"Осы күндері дәрігерлер мен полиция қызметкерлерімен қатар жұмыс жасап жатқан, еліміз үшін бүгінгідей қиын сәттерде азаматтарға онлайн режимде қызмет көрсетіп отырған колл-орталық мамандары да бар. Желінің екінші жағындағы оператор қандай сұрақ қойсаңыз да байсалды жауап беріп жатады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері мемлекеттік қызметтерді онлайн ұсынып отыр» - деп хабарлайды Qazir.kz .
Алматыда қазір 1414 колл-орталығы арқылы кеңес беретін 150 онлайн-кеңесші жұмыс істеуде. Азаматтарға арналған үкіметтің 2,5 мыңнан астам фронт-кеңсенің қызметкерлері 1414 нөмірі арқылы кеңес беруге бейімделген. Оның ішінде Алматы қаласының 17 фронт-кеңсесінің 150 аса қызметкерлері азаматтарға үйде отырып қызмет көрсетуде. Бірақ, талап әдеттегі фронт-офистегідей, таңғы сағат 9 бастап жұмысына кірісу керек және сағат 6:30 дейін жалғасуы керек.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің 80% астамын электрондық үкімет порталы арқылы онлайн алуға болады. Дегенмен, әрбір адам сайтта өз бетінше жұмыс істей білмейді әрі қосымшаларды түсіне бермейді. Сондықтан, кеңесшінің жұмысы өте маңызды болып отыр.
Бауыржан Бекпаев, Азаматтарға арналған үкіметтің Алатау фронт-офисінің маманы, колл-орталыққа жаңаша бейімделген операторлардың бірі. Оның ХҚКО жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асты. Жары Шынар Молдаханова да сегізінші жыл қатарынан Алмалы аудандық ХҚКО жұмыс істейді. Олардың тағдырын Медеу аудандық ХҚКО байланыстырды деуге болады. Сол жерде жұмыс істей жүріп танысты. Таныстық, достық соңы махаббатқа ұласты. Осыдан 6 жыл бұрын шаңырақ көтеріп, содан бері қуаныш та да, қиындықта да бірге болып келе жатыр. Дүниеге екі қыздары келді. Қазіргі уақытта олардың барлығы үйлерінде бірге. Бауыржан мен Шынар азаматтарға онлайн-кеңес береді. Шынардың жұмысы 9:00 бастап 16:00 дейін, ал Бауыржанның жұмысы 13:00 басталып 20:00 аяқталады. Бос уақытында балаларға кезекпен қарайды.
«Неше түрлі сұрақтар қойылып жатады. Мәселен, біреу жақында қоңырау шалып, «Көшеде қалай серуендеуге болады? Бұл үшін учаскелік инспектордан рұқсат сұрау керек пе?» деп сұрады, ал тағы бірі «Карантин кезінде үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуге бола ма» дейді. Осы сияқты бізге қатысы жоқ сұрақтармен де уақытымызды алатындар көп. Қалай болғанда да, басты міндет – желінің арғы жағындағы адамға көмектесу», - дейді Бауыржан.
«Бір минут ішінде 3-4 қоңырау түседі. Күніне 200-250 қоңырауға жауап беремін. Осындай қиын кезеңде халыққа пайдамды тигізуге тырысамын.
Аман-есен жұмыс орнымызға оралғымыз келеді», - дейді Алатау ауданы ХҚО қызметкері Құралай Өмірова.
Мамандардың айтуынша, колл-орталыққа қоңырау шалған тұрғындар туу туралы куәлік алу, бала тууына байланысты жәрдемақылар, МАБ жазу, автокөлікке қатысты құжаттарды үйге жеткізу қызметі, онлайн ЭЦҚ алу, жеке куәлік алу, уақытша және тұрақты тіркеу, емханаға бекіту туралы, автокөлік құралдарын есептен шығару және қою, автокөлікке тыйым салуды тексеру, жүргізуші куәлігін қалай алу және ауыстыру, қайтыс болу туралы куәлікті алу, жерлеуге арналған құжаттар, техникалық паспорт, жер учаскесінің мемлекеттік актісі, ЖК ашу сұрақтарды жиі қойылады, ал қазір 42500 теңге жәрдемақыны алу жолдары жөнінде сауалдар көп қойылады.