«Көне дүние күмбірі» айдарында Түркістан облысында орналасқан, халық арасында әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы талай аңыздарға арқау болған Ибраһим ата кесенесі жайлы таныстырамыз.
Қазақстан мәдениеті мен тарихының архитектуралық ескерткіші болып саналатын Ибраһим ата кесенесі сәулет өнерінің ерекше туындысы. Түркістан облысындағы Сайрам ауданының солтүстік-батыс шетіндегі биік төбеде, Ақсу ауылына баратын жолдың бойында орналасқан.
Кесене иесі – Оңтүстік Қазақстан жерінде сопылық ілімді таратқан, әулиелік, бақсылық қасиеттері, табиғаттан берілген тылсым күштері үшін халық табынған тұлға. Орта ғасырларда ислам дінін насихаттау орталықтарының біріне айналған көне Сайрамда көптеген діни ғұламалар, ұстаздар пайда болған еді. Солардың бірі – атақты Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим ата мыңдаған мүриттерге ұстаздық қылған. Діни көсем, әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, әрі табысты жер өңдеуші еді. Халық арасында оның әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы түрлі аңыздар тараған.
Ибраһим ата мұқтаж адамдарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрді және мыңдаған ізбасарларға ислам дінін уағыздады. Күмбез Ибраһим атаның қабірі үстіне салынған. Күмбез мазарлардың көнеден сақталып қалған ескерткіштерінің бірі болып табылады. Алғашында кесене XVI-XVII ғасырларда салынған, бірақ ол құлап қалғаннан кейін XIX ғасырда қайта тұрғызылды. 50-жылдары қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлап, қайта қалпына келтірілген.
Күмбез құлап қайта қалпына келтірілген кезде кесене төбесі ақ жапырақты қаңылтырмен қапталып, ортасына сүйір ұшты мұнара орнатылды. Кесененің солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс бөліктерінде терең емес сүйір ұшты текшелері бар порталдар бар. Тектік қасиеттің күштілігін қоғам үшін саналы ғұмырын арнаған әкелі-балалы қос әулие тұлғалары арқылы тануға болады. Ибраһим атаның бойында әулиелік, көріпкелдік, емшілік қасиеттері болған. Кесене киелі жер ретінде халықтың түпкі мәдениетінің ерекшелігін, уақыт пен кеңістіктегі дәстүрлі қазақ мәдениетінің көрінісін баяндайды.
Халық арасында рухани азық беретін, арман-тілектерді қабыл ететін, адасқанға жол көрсететін, қаңғырғанға пана болатын, ауруды емдейтін, тынысты кеңейтетін қасиетті, киелі, әулиелі жер болып саналады.
Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим өз кезеңінің сауатты, көзі ашық білімді, діндар адамы болса, анасы Қарашаш (енді бірде Айша деп те айтылады) елге қадірлі, ақылды әрі аяулы адам болған екен. Ясауи Сайрам елді мекенінде туып, сондағы ауылдық молдадан дәріс алған. Жастық шағы да сонда өткен. Ибраһим атаның арғы бабалары Мұхаммед пайғамбардың інісі әрі күйеу баласы Әзіреті Әлидің Мұхаммед Ханафия атты ұлынан тарайтыны айтылады. Бұл аталған шежіре 90-жылдардың бас кезінде Сайрам қаласындағы ескі, бұзылған үйдің қабырға жапсарынан табылған. Оны сайрамдық Саидикрам Саидакбаров деген кісі тапқан. Кейін бұл алты метрлік Қытай қағазына жазылған қолжазба Шымкент қаласында жеке кітапша болып басылды. Мұнда Қожа Ахмет Ясауидің жастық шағы мен алғашқы оқыған ұстазы жөнінде бұрын ешбір деректе ұшыраспаған тың мәліметтер келтірілген. Қазіргі таңда Ибраһим атаның кесенесіне зиярат ету үшін ат басын бұратындар аз емес.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.