Енді бірер күннен кейін барша мұсылман қауым үшін қасиетті ораза айы басталмақ. Qazir тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрдаулет Әлмұхановпен оқырман көңіліндегі сауалдарға жауап алу мақсатында сұхбат алған болатын.
Qazir : Қалалық дін басқармасы елдегі бүгінгі жағдайға байланысты халықты сабырлылыққа шақырып, рухани дамуына негіздейтін қандай бастамаларды жүзеге асырып отыр?
- Карантин басталғалы бері дәстүрлі емес діни ағым идеологиясының таралуына жол бермеу мақсатында Дін мәселелерін зерттеу орталығы ресми инстаграм, фейсбук, вконтакте парақшасында тікелей эфир арқылы қала басшылығымен бекітілген ақпараттық-түсіндіру тобының білікті мамандарының қатысуымен түсіндіру жұмыстарын өткізуде. Барлық дәрістерде коронавирустық инфекциясының таралу жағдайындағы сақтық шаралары және карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы ақпараттар айтылады.
«Нұр Отан» партиясының қолдауымен, «Bizbirgemiz» акциясы аясында Дін мәселелерін зерттеу орталығында әлеуметтік көмек алып жатқан әйелдер азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Бұл әйелдердің ішінде «Жусан» операциясымен елге қайтарылған әйелдер де бар. Сонымен қатар, «Зекет» қайырымдылық қорының қолдауымен мұқтаж отбасыларға 500 азық-түлік себеті таратылды.
Орталық дін саласындағы ахуалға талдау, зерттеу жұмыстарымен қатар, тиісті көмек берумен де айналысады. Жақында «Жусан» операциясымен елге оралған және орталықтан көмек алып жатқан әйелдерді қоғамға бейімдеу және жұмыспен қамту мақсатында тігін цехы іске қосылды. Бүгінгі таңда 10 адам өз жұмыстарын бастап, төтенше жағдайға байланысты 100-ге жуық бетперде (маска) әзірледі. Бұл бетперделер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына тегін таратылды.
Qazir: Нұр–Сұлтан қаласында қанша діни бірлестіктер бар?
- Қазіргі таңда елордада 54 діни бірлестік, 30 діни ғимарат жұмыс жасайды. Барлық діни бірлестіктердің жетекшілерімен тұрақты байланыс орнатылған.
Qazir: Олармен біріге отырып, бүгінгі індетпен қарсы күресте қандай жұмыстарды атқарудасыздар?
- Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында діни бірлестіктердің жетекшілерімен бірлесе келушілердің қатысуымен өтетін құлшылықтарды тоқтату мәселесі қарастырылды. Жалпы діни бірлестіктердің басшылары түсіністікпен қарап, қабылданып жатқан шешімдер мен шараларды қолдады. Қазіргі таңда барлық діни бірлестіктердегі құлшылық ету жоралары онлайн режимде өтеді. Діни бірлестіктердің жетекшілерінің қатысуымен COVID-19 коронавирустық инфекциясы туралы (белгілері, сипаты, сақтық шаралары және т.б.) кездесу өтті. Діни ғимараттарда (мешіттер, храмдар, синагога және т.б.) діни бірлестіктердің өкілдерінің қатысуымен санитарлық-ағартушылық жұмыстар өткізілді. Діни бірлестіктерге коронавирустық инфекциялардан қорғану ақпараттары көрсетілген буклеттер, кітапшалар таратылды.
Барлық діни ғимараттарда антисептикалық құралдарды орнату және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау бойынша шаралар күшейтілген. Бұл шаралар діни бірлестіктердің ғимараттарында қызмет көрсетіп жатқан діни қызметкерлер мен күзет қызметі, техникалық қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.
Qazir: Рамазан айы басталуына санаулы күндер қалды. Бұл қасиетті айда жамағат ораза тұтып, бес парыздың бірін орындауды ұстанады. Еліміздегі төтенше жағдай енгізілуіне байланысты биыл көпшілік нені қаперінде ұстағаны дұрыс?
- 2020 жылғы 14 сәуір күні Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму істері министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Е. Нүкежанов, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және Қазақстан Орыс Православ шіркеуінің басшысы Митрополит Александрдың қатысуымен брифинг өтіп, төтенше жағдай кезінде діни мерекелерді атап өту ережелері түсіндірілді. Рамазан айы кезінде барлық мешіттерде жамағаттың қатысуымен өтетін намаздар, сонымен қатар кешкі «Тарауық намаздары» да уақытша тоқтатылады. Сонымен қатар мешіттерде және қоғамдық орындардағы дәстүрлі ауызашарлар өткізілмейді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құдайға құлшылық ету шараларын үйде өткізуді ұсынды.
Нұр-Сұлтан қаласындағы төтенше жағдайға байланысты барлық діни ғимараттардағы келушілермен өтетін құлшылық ету шаралары уақытша тоқталғандығын естеріңізге саламыз. Әрине мұндай шектеу шаралары көптеген адамдардың көңілінен шыға бермейді. Алайда мұның барлығы халықтың қауіпсіздігі, денсаулығы үшін жасалынған қадамдар, сондықтан елорда тұрғындары мен қала қонақтарын төтенше жағдай және карантиндік режим кезіндегі ережелерді сақтауларын өтінеміз.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер халық арасында жоғары сұранысқа ие. Осыған орай, «Телеграм» желісінде «Сіздің діни сұрақтар бойынша жеке кеңесшіңіз» каналы ашылды. Аталған канал арқылы білікті дінтанушы, теолог мамандардан дін саласындағы кез-келген сұраққа жедел жауап алуға болады.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы .