Әр аптаның дүйсенбісінде «Көне дүние күмбірі» айдары арқылы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамызда әр өңірден киелі орындар қатарына енген нысандарды таныстырып келеміз. Ақмола облысы бойынша осы тізімге 33 кешен кірген болса, біз оның бірнешеуі жайлы мәлімет бермекпіз.
1. Бөгенбай батырдың атымен байланысты кешен (жерленген жері, стелласы және тарихи музейі) Ерейментау ауданындағы барлық нысандар кешені әйгілі Бөгенбай батырдың атымен байланысты. Олар облыстың рухани киелі жерлері болып саналады. Бөгенбай батыр кешеніне батырдың жерленген жері, стелла және Бөгенбай батыр атындағы тарихи музей кіреді.
Сілеті өзенінің терістігінде ағып жатқан Киікбай өзекшесінен өткен соң Бөгенбай батыр жаппа күркенің ішінде 98 жасында дүние салған екен. Ол кезде хан Абылай Омбы жағына жол жүріп кетсе керек. Мәйітті хан келгенше қарағай бөренелерден биік сөре жасап, былғарыға орап, сонда сақтайды. Сол жер кейін Бөгенбай сөресі деп аталып кеткен. Ескерткішке «Бұл жерде 1775 жылы қазақтың қамал қорғаны болған батыр Бөгенбай қайтыс болған» деген жазуы бар гранит тастан тақтайша орнатылған. 1991 жылы маусым айында Ерейментау қаласына кіреберістегі төбешікке Бөгенбай батыр стелласы орнатылды. Стелла мырышпен қапталған металл құрылымнан тұрады. Жоғарыға қарай өрлеген найзалары және оған асылған қалқандары бар үш бөлімді орталық композиция Үш жүздің бір күмбез астында жиналғанын бейнелейді. Үш найзаны біріктіретін қалқанында «Қорған болған еліме, айбар болған жеріме, қойылды осы ескерткіш, бұрын Бөгенбайдай еріме. ХХ ғасыр ұрпақтарынан» деп жазылған.
2. Үмбетей жырау жерленген жер. Үмбетей жырау 1706 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Қаратау өңірінде дүниеге келген. Өзінің ағайыны, қазақтың аса көрнекті батыры Қанжығалы Бөгенбайдың жорық жырауы, жауынгер серігі Үмбетей жырау қаһармандық жырларды, аңыздар мен шешендік сөздерді жетік меңгерген даңғыл көкірек ақын әрі шежіреші, халық музыкасын жақсы меңгерген қобызшы, сонымен бірге сәуегей абыз адам болған. Үмбетей Тілеуұлы – дидактикалық поэзияның шебері. Сол заманның қайраткерлері, саяси оқиғалары жайлы мол мәлімет беретін Үмбетей жырларының бірі – «Бөгенбай өліміне». Аманжол Әлжанұлы Үмбетей мұраларын қағазға түсіріп, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырған. Үмбетей жырау Ерейментау ауданы Қоржынкөл станциясынан 15 шақырым жерде Мыңшұңқыр деген қорымда жерленген.
3. Саққұлақ би кесенесі. Саққұлақ би 1800 жылы Ақмола уезі, Ерейменнің Қоржынкөл деген жерінде дүниеге келген. Саққұлақ шешендік өнерімен атақты болған. Ағаштан түйін түйген шеберлігімен қатар, мылтық ататын, мергендік құс салатын құсбегі мен мініскер өнері де болған екен. Саққұлақ – Бөгенбай батырдың шөбересі. Саққұлақ би 12-13 жасында Бапан бидің қасында жүріп, шешендік өнерін ұштаған. Ал 15 жасында ел билеу ісіне араласқан екен. Саққұлақ бидің шешендік туындылары: «Саққұлақтың Шоқанға берген батасы», «Ақыл туралы», «Төрт нәрседен қашық қыл», «Бұл да бір ғалымның бірі еді-ау», «Шыңғысқа өз аузынан айтқан көңілі», «Ғылым туралы», «Байдалы биге айтқаны», «Мұсаның өліміне айтқаны» және басқалары. Ол 1888 жылы қайтыс болды. 2000 жылы кесене қирандысында орталық композицияның сегізқырлы күмбезді саркофагы салынған. Ақмола облысы Ерейментау ауданы Қоржынкөл көлінің жағасында орналасып, ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіштерінің бірі болып табылады. Кесене Ерейментау ауданы Ерейментау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан.
