Адам баласы үшін ең аяулы, ең қастерлі, қадірлі сөз – ана. Бала дүниеге келген күнінен бастап өзінің жұмсақ алақаны, жылы жүзі, ыстық құшағы мейірім толы көзқарасы арқылы барлық сүйіспеншілік, мейірімділік махаббатын бере білген аналар үшін жер дүниені мекендеген адамзат қауымы бір күнді мейрам етіп белгілеген. Қазақстанда да Елбасы 2012 жылы Ана күні жариялау жайлы ұсыныс айтып, бекіткен болатын. Бүгінде әлемнің 50-ден астам елінде аталып өтетінін мерекені қыркүйек айының үшінші демалысына белгілеген. Яғни, биыл 16 қыркүйек – Аналар күні.
Мақсат – ұрпақты аналарға деген сүйіспеншілікке баулу, ананың қоғамдағы орнын, ең құдіретті жан екенін ұғындырып, балаларды мейірімділікке, аналардың өлшеусіз еңбегін бағалай білуге үйрету. Анасын сүю арқылы еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Дүниедегі жақсылық атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың мейірімінен тарайтынын ұғындыру.
Қазіргі таңда әйелдер қауымы мемлекеттік және қоғамдық істерге белсене араласып, түрлі салада табысты еңбек етуде. Олар ер азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігімен, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлестерін қосуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген болатын.
Соның бір жарқын дәлелі - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалында жұмыс істейтін 1533 қызметкердің 773-і әйелдер. Олар – бүгінгі аналар мен болашақ аналар. Ешқандайда қызмет, атақ-абырой әйел үшін “Ана” деген сөзден артық емес.
Олар өздері ана болғандықтан, аналар жағдайын жақсы түсінеді. Аналарға арналған қызмет түрлерін барынша жетілдіріп, аналарға оңтайлы болу жағына өз үлесін қосып жүр.
Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» аналар үшін жыл басынан бері проактивті қызмет түрлерін ұсынуда. Ұсынылған қызмет бойынша, жыл басынан бері босанған 22409 ананың 19294-і мобилдік үкіметке тіркелген. Олардың 6786-ы қызметті проактивті түрде алуға ниет білдірген. Нәтижесінде 5345 баланың туу туралы куәлігін, 870 жәрдемақыны және 1883 балабақша кезегіне қоюды проактивті түрде жүзеге асырған.
Сондай-ақ, корпорация арқылы қаладағы 9139 көп балалы анаға жәрдемақы төленіп отыр. Олардың ішінде 4453-і «Алтын алқа», «Күміс алқа» және т.б. белгілердің иегерлері. Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібе жемісі алтын босағасы мен сүйкімді перзенті.
Дүниеде ең кеменгер дананы,
Ана табады аялайды бағады.
Сол үшін де құдіретіне бас иіп,
Құрметтейік қасиетті ананы.
Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына ізгіліктің дәнін сепкен аналар мерекесі құтты болсын!
Жаңыл Әпетова
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік
корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Алматы қаласы бойынша филиалының
PR-менеджері