«Бүгінде Аюбилерден тараған 15-ке жуық отбасы Данияның әр жерінде өмір сүруде.Араларында жасы 80-нен асқан Амангүл аналары бар.Екінші буынның бәрі дерлік жоғары білім алған.Данияның ірі-ірі компаниялары мен мемлекеттік мекемелерінде еңбек етуде». Бұл әулеттің өзге елге қоныс аударған кезеңдері мен бүгінге дейінгі өмір өткелдері жайлы «Жырақта жүргендер» айдарында.
Аюбилер әулеті алғаш Қазақстанның Көкше аймағында, одан Өзбекстанның Газли жерінде тұрған.Арғы аталары–Базар Бұхарада білім алып, молда болады. Аласапыран күндер алқымнан алғанда,яғни 1928 жылы жары Қаншайым екеуі екі жасар Қожамұратты бауырына алып, үдере көшкен елге еріп жүре береді. Аяқ тіреген жері - Ауғанстан болады. Сол жылдары Ауғанстанға шамамен 500 отбасы келіпті. Алғашқы кезде оларды Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы каналдың құрылыс жұмысына жеккен көрінеді. Аптап ыстықта қаншама адам көз жұмыпты. Осында қиындығы мол тіршілікпен жүріп, Қожамұрат ер жетіп, Амангүлмен бас қосады.Жас отау шаңырағында 1950 жылдың екінші жартысында Мұхаммед Рафи, одан кейін Ысмайыл, одан кейін Қажи Акбар сияқты балалар дүниеге келеді. Алғашқы екеуі осында отбасылы болады. Мұхаммед комбайн–трактор, одан кейін сауда-саттық, ең соңында Ауғанстан университетінің тарих, жағрафия факультеттерін оқып бітіреді.1980 жылдары Кеңес әскері Ауғанстанға басып кірген кезде Иранға барып бас сауғалаған. Иранда жағдайлары өте нашар болған. Бірақ университет бітірген жоғары білімді Мұхаммед Аюби 1985 жылы халықаралық босқындар қауымдастығы арқылы Данияға қоныс аударуға мүмкіндік алады. Үш жылдан кейін, 1988 жылы отбасының басқа мүшелері де көшіп барады...
Бүгінде Аюбилерден тараған 15-ке жуық отбасы Данияның әр жерінде өмір сүруде.Араларында жасы 80-нен асқан Амангүл аналары бар.Екінші буынның бәрі дерлік жоғары білім алған.Данияның ірі-ірі компаниялары мен мемлекеттік мекемелерінде еңбек етуде. Олардың балаларының алды да бүгінде студент атануда. Мұхаммед Аюбимен Әбділлақызы Мариямның бес баласының бәрі жоғары білім алып, Данияда белді-белді мекемелердің мамандары. Үлкен қызы Хадиже тіс емханасында, жолдасы Әли екеуі 3 қыз өсіруде. Олардың үш жасар кіші қызы бүгінде балалар киімдерін өндіретін атақты брендтің бетке ұстар моделі. Яғни, кіп-кішкене қазақ қызы балалар киімінің үлгісімен журналдар мен жарнамаларда жарқырап жүр.
Одан кейінгі Исматулласы Даниядағы ірі импорт-экспорт компаниясының менеджері. Әлемнің түкпір-түкпірінде өкілдік ашып, алыс-беріс жұмысын жүргізеді. Айтқандай, өткенде Қазақстан-Дания футбол командаларының ойыны басталарда Қазақстан футбошыларының бірінің қолынан ұстап шығатын даниялық қазақ баласы Мұстафа осы Исматтың баласы. «Ол 9 жаста. Өзінің қазақ екенін, Қазақстан командасының бір бөлшегі болып, футболшының қолынан ұстап жүргенін мақтан тұтады. Спортты жақсы көреді. Келешекте Қазақстан командасының құрамында ойнайтын футболшы боламын» дейді. Исмат пен Мариямның Мұстафадан басқа тағы бір қызы бар.
