Бала күнімізде әжелеріміздің қолынан бір түспейтін инелеріне үнемі жіп сабақтап беруші едік. Осындайда көзінің өткірлігіне риза болған олар, жанындағы жаман немерелерінен бір-бір «айналып-толғанып» алып, алдындағы істерін одан ары жалғастырып жатушы еді. Біздің ауылдың кез-келген әжесі бар үйі үшін, ал ол кезде әжелер көп болатын, мұның барлығы да үйреншікті жайт саналатын. Өйткені, сабақты инелерін сәтімен шанши білген сол кездегі әжелеріміз матаның түрлі-түсті қалдықтарын лақтырып тастамай, олардан құрақ құрап, көрпе-жастық тігетін. Қала берді, үйдің жиһазы орындықтар мен үстелдерді әдемілеп тыстап, бір кісілік түрленген төсеніштер де тігетін. Ол уақыттарда кез-келген үйде бүгінгідей бағасы бас айналдыратын, шетелдік қымбат жиһаздар болмаушы еді ғой. Соның өзінде, ісмер әжелеріміздің қолынан құрақ боп шыққан осы дүниелердің барлығы да үй ішінің сәнін келтіріп, салтанатын ерекше асырып тұрар еді. Демек, құрақ құраудың қазақ халқы үшін өгей өнер болмағаны ғой. Десек те, бүгінгі күні қол икемділігінің арқасында ғана көз қуантып, көңілге қуаныш сыйлайтын қасиетті құрақ өнерін жоғалтып алғанымыз өкінішті-ақ. Өнердің осы түрінің әжелерімізбен ілесіп, енді қайтып келместей боп кеткені өзекті өртейтіндей. Қазақты танытудың «фирмалық» бір өрнегіндей болып қалыптасқан мәдениетіміздің осы түрін жоғалтып алғандаймыз. Өйткені, ілеуде біреу болмаса, қазіргі күні құрақ құрайтын әжелерді кездестіру өте қиын. Оны айтасыз, бүгінгі заманның әжелері шұқшиып ине шұқып, құрақ құрағаннан гөрі, көз майларын ұялы телефонға телміріп тауысқанды әлдеқайда жөн көретіндері анық. Мұны айтуыма, басқа ел қыз-келіншектерінің құрақ құрау өнерін ілгерілетіп жібергені себеп болып отыр. Бұған Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Шығыс базары 2019» халықаралық VII фестивалі шеңберіндегі құрақ құраудың республикалық байқауында болғанымызда көз жеткіздік. Елордадағы ЭКСПО кешенде орналасқан Mega Silk Way ғимаратында өткізілген шараға Орталық Азия елдері бойынша тоқыма өнері саласындағы ірі тақырыптық фестивальға қазақстандық және шетелдік қол өнер шеберлерінің 100-ден астам бірегей жұмыстары қойылды. Осы фестивальді ұйымдастырушы, Қазақстан құрақ құрау шеберлері Қауымдастығының президенті және «Patchwork Gilde Deutschland e.V.» неміс құрақ құрау шеберлері Қауымдастығының мүшесі Тамара Штрошерер ханымның айтуынша фестивальді Қазақстанда өткізудің астарында үлкен мән жатыр. «Шығыс базары. Жібек жолы: мәдени мұра» фестивалі ең алдымен Қазақстанда құрақ құраудың ұлттық қолөнер түрін дамытуға және қолдауға бағытталып отыр. Мұның барлығы шетелдік мамандардың халықаралық деңгейдегі жұмыстарымен көпшілікті таныстыру, олардың осы өнерге деген қызығушылығы мен құмарлығын ояту, отандық шеберлерді тамаша туындылар жасауға шабыттандыру, жас ұрпақты шығармашылықтың осы түріне тартуға ықпал ету екен. Несі бар, бұл өте құптарлық мәселе. Өйткені, құрақ құрау өнері біздің елімізде тым кенжелеп қалса, Ресей мен батыс елдерінде тоқыма өнері қатты дамыған. Сондықтан да еуропалық деңгейді осындай шаралар өткізу арқылы ғана елімізге әкелуге болады. Осы жолы Германиядан келген немістің танымал квилт-шебері Эли Трмаэ ханымның көрмесі ұйымдастырылды. Соның аясында 6 мен 16 жас аралығындағы құрақ өнеріне енді ғана құлаш сермей бастаған жас шеберлердің байқауы ұйымдастырылып, оған еліміздің әр облыстарынан жеткізілген жұмыстар қойылды.
Фестиваль аясында өткізілген шаралар барысында оған қатысушылар мен келушілерге арнап, «Тігін әлемі» аталатын оқу орталығының және қазақстандық қолөнер шеберлерінің ақысыз шебер-кластар сериясы ұйымдастырылды. Онда пэчворг пен квилтингтің түрлі техникаларын үйренуден дәрістер берілді. Сонымен қатар, фестивальға қатысқан кәсіби мамандар тарапынан кеңестер беріліп, құрақ құраудың бүгінгі заманғы құпияларынан көріністер көрсетілді және замануи тігін техникаларын іс жүзінде пайдаланып көру мүмкіндігі берілді.
«Шығыс базары 2019» халықаралық VII фестивалінің құрметті қонағы болған халықаралық деңгейдегі атағы дардай танымал квилтерлер, швециялық Валентина Букеева мен германиялық Ютта Бемлер-Хан ханымдар қазақстандық қыз-келіншектердің құрақ өнеріне деген қызығушылығын өте жоғары бағалады. Еліміз құрақшыларының алдағы аздаған жылдар ішінде алдыңғы қатардан көріне алатынына сенімді екендіктерін жеткізді. Өйткені, он саусағынан өнері таматын, құрақ тоқымасына икемі жақсы жасөспірім қара көз қыздардың байқалып жатқаны жасырын емес. Тек, осы өнердің қыры мен сырына жетік үйрете алар орта қалыптастыра алсақ болар еді.
Берден Қабылов.