Бүгінгі «Елорданың дидары» айдарынан тұмауға қарсы екпені кімдер тегін алады, заңсыз сауда жасауға жол бермеу және қала тазалығы үшін өткізіліп жатқан шаралар жайлы мәліметтермен танысасыздар.
Тұмауға қарсы екпеден өткізу 1 қазаннан басталады. Астананың денсаулық сақтау басқармасы тәуекел тобына жататын 100 мыңнан астам адамды тұмауға қарсы екпеден өткізуді жоспарлап отыр. Вакцинаны сатып алуға қажетті қаражатты қала әкімдігі бөлген. Астананың № 9 емханасында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин вакцинаны егу бірінші қазаннан басталатынын айтты. Вакцинадан ақысыз түрде балалар, медицина қызметкерлері, қаланың шұғыл қызметінің жұмысшылары және де әлеуметтік жабық мекемелердегі – балалар үйі мен қарттар үйінің қызметкерлері өтеді. Ал халықтың негізгі бөлігі үшін ақылы медициналық пункттер ашылды. Ресей вакцинасының бағасы 1600-2000 теңге, басқа вакциналардың бағасы мәселен голландық вакцинаның орта бағасы 2800 теңге.
Елордада заңсыз сауда жасауға жол берілмейді. «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасының ерікті және заңды кәсіпкерлерінің сауда объектілеріне QR-код енгізілді. Енді кез келген қала тұрғыны мобильді телефон арқылы немесе планшетпен бизнесменнің жұмысы заңсыз ба, жоқ па біле алады, ал тексеруші органдар заңсыз кәсіпкерді жылдам анықтайды. QR-код – жылдам әрекет ететін, объектіге бекітілген ақпарат жиынтығы туралы код. Әрбір QR-кодта «Astana» ӘКК база мәліметтеріне бекітілген персоналды павильонның парақшасына жасалған сілтемесі кодталған. QR-код арнайы NFC-белгісімен көшіріп басылудан сақталған. Мобильді құрылғы арқылы жалға алушы туралы ақпаратты көруге болады (заңды тұлғаның атауы/ИП), яғни жалға алу келісімшартының номері, жер учаскенің негізгі мақсаты, алаң, жер учаскесінің инвентарлық номері, картадағы жер учаскесінің дұрыс орналасқан жері. Сондай-ақ кәсіпкердің жауапкершілігін, аталмыш учаскедегі іске асырып отырған қызметін, кодтағы ақпараттармен нақты мәліметтерді салыстыруға болады.Аталмыш цифрлық технологияны қолдану астанадағы сауданың ретсіздігін төмендетуге көмектеседі. Бұдан басқа, жаңа технологияны енгізу сауда орындарын бөлудегі процесті барынша ашық ете түседі.
Қаламыз таза болсын десек, сенбіліктерге қатысайық. Осы жылдың 10 қыркүйек 10 қазан аралығында Астана қаласының аумағында күзгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша экологиялық айлық өткізіледі. Осы жылғы 22 қыркүйек күні өтетін жалпықалалық сенбілікке 72 мың адам қатысады деп жоспарланған. 2000-нан астам кәсіпорын мен ұйым, 46 жоғары оқу орны мен орта кәсіптік оқу мекемесі, 177 орта мектеп мен жалпы білім беретін мекеме, 58 денсаулық сақтау мекемесі, 146 мемлекеттік мекеме мен ұйымдар және кәсіпорындар, 520 бірлік мамандандырылған техника. Сенбілікке қатысушыларды қоқысты жинайтын арнайы (күрек, тырнауыш) жабдықтармен, қолғаптармен және қаптармен қамтамасыз етеді. Жалпықалалық сенбілікке қалалық және республикалық мекемелердің қатысуымен 12 534 жаппай ағаш отырғызуды ұйымдастыру жоспарлануда.
Бүгін- дүниежүзілік тазалық күні. Елорда «Дүниежүзілік тазалық күні» акциясына қосылады.Оған әлемнің 150-ден астам елінен 380 млн-ға жуық адам қатысады. Қоқыстардың шектен тыс мөлшерде көбейіп кетуі қазіргі заманның өзекті мәселелеріне айналды. Жыл сайын біздің ғаламшарда 4 млрд тоннаға жуық қалдық пайда болады. Акция 2008 жылы Эстония елінен бастау алған, онда 50 000 ерікті 5 сағаттың ішінде елді 10 000 тонна қоқыстан тазартқан. Бұл акцияның бірегейлігі мынада, жиналған қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеу зауытына жөнелтіледі. Жоба мақсаты- азаматтық бастамамен тазалықты сақтау, жаңа экологиялық мәдениетті құру.
Ақпараттар Астана әкімдігінің ресми сайтынан алынды.