Үшінші ұлы Нұрарман, Зейнетақы төлеу жүйесі бойынша әлемдік көшбасшы саналатын Дания зейнетақы компаниясында екі бөлімін басқарады. Сонымен қатар Даниядағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы. Нұрарманның жолдасы Әсем – экономист, Қазақстанның тумасы. Сондықтан олар жыл сайын Қазақстанға келіп тұрады. Еуропада білім алып жүрген ол, Нұрарманмен Берлинде өткен қазақ құрылтайында танысып, сөз жарастырып, отау құрыпты. Бүгінде екі ұлдары бар. Ұлдары – Асқар мен Микаэл де қазақша сөйлейді. Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды. Жалпы, Нұрарман мен Әсемнің бала тәрбиесіне қатты мән береді. Үйдің қабырғасына түрлі-түсті бояумен жазылған жазбалар балаларға арналған ережелер екен. Тағы бір жерде магнит тастармен кесте ілулі тұр. Бір апта ішіндегі баланың мінез-құлық, тәртібіне қатысты баға беретін кесте көрінеді. Апта бойы жинаған ұпай санына қарай марапаты мен жазасы кесіледі. Әрине, балалар да жақсы нәтижелерге жетуге ұмтылып өседі... Сондай тәрбиенің нәтижесі болар, жергілікті даниялықтармен [жан басына шағып] салыстырғанда осында тұратын аз ғана қазақтардың жоғары білім алғандары көбірек екен. Өйткені бұл жерде оқуға түсу оңай болғанымен оны бітіріп шығу қиын дейді.
Ал, Акбар Аюби жұбайы Назгүл екеуі 2 бала тәрбиелеп отыр. Қажы Акпар Аюби 1972 жылы Ауғанстанның Герат қаласында дүниеге келген. 15 жасына дейін қара жұмыс істеген. 1988 жылы Данияға келген соң бір жыл дат тілін үйренеді. Ол туралы Акбар былай дейді: «Мұнда оқуды 8-сыныптың соңғы кезеңінен бастадым. Бұл жерде мектеп тоғыз жылдық. Сол кезде мен география, химия, биология деген пәндердің не екенін білмейтін едім. Бір жылдың ішінде барлық пәндерді меңгеріп, жыл соңында бәрін «жақсы» деген бағаға тапсырып шықтым. Содан, асханада жұмыс істедім. Ондағы ұстазым «Сені бірінші дәрежелі кондитер етіп шығарамын, жұмыстан қол үзбе» деді. Жақсы жетістікпен, жақсы жалақымен жұмыс істеп жүргем. Бір күні екінші ағам Ысмаил келді. Ол менен «Не істеп жүрсің? Оқуың қалай?» деп сұрады. Менің жұмыс істеп жүргенімді естіп, «Мен сияқты болғың келе ме? Мен оқи алмадым, тіл білмеймін. Германия аэропортында адасып кетіп, сұрайын десем тіл білмеймін, жазылған көрсеткіштерді оқиын десем сауатым жоқ,... Сол қорланғанымды еш ұмытпаспын. Сен жассың, оқу оқы» деді. Одан кейін гимназияға тапсырып, үш жыл технология саласы бойынша оқыдым. Бала күнгі арманым электроника саласының маманы болу еді. 1994 жылы гимназияны бітірген соң Арал теңізіне қатысты бір жобамен үш айға Қазақстанға бардым. Бүгінгі таңдаған мамандығыма деген көзқарасым да Қазақстанда қалыптасты. Қазақстанның ол кезде өтпелі кезеңде тұрған шағы. Жаңа технологиялар енді еніп жатса керек. