Қыркүйек айында «Астана Опера» театрының Камералық залында балалар аудиториясына арнап қаншама қызықты жобалар әзірленсе, ересек тыңдармандар назарына Дж.Россинидің жалын атқан бір бөлімді «Жібек саты» әзіл-сықақ операсы ұсынылмақ, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
15 қыркүйек күні сағат 12.00-де «Театрға саяхат» топтамасынан «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» атты балаларға арналған концерт өтеді, іс-шара мақсаты – балалардың бойында эстетикалық талғам мен классикалық музыкаға деген махаббатты тәрбиелеу. Жарқын фантазия балаларға дыбыстар арқылы берілген бейнелерді көз алдарына жеңіл елестетуге мүмкіндік береді. Жоба авторы, музыкатанушы, концерт жүргізушісі Маржан Жәкенова кішкентай театрқұмар жандарға аспаптардың мүмкіндіктері туралы көптеген қызықты мағлұмат бере отырып, сазгерлердің қандай музыкалық бояулармен өздерінің «картиналарын» салатындығы жөнінде сыр шертеді. Концерт экран арқылы құммен салынатын суреттермен сүйемелденетін болады.
19 және 20 қыркүйек сағат 19.00-де «PICCOLO» Камералық театры шығармашылық жобасының аясында Джоаккино Россинидің бір бөлімді «Жібек саты» опера-фарсы ұсынылады.
22 қыркүйек күні сағат 12.00-де Тілеуғазы Бейсембектік «Самұрық келген таң» атты музыкалық ертегісі орындалатын болады. Туындыда Самұрық деген ғажайып құсты іздеуге шыққан Айдар мен Айжанның қызықты оқиғалары баяндалады. Ержүрек қаһармандар мен олардың сенімді серіктерін таңғажайып «Мәңгілік ел» күтеді.
29 қыркүйекте сағат 12.00-де «Балалар театрға шақырады» концерті өтеді. «Астана Опера» балалар театрлық студиясының әртістері хор және балет студиясының жеке әрі ұжымдық нөмірлерін орындайды. Хормейстерлер – Алтынғаным Ахметова, Әйгерім Макибаева. Концертмейстерлер – Ирина Кургузкина, Эльмира Сұлтанғазина. Хореограф – Әмина Әлиева.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.