«Шаһарларға саяхат» айдарында қасиетті топырағында талай тарихи тұлғалар өмірге келген бұрынғы Торғай облысының орталығы болған, бүгінде Қостанай облысына қарасты шағын қалалардың қатарына қосылған Арқалық шаһары жайлы мәліметтермен таныстырамыз.
1.Қала жайлы қысқаша мәлімет. Арқалық қаласының құрылған күні 1956 жылдың 23 қазаны. 1950 жылдың мамыр айының ортасынан бастап, ескі Арқалықтың орнына құрылыс салына бастады. 1951 жылы 30 тамызда Қа¬зақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының ше¬шімі бойынша Арқалық жұмысшы поселкесі кеңесі құрылды.1955 жылы қыркүйекте «Тургайалюминстрой» тресінің орны белгіле¬ніп, қаланың алғашқы қазығы қағылды.
1970 жылы Торғай облысы құрылды. Облыс орталығы – Арқалық қаласы болды.
2.Шаһардың өткен тарихынан. Арқалық қаласының орналасқан жерінің бұрынғы аты – Қызылқозы. Деректерге сүйенсек, «Арқалық» терминінің топонимикалық мағынасының бірі –ұсақ жота,төбе дегенді білдіреді екен. Қасиетті Торғай жері,оның орталығы болған Арқалық жайлы айтқанда алдымен алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың есімі ойға оралады. Қаланың символы боксит десек,оның ашылуына осы жерден боксит пен алюминий тотығы кенішін тапқан кеңестің ірі геолог ғалымы Алексей Волковтың еңбегін ерекше атауға болады.Ғалым 1948 жылы кен орнының мол қоры өнеркәсіптік түрде игеруге жарамды екенін дәлелдеген.
3.Ажарлы Арқалық келбеті. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Арқалық тарихына қаланың гүлдену кезеңі болып енді.1973 жылы Ақмола мемлекеттік жоспарлау институтының жобасы аясында мектептер, сауда орталықтары, ауруханалар, тұрғын үйлер, балабақшалар, саябақтар салынды. Педагогикалық институт, училищелер ашылып, мұражай, театр, әкімшілік ғимараттары бой көтерді.
Ескерткіштер орнатылып,мөлтекаудандардың саны көбейді. Әсіресе,облысты Өзбекәлі Жәнібеков басқарған тұста гүлденіп, дамыған шаһарда тұрғындар саны 70 мың адамға жеткен.
4. Арқалық - ғарыш аймағы. Бұл жерде ең қуатты ғарыш кемелерін қадағалау стансасы жұмыс істеді.Торғай жері талай ғарышкерлерді ыстық ықыласпен қарсы алған. Солардың ішінде дүние¬жү¬зінің бірнеше мемлекетінің өкілдері бар: индиялық Ракиш Шарма, сириялық Мұхаммед Ахмед Фарис, Чех Ремек Владимир, француз Жан Лу Кретьен, жапондық Тойехиро Анняма.Қасиетті топыраққа табаны тиген ғарышкерлер Арқалық қаласының «Құрметті азаматы» атанған. Олардың қатарында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те бар.
5.Қала аумағындағы кен орындары мен ірі кәсіпорындары. Арқалық қаласы аумағында алюминий өнеркәсібінің Арқалық, Төменгі-Ашут, Үштөбе, Северный, Жоғарғы Ашут, Ақтас деп аталатын 6 боксит шикізаты кен орындары орналасқан. Мұнымен бірге аймақта инвесторларды тартуға негіз болатын 37 шикізат қоры бар.Жетекші қала құрушы ірі кәсіпорын – «Қазақстан Алюминиі» АҚ филиалының Торғай боксит кен басқармасы кәсіпорны. Кәсіпорын бокситтер және отқа төзімді саз балшық өндірумен айналысады. Павлодар алюминий зауытына боксит, Ресейге отқа төзімді саз балшық шикізаттарын жеткізеді.
6.Қаладағы білім беру мекемелері. «Кел,балалар,оқылық!», деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин 1864 жылдың 8 қаңтарында бұл қасиетті мекенде тұңғыш мектеп ашса,бүгінде шаһарда жалпы білім беретін 26 мектеп бар екен. Оның 16 – сы орта, 8-і негізгі, 2- еуі бастауыш мектеп.Оқыту 12 мектепте - мемлекеттік тілде, 13 мектепте- қазақ және орыс тілдерінде, 1 мектепте- орыс тілінде жүргізіледі.Қаланың білім беру желісі тұрғындардың сұранысына сәйкес,екі гимназия, мектепаралық оқу- өндірістік комбинаты, балалар музыкалық мектебі, қосымша білім беру орталығы, «Жас- ұлан» балалар- жасөспірімдер орталығы , 9 балабақша жұмыс істейді.
7.Қаланың қазіргі тынысы. Тоқсаныншы жылдары тоқырауға ұшырап,облыс орталығы мәртебесінен айырылып,ажары тайған Арқалық бүгінде бұрынғы дәуірлеген кезіндегі қалпына келе алмаса да, талай халқымыздың маңдайына басқан тарихи тұлғалары мен тәуелсіз еліміздің мақтанышына айналған талантты өнер майталмандарын дүниеге әкелген қара шаңырақ біртіндеп дамып келеді.Қазір шаһар шағын қалалар тізбесіне енген.Қала тұрғындарының саны 28 мың 968. 2014 жылы ашылған «Арқалық-Шұбаркөл» темір жолы 214 шақырымды алып жатыр. Бұл жол Шұбаркөл кеніші мен оның маңындағы кен орындары арасындағы қашықтықты жақындатып,жүк тасымалын жақсартты. Арқалықтан облыс орталығы Қостанайға дейінгі ара қашықтық - 454 шақырым, елордасы Астана қаласына дейін - 611 шақырым.
Арқалық қаласы жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.