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесіне барып тұратынмын. Бір күні бұрышта үюлі тұрған заттарға көзім түсті. Қауымдастықтың сол кездегі басшысы Қалдарбек ағадан «мыналар не зат?» деп сұрасам, «Компьютер деген нәрсе. Қолдануды білмеген соң қойып қойдық» дейді. «Мен оларды қосып берейін» дедім. «Қолыңнан келсе, әрине, қосып бер» деп қуанып кетті. Мен сол компьютерлерді іске қосып, жарты жыл қызметкерлерін компьютермен жұмыс істеуге үйреткен едім. Мен сол кездерде Қазақстан дамуы үшін, экономикалық тұрғыдан өсуі керектігін түсіндім. Мен қалайда экономиканы оқып, Қазақстанға қайта келіп өз үлесімді қосуым керек деп шештім. Сол кезде болашақ жарыммен танысып, екі жыл Қазақстанда қалдым. 1996 жылы Данияға қайта оралып, Орхус университетіне түсіп, магистр дәрежесімен бітірдім. Қазір Даниядағы айтулы ірі-ірі компанияларда жұмыс істеп келемін. Сәті түссе сол мол тәжірибеммен барып, Қазақстанға да үлесімді қосармын. Түбі Қазақстанға барамын. Мен Қазақстанды Дания секілді экономикалық дамыған ел болса екен деп армандаймын. Өйткені қазіргі жағдайда Қазақстан тек тұтынушы мемлекет. Ал өндіруші мемлекет болуға Қазақстанның экономикалық тұрғыдан мүмкіншілігі зор» - дейді Қажы Акбар.
Акбар ұлы мен қызына да өз дәрежесінде білім беріп, қазақтығын ұмытпауды бойларына сіңіріп жүргендерін айтады. Мүмкін болса, балаларды Қазақстанға тіл курстарына жіберіп алатын шығармыз дейді.
– Біздің өмір сүріп отырған ортамыз өзге болғандықтан ана тілін үйрену өте қиын. Өйткені білім алу да, қызмет те дат тілінде. Қазақ тілін үйренуге уақыт та жоқ. Оған қоса, Данияда бала бір жасқа толған соң балабақшаға береміз. Күндікке олар тек дат тілінде сөйлейді. Одан мектеп, жұмыс орны, - бәрі сол елдің тілі. Біз жұмыстамыз, кешкісін ғана үйде бас қосқанда қазақша сөйлейміз. Мүмкіндігінше балаларға қазақ тілін сіңіруге тырысамыз. Данияда адам капиталына көп көңіл бөлінеді. «Бізде өндіретін ешнәрсе жоқ, біздің байлығымыз – адамның басы» дейді. Бала туғаннан мемлекет барлық құнарлы тағамды ұсынып, миы толыққанды болып өсуіне және елінің патриоты болуға тәрбиелейді. Баланың өз ойын толық жеткізуге, кез-келген нәрсеге өз көзқарасын, өз тұжырымын айтуға дағдыландырады. Адам денсаулығына да көп көңіл бөлінеді. Баланы тек жақсы сөздермен, өзіңмен тең дәрежеде тәрбиелеуің керек, қатты сөз айтуға, ұруға қатаң тиым салынады. Даниялықтардың балаға деген қамқорлығы өте жоғары. Балалар бөлмесінен ешқандай жұмсақ ойыншық пен қуыршақты көрмейсіз. Барлық ойыншықтары құрастырмалы болып келеді. Баланың ақыл ойын дамытуға бағытталған музыкалық ойыншықтарды да көруге болады. Осылайша, Дания өз адамдарының әлеуетін тиімді пайдаланады, деңгейі жоғары болуға жағдай жасайды. Мұнда халықтың тұрмысы жақсы», - дейді Даниядағы бала тәрбиесі жайлы Акбардың жары Назгүл. Олар қыздары Камиланың өнерге жақын екендігін, музыкалық аспапта ойнайтынын, Даниядағы белгілі би тобында өнер көрсететінін мақтанышпен айтты.
Осылайша, Аюбилер әулетінің қай-қайсысында да қазақ атын асқақтатар мақтаныштары бар екенін біліп, біз де қуандық.
Інжу Сағидолла .