«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова 27 сәуір күні «Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында онлайн концерт береді, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әншінің айтуынша,ауқымды бағдарламаға жиырмадан астам туынды енген, олардың барлығы жанға жақын әрі сүйікті әндер. Салтанат Ахметованың жеке концертінің дайындығына екі аптадай уақыт кеткен.
Кеште қазақтың халық әндері «Ақбаян», «Дударай», «Дедім ай ау» ашса, романс сүйер қауым үшін Н.Зубовтың «Не уходи, побудь со мною», «Жестокий романс» кинофильмінен А.Петровтың «А напоследок я скажу», «Любовь прекрасная страна», Б.Фоминнің «Только раз» және т.б. баршаның сүйікті әндері шырқалады. Атақты вокалиске ҚР Мемлекеттік Күзет Қызметі президенттік оркестрінің солистері, аспапшы-достары – республикалық байқаулардың лауреаты Жәнібек Сапаров (гитара) пен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Сыйлығының лауреаты, өнер магистрі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Жібек Сапарғалиева (флейта) қолдау көрсетпек.
Олардың орындауында қазақтың халық әндері «Бір бала», «Япурай», сонымен қатар М.Петренконың «Вальс», «Берегись автомобиля» кинофильмінен А.Петровтың әуені, А.Пьяццолланың «Либертанго» шығармалары және т.б. шырқалады.
- Карантин біздің қалыпты өмір салтымызға өзгерістер енгізді, алдын ала құрған жоспарларымызды қайта қарастыруға мәжбүр етті. Әрине, басқа әртістер сияқты мен де сахнаны қатты сағындым. Алайда қазіргі уақытта да шығармашылықпен айналысудан қол үзген жоқпыз. Салтанатпен, Жәнібекпен бірге жаңа жоба әзірледік, тыңдарман қауымның қызығушылығын тудырып, карантиндегі дағдылы кештеріне аз да болса өң береді деп үміттенемін, - дейді Жібек Сапарғалиева.
Салтанат Ахметованың Италиядағы Вокалдық өнер академиясында (Accademia d’Arte Lirica, Озимо қ., 2009) машықтанудан өткенін атап өткен жөн. Әнші Винченцо Де Виво, Серджио Сегалини, Альберто Дзедда, Джанни Тангуччи, Кристина Мути, Райна Кабайванска, Лелла Куберли, Уильям Маттеуци, Сильвия Саш, Антонио Юварра,Стефано Демикели, Харриэт Лоусон, Карло Морганти сынды атақты маэстролардың шеберлік сабақтарынан тәлім алған.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.