Елбасы өз еңбектерінде «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп жазған. Біз бүгін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамыз аясында «Көне дүние күмбірі» айдарында осы Бозоқ қалашығы жайлы деректерді оқырман назарына ұсынамыз.
Бозоқ қалашығы Сарыарқаның ортасында солтүстік сібір бассейні өзендерінің (Есіл, Сілеті, Шідерті) және Орта Азиялық (Нұра, Сарысу) өзендерінің салалары түйіскен жерінде, яғни Есіл өзенінің сол жағалауындағы Бұзұқты көлінің шығыс жағалауында орналасқан.
Бозоқ қалашығының Қазақстан астанасы үшін оның ертедегі дерегі ретінде маңызы өте зор. Мыңдаған жылдар бұрын қазіргі Астананың орнында әскери бөлімшелердің пайда болуы геостратегиялық фактормен байланысты, ол далалы Жібек жолының керуендерін бақылауға арналған болуы мүмкін. Бұл жер шаруашылық иеліктерге, әскери стратегиялық плацдармға, сауда жолдарын бақылауға арналған бірегей орын. Бозоқ қалашығы (400х200 м ауданында) солтүстіктен оңтүстікке созылған үш негізделген топтан тұрады (орталық, солтүстік және оңтүстік). Қалашықтың орталық бөлігін ауданы 150х120 м алаңды алып жатқан үш төртбұрышты әбзелдер құрайды. Әрқайсысы дуалмен қоршалған кварталдар бір-біріне тіркесіп жатыр. Үш кварталдың түйіскен жері – қалашықтың орталық бөлігінде батыстан шығысқа созылған тік бұрышты алаң кездеседі. Биіктіктің жоғарғы жағында бірнеше ойықтар, батыс жағынан күйдірілген кірпіштің төртбұрышты шығындары табылған. Бұл биіктіктің басқа құрылымдарға қарағанда қалашықтың ең басты қасиетті орталығы болғандығы зерттеу барысында дәлелденді.
Мыңдаған жылдар бұрын Жоғарғы Есіл жағалауындағы Қараөткел өткелінде кішігірім әскери тұрақтың пайда болуы, ең алдымен бұл жерде сауда жолының түйіскен торабы болғандығымен дәлелденеді.
Бозоқ қалашығының ортағасырлық тұрғындарының егін шаруашылығымен айналысқанын арнайы канал, арық, дуал түрінде қойылған суғару жүйелерінен байқауға болады. Үшінші құралдар кешені қалашықтың оңтүстік кварталынан 27 м оңтүстікке қарай орналасқан. Ол екі шағын топырақ үйінділерімен, індер қазылып тасталынған ұзақтан-ұзақ созылған шұңқырлардан тұрады. Қалашық территориясында күйдірілген немесе шикі кірпіштен тұрғызылған 5 кірпіш мавзолейлерінің негіздері зерттелді.
ХІV ғасырдан бастап Бозоқ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығы болған. Бозоқ адамдардың рухани өмірінде де ерекше маңызға ие болды. Бозоқ қалашығы оның территориясындағы мавзолейлер концентрациясына қарағанда ортағасырлық Нұра – Есіл ауданы халқы үшін рухани орталық қызметін атқарды. Мұсылмандар арасында киелі орын саналған бұл жерде аруақтарды еске алып, ас берілген, ұлттық ойындар ойналып, жарыстар өткізіліп тұрды. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі боз дала, ақ селеулі құтты қоныс дегенді айғақтаса керек.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өз еңбектерінде «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп жазған.
Бозоқ қаласы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астананың шежіресі сонау көне дәуір тарихымен сабақтасатындығын айғақтайды. Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғастырған атақты Жібек жолының елеулі орталықтарының бірі болса, Астана – бүгінгі Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпіріне айналды.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .
Фото: ашық ақпарат көзінен.