362 әулиелі Маңғыстаудағы киелі нысандардың бірімен «Көне дүние күмбірі» айдарынан таныса аласыздар.
Шопан ата жерасты мешіті Қызылсу жеріндегі (Түйесу құмының солтүстік шеті) киелі нысан, Қызылсай кентінен солтүстік-шығыс бағытта 42 шақырым жерде орналасқан. Қазақстандағы ең үлкен және ең көне жерлеу-діни кешендерінің және 362 әулиелі Маңғыстаудағы көне сәулеттік ансамбль, ғибадатхананың бірі болып табылады.
Тарихи және сәулет өнерінің ескерткіші ХII–ХIII ғғ. өмір сүрген, сопылық ағымды таратушылардың бірі Шопан ата есімімен тығыз байланысты. Мешіт бір-біріне қосылған 12 шағын бөлмелерден тұрады. Есіктің сыртқа шығар аузы алдында беті шымылдықпен перделенген қабірхана бар.
Аңыз бойынша, оған Шопан атаның қызы жерленген. Мешіттің төменгі жағында құдық бар. Аңыз бойынша, Шопан ата аты аңызға айналған Ахмет Ясауи сопының шәкірті болды, Ханафия бағытын ұстанған. Бір күні ұстаз өзінің барлық шәкірттерін жинап, оларға дүние жүзіне ислам дінін, сопылық идеяны уағыздауға тапсырма береді. Шәкірттердің атқан жебелері межелі жерді анықтап және сол жебе түскен жерге міндетті түрде барып уағыз жасау керек болған. Шопан атаның жебесі Маңғыстауға ұшып барып, бай малшы Баянның иелігіне түсті. Шопан ата байға жұмысқа орналасады, бірақ Баян оның келуінің шын мақсатын көп ұзамай түсінеді. Сонымен малшы Шопан атаға өз қызын тұрмысқа береді. Көптеген жылдар өтіп, Шопан ата тау етегінде жебесі түскен жеріне жер астындағы мешітті салады. «Шопан» сөзі халық ұғымында «қойшы», «қой бағушы» дегенді береді, бұл ұғым ырыс-несібемен де байланыстырылады.
Жасөспірім Бекет Алла тағаланың хақ жолын ел-жұртқа уағыздау үшін Шопан атаның басына барып зиярат жасап, төрт күн түнеген. Ал төртінші түні Шопан ата Бекеттің түсіне кіріп аян берген, жол нұсқаған екен. Халық жады иен даладағы ақ бұлақтардың көзін әулиелік құбылыспен тығыз байланыстырады. Шопан ата халық арасында тәңіршілдік пен мұсылмандық дінді байланыстырған рухани нәр беруші адам ретінде және шаруашылықтың символы ретінде танымал. Сол себепті бұл мешіт тек діни зиярат ету орны ғана емес, ол өз ісін бастаушыларға қолдау беретін, сенім тудыратын орын.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .
Фото: ашық ақпарат көзінен.