Бүгін «Шаһарларға саяхат» айдарында Солтүстік Қазақстан облысының орталығы, ежелгі «Қызылжар» аталған қазақ қонысының орнында орналасқан- Петропавл қаласы жайлы мәліметтермен таныстырамыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Қаланың негізі Есіл өзенінің оң жағалауында 1752 жылы қаланған.1838 жылы Есіл округінің,1868 жылы Ақмола облысының құрамына еніп,уездік қалаға айналған. 1936 жылдан бері облыс орталығы.
2. Шаһардың өткен тарихынан. Әлі күнге дейін тарихи атауы қайтарылмаса да, қаланың қазақша атауы «Қызылжар» кеңінен қолданылып жүр деуге болады. Қаланың өткеніне қатысты айтылатын деректерде бекініс болып іргетасы қаланып,христиан әулиелері Петр мен Павлға арнап шіркеу тұрғызылғандықтан,1841 жылы шаһар атауы Петропавл деп аталғандығы жазылады. Бұрынғы атауы неліктен «Қызылжар» дегенге келетін болсақ,қала Есіл өзенінің биік жар қабағында орналасып,көктем кезінде өзен тасығанда лайланып,қызыл-қоңыр түске боялатындықтан осылай аталған деседі.
3. Қала мақтаныштарына айналған тұлғалар. Қызылжарда өмірге келген тарихи тұлғалар жайлы айтқанда «Мен жастарға сенемін»- деп жырлаған алаш ардақтысы,ақын Мағжан Жұмабаевтың есімі бірден ойға оралады. Жазушы Сәбит Мұқанов та осы топырақта дүниеге келген. Петропавлдық жастар Олимпиада чемпионы велошабандоз Александр Винокуровты да мақтан тұтады.
4. Қаладағы әлеуметтік-мәдени нысандар. Жалпы білім беретін 49 мектеп, 2 музей, 5 спорт мектебі, 3 кәсіптік-техникалық мектеп, 5 арнайы оқу орны мен колледждер, одан басқа 2 мемлекеттік (Солтүстік Қазақстан университеті мен ҚР Ішкі істер министрлігінің әскери мектебі) жоғарғы оқу орны тіркелген. 12 аурухана, 10 емхана, 199 дәріхана халыққа қызмет көрсетеді. Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры,Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры,Солтүстік Қазақстан облыстық Н. Погодин атындағы орыс драма театры бар.Филармония, 3 музей, 2 кинотеатр, 4 мемлекеттік кітапхана, 5 мәдениет сарайы, т.б. жұмыс істейді.
5. Петропавл еліміздегі ірі өнеркәсіп орталығының бірі. Қалада 174 кәсіпорын орналасқан. Оның ішінде ірі кәсіпорындарға “Еуразия”, “Вита”, “Молочный союз” АІ-тары, нан комбинаты, “Сұлтан”, “Тонус” т.б. жатады. Қала бюджеті қаржысының 10%-н шағын бизнес береді. Саудада еңбекпен қамтылғандардың үлесі 47,8%, өндірістік салада 17,4%, оның ішінде құрылыста 6,6% болды, 35 кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейді. Қалада 110 шағын құрылыс кәсіпорны, 49 көлік және байланыс кәсіпорындары жұмыс істейді.
6. Қаладағы қызмет көрсету саласы. Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы айтарлықтай жақсарған, мұнда 511 нөмірлік 21 мейманхана мен 289 пәтерлі 7 пәтер бюросы бар. Меймандарды қарсы алатын «Астана», «Қызылжар», «Скиф», «Алтын адам», «Лина» мейманхалары мен пәтер бюроларында күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізілсе,өткен жылы 45 нөмірлік қоры бар екі мейманхана (14 нөмірлік «Телеграф» пен 31 нөмірлік «Алтын орда» қонақүй кешендері) пайдалануға берілген. Олар әлемдік стандартқа сәйкес келетін осы заманғы қондырғылармен және жиһазбен жабдықталған.
7. Шаһардың қазіргі тынысы. Аумағы 224,91 шаршы км-ді алып жатқан қалада бүгінде 219 070 адам тұрып жатыр. Шаһардың «Жас өркен» жаңа шағын ауданындағы 1000 орындық теннис орталығында еуропалық стандарттарға сәйкес келетін төрт жабық және үш ашық корт орналасқан, бұл қалада халықаралық деңгейдегі жарыстар мен басқа да шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Оқушылар сарайы – жас солтүстікқазақстандықтарға Мемлекет басшысы жасаған ерекше сыйлық. Бұл – ең соңғы әлемдік талаптарға сай жабдықталған ІТ-орталық. Қазіргі кезде Петропавл астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болды. «ТМД-ның үздік қаласы» көрме-конкурсына қатысып, үш грантқа ие болды, оның ішінде «Тарихи-мәдени мұраларды сақтағаны үшін» гранты да бар.
Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерді топтастырған: Раушан Бекмырзақызы.
Иллюстративное фото - архив редакции.