Кез келген жағдайда адамдық кейпіңді жоғалпау жаратылыстың желкенін құлатпаумен тең. Қара бастың қамын қамтамасыз ететін ғана емес, өзгенің қажетін ашатын амалдардың да арамызда жасалып жүргені қуантады. Қайырымдылықты жан-жақты насихаттап, дүниежүзілік қауымдастықты қайырлы іс қылуға құштар етіп келе жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының, оның сабақтас ассоциацияларының қызметі ұтымды. Түрлі мерекелер ұйымдастыру, ерекше шаралар өткізу арқылы атқарылып жатқан іс осының дәлелі. Мысалы, қауымдастық жыл сайын «5» қыркүйекте Халықаралық қайырымдылық күнін атап өтеді.
Бастапқыда бұл мерекенің құрылтайшысы болған Венгер елінің үкіметі еді. Дүниежүзілік қоғамдық маңызы бар оқиғалар күнтізбесіне енгізілуі БҰҰ Бас Ассамблеясының 2012 жылдың желтоқсан айында өткен 67 – сессиясында талқыға салынып, үш ай өткен соң № A/RES/67/105 резолюциясымен бекітілді. Мерекенің өзі 1979 жылы Нобель сыйлығын иеленген, жер-жаһанға танымал Тереза ананың өмірден озуының жылдығына орайластырылды.
Халықаралық қайырымдылық күнінің басты мақсаты Жер бетін мекен еткен жанның барлығының назарын аса мұқтаждарға, кем-кетіктер мен тығырыққа тап болғандарға, жетім-жесірлерге, мүгедектер мен қапыда қалғандарға қол созып, шын жүректен, ақысыз, адал жәрдем жасауға аударту.
Халықаралық қайырымдылық күнінің көздегені кедейшілікпен күрес, тым болмаса кедейшіліктің кең етек алған масштабын кеміту. Мұндай акция міндеттерінің қатарына қомақты қайырымдылық қаражаттарын бөлетін және ірі көмек көрсететін ұйымдардың қызметі мен еріктілердің еңбектерін бағалау, қатарларын толықтыру да жатады. Мұндай мерекенің акция қатысушыларының басын біріктіріп, бақытсыздықты бастан кешкендер мен қайғы-қасірет шеккендерге қарайласуда қайырлы іс қылу үшін бір арнаға тоғыстырады.
Соңғы кезде әлеуметтік теңсіздік деңгейінің дүниежүзі бойынша тоқтаусыз өсіп келе жатқанын ескеретін болсақ, қайырлы іске деген мұқтаждықтың да күн санап артатындығын айтпай-ақ ұғынамыз. Осыған байланысты БҰҰ өкілдері осы бағытта атқарылатын межелі істер бойынша 2030 жылға дейінгі тұрақты даму жоспарын жасап, 2015 жылдың қыркүйегіндегі жиындарының күн тәртібінде қарастырылған басты мәселе болды. Бұл құжатта негізгі 17 мақсат белгіленген, ең өзектісі – барлық елдер мен мемлекеттердің азаматтарын адал ниетпен, ақысыз қайырлы іс қылуға жұмылдыру. Ал басшылыққа алынатын негізгі элементтер: планета, адамзат, адалдық, бедел, әл-ауқат пен береке, серіктестік.
Қайырлы іс халықтың аз қамтылған және әлеуметтік осал топтары мен мүгедектерге ғана емес, қаңғып қалған жан-жануарларға да жасалады. Меценаттар мен еріктілердің көмегі тарих пен мәдениет ескерткіштерін сақтап қалуға, қалпына келтіруге де қажет. Қайырлы іс арқасында ашылған емдеу, білім беру мекемелері да аз емес. Қайырлы іс қылуды қажет ететін сала сан алуан, жасалуы тиіс жұмыстар да жетерлік.
Қайырымдылыққа қатысатындар арасында қарапайым жан да, шығын және орта, ірі бизнес өкілдері де, корпорациялар да көп. Қайырымдылық жобалары барлығына пайдалы дейді, кейбір ғылыми зерттеулер мен сауалнамалардың нәтижелері: қайырлы іс қылушыға да, жәрдемді алушыға да пайдалы. Осындай дәлелдердің бірі – корпоративтік қайырлы іс қылушылар үш есе ұтады. Белгілі ұйымдардың, мекемелердің қызметкерлерінің мейірімділік науқандары мен қайырымдылық акцияларына ат салысуы олардың өзгелерге жәрдемдесу арқылы азаматтық борыштарын өтейді, мысалы, жетімдерге, қарттарға мен мүгедектерге көмек жасай отырып әр адамның өзінің борышын өтеуіне корпоративтік қайырымдылық мүмкіндік тудырады. Екіншіден, мұндай акцияларға қатысушылар жаңа тәжірибелер мен дағдыларды меңгереді. Ал үшіншіден, қызметкердің әлеуметтік жұмысы әріптестері арасындағы беделін арттырады. Ал компаниялар үшін басты пайдасы – фирманың командасының ауызбіршілігін арттырып, жұмыстарының нәтижесін жақсартады. Әлеуметтік қызмет компанияларға басымдық береді. Қайырымдылық бизнестің имиджін жақсартып, бәсекеге қабілеттілігін арттырады екен. Оның үстіне ірі әлеуметтік шараларға жәрдем жасайтын ұйымдар билік тарапынан қолдау көреді. Кәсіпкерлер әлеуметтік мекемелерге көмектесіп, инфрақұрылымдарға инвестиция жасаса, шенеуніктер тарапынан пайдалы тапсырыстар, жеңілдіктер мен мадақтар иеленеді.
Ал психологтар жасаған жақсылық пен қайырлы істің қуаныш сыйлайтынын дәлелдеген. Өзін қоғамға пайда қылу арқылы бақытты сезінетін филантроптар өзін бақытты сезіну үшін қайырлы істі үсті-үстіне жасай береді екен. Егер бұл корпоративті ерікті болса, қайырымдылық шараларынан шеттемей, белсенді араласу ұжымдағы беделін арттыруға көмектеседі. Ынтасы артып, мотивациясы үдей түседі. Нәтижесінде адам өмірдің сан саласында өзін бақытты сезінеді. Ал осы қайырымды істі қылатындардың басым көпшілігі оқыған, білімді адамдар екен. БҰҰ айтуынша қазақстандықтардың жартысынан астамы 2015 жылы қайырымдылыққа қатысыпты. Сол жартысының көпшілігі бірнеше рет қайырымдылық жарналарын жасапты. Қайырымдылықтың негізгі адресаттары – ауыр науқасты жандар, жетімдер мен мүгедектер, табиғи апаттан зардап шегушілер. Ал қайырымдылық ретінде берілген қаражаттардың басым бөлігі «қолдан қолға» табысталады екен.
Қай амалмен қайырлы іс қылсақ та игілікке, жақсылыққа бағытталғаны жөн. Жақсылықты жар салмай-ақ жасау керек дейді, десек те, көпшілікке үлгі болу, үндеу жасау ретінде кейінгі кезде көптеп айтылуда. Біздің де мақсатымыз бұл іске барынша ат салысып, көпшілікті жұмылдыру. Жақсылық жаршысы болып, қайырлы іс қылудан шаршамайық!
Материалды әзірлеген Жәннат Манасбайқызы.