесі осы мешітте қабірленген.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.