Әр аптаның сенбі күні «Жүректе қайрат болмаса» айдарында Qazir оқырмандарына алтын сандықтағы асыл қазынадан келешегіңе темірқазықтай бағыт беріп, жан дүниеңді жарқыратар жазбалардан үзінділер жариялап отырмақпыз. Алдымен, ақын зерек те зерделі жан ғана сандықтың кілтін аша алады деп нені меңзеді екен,оқырманға арнаудан ой түйіп көрейік...
«Бірде қуанышымен, бірде қайғысымен, бірде сүйінішімен, бірде күйінішімен сырғыған әрбір күн Алланың саған берген ғажайып сыйы екенін ұғынасың. Ойларыңды қағаз бетіне түсіруге асығасың, санаң сан-сақты шарлап, жұмбақ әлемнің сырына үңілесің... Өткен күніңнің нәтижесі көз алдыңа келіп, сол қалың ойдың ішінен өз-өзіңді іздейсің... Тіршілікте адам жаны осы мақсатта тыным таппай аласұрып өтетін де шығар, бәлкім?
Сол кезде «не үшін өмір сүремін?» деген сұраққа қал-қадіріңше жауап тапқың келеді. Заманға сай тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін өзімше саралап, біреуге септігі тиер деген ниетте желіге салып, жүрегімнің үнін «Алтыным» деп жариялап, оқырманым, өзіңмен ой бөлісуге тырыстым.»
АЛТЫНЫМ!
Алтыным! Өмірді сүй! Адамды құрметте! Өзіңе сен! Түсіне білгенге ғұмырдағы ең басты қағидамыз осы.
* * *
Алтыным! Көңіл отын тұтандыратын да жағымды сөз, жақсы ой. Өмірге деген құштарлық та осыдан бастау алады.
* * *
Алтыным! Адамдарға керегі –мейірім. Жетпейтіні де – мейірім. Адам деген құрметті атты ұстап тұрған да осы мейірімнің арқасы.
* * *
Алтыным! Адамдарды қуантуға асығайықшы. Жақсы сөз - жанның азығы. Ол көңіл сыйлайды, біле білсең өмір сыйлайды.Шындығында әрбіріміз бір жылы сөз естігіміз келетіні жасырын емес. Ізгілігіңді ұқтырып, бір жанды болса да қуандыра білуің – сенің адам екеніңнің белгісі.
* * *
Алтыным! Жымия түс, шаттана түс, өзгеге кінә артпай, айналаңа жақсылықпен қара. Біле білсең өмір қандай тамаша!
* * *
Шаттығың тасып тұрғанда төмпешік те тау боп көрінеді. Көңілің пәсейгенде тау да төмпешіктей болатыны сөзсіз.
* * *
Алтыным! Әлемдегі ең әдемі сөз не екенін білесің бе? Меніңше, бірінші анаңның "айналайын" дегені, екінші адал жүректен шыққан шынайы сөз! Ол да тек ең жақын деген адамыңа ғана айтылады.
* * *
Алтыным! Өмір - қашанда қазынаға толы алтын сандық. Зерек те зерделі жан соны аша білетін кілтке айналады.
* * *
Алтыным! Бәріміз де жолда келе жатырмыз. Менің де, Сенің де, Оның да жұтатын ауамыз бір. Жүретін даламыз да бір. Тек ойлайтын ойымыз, атқаратын тірлігіміз бөлектеу.
* * *
Жүріп келеміз... Жүрген сайын ол жолдың жауапкершілігі де, салмағы да ауырлай түседі. Сонау бал татыған балалығыңның жолы қандай түзу. Жалаң аяқ, жалаң бас кетіп бара жатып, табаныңа шошқа тікен кірсе алып тастап, қайта ойынға қосылып кетесің. Ал есейгенде, өмір жолында кірген тікен оңайлықпен жазылмайды-ау? Жазылса да, жарасын қалдырады. Бұл жол балалықтағыдай түзу емес, ойлы-қырлы, тасты, жартасты болып келеді. Қауіпті бұрылыстары да көп...
* * *
Адам бірде жеңеді, бірде жеңіледі. Бірде жеңгеніне қуанса, бірде жеңілгеніне өкінеді. Бірде ұтылып жатқанының өзіне «тәубе» дейді. Иә, өмір қызық, тылсым сырлары көп. Бірде біреуді түсіне білесің. Ал, бірде біреу сені түсінбейді. Кейде соған шаршайсың. Барлық адам сені түсіністікпен қабылдауы мүмкін емес.
* * *
Алтыным! Адам біткеннің бәрі мықты болғысы келеді. Неге әлсіздік басым? Оның сыры – ерік-жігерді игере алмағандықтан, өзін танымағандықтан сияқты. Ерік-жігердің әлсіздігі – ең басты кемшілігің. Осы кемшілік көп игілікті ісіңе кедергі келтіреді, жолыңды бөгейді. Иә, немқұрайдылық, «ә, қойшы» деген қол сілтеушілік адамды алға бастырмайтын тұсау секілді.
* * *
Алтыным! Ешуақытта тырнақ астынан кір іздеме. Кемшілігіне қарамай, адамдарды жақсы көре біл. Біз өзгені жақсы көрген сайын өмір де бізді жақсы көре түседі.
Әкім Ысқақтың «Алтыным» кітабынан(жалғасы келесі аптада).