Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты азаматтар мемлекеттік қызметтерді электрондық үлгіде алуда. Осыған орай, елордадағы ерекше күтімді қажет ететін тұлғалардың мүгедектігі мен жұмысқа қабілетсіздіктерін растауға қатысты сауалдарына жауап алу үшін біз ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Игембаева Сәуле Зәрубекқызымен тілдескен едік:
Qazir: Сәуле Зәрубекқызы, бүгінгі жағдайға байланысты мүмкіндігі шектеулі жандардың санатына жататын азаматтарымызға көрсетілетін әлеуметтік қорғау шараларын айқындау үшін олар көрсетілуі тиіс мемлекеттік қызметті қалай ала алады?
- Төтенше жағдай кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеу және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау үшін олар мемлекеттік қызметтерді медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне бармай-ақ, «Электронды үкімет» веб-порталындағы «Электронды өтініш» сервисі арқылы, сондай-ақ, интернет-ресурс арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүзеге асыра алады.
Бұл індетті жұқтырудан сақтану үшін, сондай азаматтарымыздың үйлерінде отырып-ақ интернет арқылы өтініш берулерінің жылдам әрі қауіпсіз жолы деп айтар едім.
Qazir: Енді өтініш беру жолдарын түсіндіріп өтсеңіз. Электронды түрде өтініш беруде қандай да бір қосымша құжаттардың енгізілуі керек пе?
- Иә, осы мемлекеттік қызметті алу үшін азаматтардың қажетті құжаттардың көшірмелерін қоса ұсынып, тиісті стандартқа сәйкес өтініш толтырулары керек.
Сонымен қатар, өтінішке электрондық санды қолтаңбаны қою қажет. Одан кейін қабылданған өтініш әрі қарай қызмет алушының тұрақты мекенжайы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаментіне жолданады.
Qazir: Сауле ханым, содан соң осындай мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін куәландыру қалай жүзеге асырылады?
- Мұндағы мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын тағайындауды медициналық әлеуметтік сараптама бөлімдері куәландырады. Ол «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Осыған орай, куәландырылатын тұлғаны мүгедектік белгіленген күннен бастап алты ай ішінде бақылап тексеріп, бір жылдан аспайтын мерзім бойы сырттай бақылау жүргізіледі.
Qazir: Ал бүгінгідей төтенше жағдайға және оның ұзартылуына байланысты қайта куәландыру мерзімі де ұзартыла ма?
- Иә, бұл негізінде Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы №109 «Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз ету қағидалары бұйрығына сәйкес орындалады. Оған сәйкес, қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейінгі бір айдан аспайтын мерзім ішінде және төтенше жағдай уақытында келген тұлғаларға мүгедектіктің, жалпы еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесінің, кәсіптік еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесінің және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының мерзімдері төтенше жағдай орын алған кезде автоматты түрде ұзартылады.
Qazir: Төтенше жағдай кезінде төленетін тағы қандай төлемдерге байланысты қосымша ақпарат бере аласыз?
- Қосымша айта кету керек, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және (немесе) еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайында әлеуметтік төлем алушылар болып табылатын тұлғаларға осы төтенше жағдай кезінде төленетін төлемдер бұдан бұрын белгіленген мүгедектік тобына немесе жалпы еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесіне сәйкес төтенше жағдай режимі аяқталған айды қоса алғанда төленеді.
Qazir: Рахмет, Сәуле Зәрубекқызы.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы