«Шаһарларға саяхат» айдарында Тобыл өзенінің жағасында орналасқан, Қостанай облысындағы Лисаковск қаласы жайлы мәліметтермен таныс боласыздар.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Шаһар Тобыл өзенінен Тобыл станциясының ірі темір жол торабының оңтүстігінде облыс орталығы –Қостанайдан 110 км қашықтықта орналасқан. Қаладан төрт км жерде Орталық және Оңтүстік Қазақстан, Ресеймен көлік байланыстарын жүзеге асыратын «Қостанай-Жетіқара» автомобиль жолы бар. Қалада соңғы деректер бойынша 40 мыңнан аса халық тұрады.
2.Өткен мен бүгін арасы. Әрбір шаһардың өзіне тән тарихы бар. Көз қуантатын Тобыл жағасындағы көрікті қала Лисаковск тұрған жердегі ежелгі адамдар қонысы біздің дәуірімізге дейінгі 2000-ші жылға жатады. Оған мұндағы орналасқан ежелгі заман ескерткіштері - қоныстар мен қорымдар дәлел бола алады әрі олар археологтар үшін таптырмас та, таусылмас қазына екені даусыз.
3. Қаланың даму ерекшеліктері. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс бұл шағын шаһарды да айналып өткен жоқ. Бір ғана ірі кәсіпорын арқылы дамып келе жатқан қаланың темір рудасына сұраныс күрт азайған кезінде талай қиыншылықтардан өтуіне тура келді.Қала тұрғындарының көңіліне еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 1996 жылы «Лисаковск арнайы экономикалық аймағы туралы» Жарлығы болашаққа деген сенім мен үміт отын жаққаны рас. Қазір бұл шаҺар республика бойынша шағын қалалар тізіміне енген.
4.Шаһардағы кәсіпорындар. Қалада 278 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 68-і мемлекет меншігінде, 207-сі жеке кәсіпкерлер қолында және сұранысқа ие өнімнің 500-ден астам түрін өндіреді. Қалада "Арай-Холдинг" ЖАҚ, "Алюминий Казахстана" ААҚ филиалы, Краснооктябрь боксит рудасы басқармасы, "Өркен"ЖШС көш басында десек болады.
5. Қаладағы әлеуметтік-мәдени мекемелер. 8 мектеп, 8 мектепке дейінгі мекемелер (7-мемлекеттік, 1-жеке), және 14 бала тәрбиеленетін 1 шағын-орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар балалардың музыка мектебі, балалардың көркем өнер мектебі, балалар және жасөспірімдердің шығармашылық орталығы, аула клубтары бар. Жоғары білім саласында күндізгі және сырттай 300 студенттен артық білім алатын Рудный индустриалдық институтының дистанциондық бөлімінің Лисаков филиалы жұмыс істейді. Сондай-ақ 4 кітапхана, 2 мәдениет үйі, 1 мұражай бар.
6. Тобыл тарихын түгендейтін мұражай. Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті мұражайы 1991 жылы құрылған. Лисаков мұражайы жинақтамаларының негізін қала құрушы кәсіпорыны – Лисаков тау - кен байыту комбинатының тарихи – өндірістік мұражайынан тапсырылған қорлары құрайды. Материалдарды Лисаков қаласындағы мұражайлық ісінің негізін қалаушы С.М.Ляпустина жинаған. Жинақтаманың бірегейлігі б.з.д. XVIII-XIII андронов тарихи – мәдени қауымдастығы мәдениеті заттық дүниесінің көлемді ұсынылуында. Қалаға келушілердің көпшілігі мұражайға барып, әсем шаһардың өткені мен бүгіні жайлы деректерге қанығады.
7.Қаланың мақтаныштары.Табиғаты көркем шаһарда би өнерінің шеберлері Ольга Кармановская, Марина және Евгений Ошаниндер, Наталья Ляхова, Ирина Странская, Лариса Богачева, Евгения Кульпина, Даниил Макаровтор Қазақстан, Ресей, Еуропа және АҚШ чемпионаттарының финалдарына шығып шағын шаһардың атағын алысқа жеткізсе, республикалық және халықаралық дәрежеде атақтары шыққан спортшылар Қазақстан чемпиондары Андрей Борзов, Евгений Калиниченко, Денис Коппас, Мұрат Құсайынов, Михаил Шро, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Игорь Дмитриев,Леся Карасева, Сергей Папертный, 14-ші Азия ойындарының чемпионы, Валерий Борисов есімдерін мақтанышпен атайды.
Шаһар жайлы деректерді ашық көздерден жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.