4. Абылай ханның Қызыл ағашы. Бізге жеткен аңыз деректері бойынша, Көкшетаудың маңында Абылай ханның есімімен байланыстырылған екі алаң бар: Үлкен және Кіші алаңдар. Осы орайда, «Абылай ханның Қызыл ағашы» деген жерде Абылай ханның басты алаңы орналасты деуге негіз бар. Аңызға сүйенсек, «Ханның Қызыл ағашы» деп аталатын бұл алаңда Абылай хан құрылтай, әскери жиналыстар, тағы да басқа көлемді іс-шаралар өткізіп отырған. Көкшетау тауының шығыс бөлігіндегі алаң «Абылай хан алаңы» деп аталды. Бұл жердің көркем табиғаты, Көкшетау таулары Абылай ханды дұрыс шешім қабылдауға шабыттандыратын деген аңыз сақталған. «Ханның Қызыл ағашы» деген топониммен бірге «Ханның Қызыл үйі» деген түсінік қалыптасқан, бұл жоғарыда аталған орыннан солтүстік-батыс бағытында орналасқан «Абылай ханның ордасы» деген ұғымды білдіретін.
5. Уәли хан кесенесі. Уәли хан (1781-1821) – Орта жүздің ханы. Жасынан билікке араласып, Жоңғария мен Орталық Азиядағы Абылай ханның жорықтарына қатысқан. 1769 жылы Қытайға қазақ елшілігін басқарып барған. 1781 жылы әкесі Абылай хан қайтыс болғаннан кейін, Абылай ханның еркіне сай, халық жиналысы оның үлкен ұлы Уәлиді Орта жүздің жаңа ханы етіп сайлады. Уәли хан Петербург пен Пекинге өзінің тағайындалуын хабарлап, Ресей және Қытай үкіметтерінен өзін Орта жүздің ханы деп тануларын сұрап хат жібереді. Сол 1781 жылы Ресей мен Қытай Уәлиханның хандық өкілеттігін мойындайды. Қаңтар айының басында Цинь императоры тарапынан Уәли хан дәрежесінде бекітіледі. Осы жылдың 23 ақпанында Орта жүздің ханы болып арнайы патшаның хатымен мақұлданады. Ол қайтыс болғаннан кейін екінші әйелінен туған ұлдары мұрагер болды. Оның ішіндегі мұрагері болып саналатын Ғұбайдолла мен кіші әйелі Айғанымнан туған Шыңғыс Уәлиханов, ол Көкшетау және Құсмұрын округтерінің алғашқы аға сұлтаны болып сайланған. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – Уәли ханның немересі. Кесене Зеренді ауданы Қазақстан ауылында орналасқан.
6. Қаныкей мазары. Қаныкейдің жерленген жері – XVII ғасырдың ескерткіші. Сол бір жорыққа толы замандарда қазақ пен қалмақ арасында соғыс жиі орын алып, жеңіс екі жаққа алма-кезек ауысып отырса керек. Осындай бір жорыққа қазақ ханының Қаныкей атты бойжетіп қалған 15 жасар қызы аттанған екен. Хан қызының қасында құралайды көзге атқан қырық нөкері болыпты. Бұл мерген қыздар соғысқа тікелей араласпай, жебе жетер жерден жаудың қолбасшыларын көзден атып, қалмақтарды көп шығынға ұшыратып отырса керек. Қол бастайтын батырлары бірінен соң бірі ат жалын құшып жатқан соң, қалмақ ханы арнайы жасақ құрып, қырық қыздан тұратын мергендер тобын біржола құртпақты көздейді. Сайдың тасындай іріктелген жүз жігіттен тұратын жау жасағы соғыстың бір қызған кезінде қазақ қолын айналып өтіп, мерген қыздарға тұтқиылдан ұрыс салады. Күтпеген жерден тап берген жауға қыздар оңайшылықпен алдыра қоймайды. Саны көп жау жасағымен қоян-қолтық ұрыс барысында Қаныкей қыздың аты жау найзасынан ауыр жараланып, иесін жаяу қалдырады. Қазақ қызына тән қайсарлықпен жауға ұмтылған Қаныкейдің өліспей беріспейтініне көзі жеткен қалмақтар өжет қызды садақпен атып, мерт қылады...
Қаныкей қыздың зираты жатқан сол мекен Өркендеу деп аталады екен. Батыр қыз жерленген мекен жазық далада менмұндалап сонау бір жаугерлік заманның белгісіндей болып әлі тұр.
7. Әліптомар қажы мазары. Қызылжар жерінде дініне берік, Әліптомар деген дәулетті, тақуа адам болған екен. Мұсылманның бір парызын өтемек болып, жанына ұлын ертіп, Меккеге қажылыққа аттанады. Осы бір игі жолға аттанған Әліптомар тақуа сапардың бесінші күні аяқ астынан сырқаттанып, қазіргі Абай ауылының тұсына келгенде өмірден өтіп кетеді. Ел-жұрт жиналып, тақуаны мұсылман дәстүріне сай арулап көміп, жер қойнына тапсырады. Кейіннен ұлы елде қалған жұртқа хабар беріп, тақуаның балалары әкесінің басына биік етіп мазар тұрғызады.
ХІХ-ХХ ғасыр ескерткіші Қорғалжын ауданы Абай ауылында орналасқан. Әліптомар қажының жерленген жері туралы естелік Ақмола тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Н.В. Шивринаның айтуы бойынша жазып алынған.
«Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабынан