Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – мамандық таңдаудан жаңылыспаған Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының жас маманы Жұлдыз Асқарқызы Нұрмұхаметова. Бүгінде кардиохирург қызметін атқарып жүрген ақ халатты абзал жан – өз ісінің шебері, жүрекке ашық түрде ота жасайтын білікті дәрігер-перфузиолог. Науқас организмін толықтай бақылауда ұстай отырып, жасанды қан айналымы, организмнің қалыпты өмірлік қызметінің жүруін қадағалай білетін бірегей маман.
Бүгінгі сұхбатымызда жүректі «құтқару» барысында кезігетін кедергілер мен перфузиология саласындағы қол жеткізген жетістіктерді тілге тиек етпекпіз.
– Жұлдыз Асқарқызы, перфузиолог деген кім? Оның басты қызметі қандай? Осы жөнінде қысқаша тоқталсаңыз...
– Мен врач-перфузиологпын. Перфузиядағы қызметім – аппарат арқылы қосалқы қан айналымды жүргізу. Бұл дегеніміз – жүрекке ашық әдіспен ота жасау барысында қосалқы қанды қамтамасыз ету. Сонымен бірге біз кардиохирург жүректі тіккен кезде кедергі туындамауы үшін жүректі тазартамыз. Мұндай кезде жүректі уақытша тоқтату керек, сондай-ақ кардиохирургтің дайындалуына да уақыт беру қажет. Оның мәнісін сұхбат барысында түсіндіріп өтемін. Осылайша ашық ота кезінде біз қанды толықтай аппарат арқылы жүргізіп, адам жүрегінің, өкпесінің орнына жұмыс істетеміз, барлық органдардың қан айналымын жүзеге асырамыз. Бұл дегеніміз, кейбір ота кезінде «АОРТ-да» бір орында қалпына келтіру жүргізіліп жатса, қан айналымының тоқталуына әкелу мүмкін. Сондықтан ешқандай ауа кетпеу керек. Сол үшін кейбір кезде науқастың температурасын 16-15 градусқа дейін төмендетеміз. Мұндай кезде науқас қан айналымы тоқтатаған «өлі адам» кейіпінде жатады. Бұл кезде қан айналымы мүлдем жүрмейді. Ал температураны төмендету арқылы, жоғарыда айтқанымыздай, хирургқа қосымша уақыт және пациентке тыныс алуға мүмкіндік береміз. Ота жұмыстары аяқталған соң қан айналымды қайта іске қосамыз. Сөйтіп, жүрек өзінің қалпына келе бастайды. Осы сынды жұмыстарды «перфузиолог» атқарады.
– Жауабыңызға рақмет. Медицинаның дәл осы саласының елімізде дамығаны қуантпай қоймайды. Перфузиолог мамандығын таңдауға не түрткі болды?
– Шындығында, бұл өте ауыр жұмыс. Үш жыл бұрын медицина университетін бітіріп, еңбек жолымды кардиохирург ретінде бастадым. Хирург мамандығын таңдағандықтан, кардиохирург болып жұмыс істеймін деп шештім. Сол кезде: «Сен – қыз баласың. Кардиохирургия – ауыр сала, қиынға соғады» деп кеңес бергендер де болды. Осындай кеңестерден кейін күмән болмады емес, болды. Менің шешім шығаруыма ықпал еткен келесі жайт. Әріптестерім: «Саған басқа аппараттарды көрсетейік. Сен жассың, бұл жұмыс сенің қолынан келеді. Сонымен бірге өзіңді одан әрі дамыта түсесің», – деп реанимация бөліміне апарып, ЭКМО-да жатқан пациентті көрсетті. Содан кейін бұл аппараттың не үшін қажет екендігін, оның қандай мүмкіндіктері бар екенін, заманауи дамытылған түрін түсіндіріп айтып берді.Осылайша, кардиохирург болам деген барлық арманымды реанимация бөлімінде қалдырып, жастықтың жаңалыққа құмар өскелең талабымен «перфузиолог боламын, осы мамандықты меңгеремін» деп осы жерге келдім. Дәл осындай шешім қабылдағаныма қуанбасам, өкінбеймін. Себебі медицинаның дәл осы саласының болашағы бар, ол үнемі даму үстінде. Көп адам біле бермегенмен, бұл саланың қыры-сыры көп. Осындай ғажайып аппараттармен жұмыс істеу мен үшін үлкен жетістік.
– Жұлдыз xаным, дәрігерлердің жұмысы асқан жауапкершілікті қажет етеді. Оның ішінде сіздер тікелей жүрекпен жұмыс жасайсыздар. Жұмысыңызға байланысты ерекше есте қалған оқиғалар бар ма?
– Бізге «трасплантация болады» және «орган доноры бар» тектес хабарландырулар жиі келіп тұрады. Сондай кездері 30 минут ішінде жиналып, орган доноры орналасқан қалаға шұғыл шығып кету қажет болады.
Жадымда ерекше сақталған бір жағдай: бірде донор органының емханасына бардық. Сөйтсе, біздің донорымыз биіктен құлаған екен. Жүрегінде ақау бар болғандықтан жарамсыз болып шықты. «Бұл жүректі аламыз ба жоқ па? Бұл жүрек рецепиентке трансплантация жасауға жарай ма, тасымалдауға келе ме?» деп, жедел ақыл-кеңес құрып, үлкен консилиум жасадық. Эхомен қарадық. Біздің донорды күтіп отырған рецепиенттердің саны өте көп. 211 адамнан асады. Сондықтан жүректі «жолда жөндейміз, қалпына келтіреміз» деген үмітпен әлгі жүректі аламыз деп шештік.
Жолда донордың ағзасын «Трансмедикс» аппаратына салдық. Мақтанышпен айта кететін бір жайт, трансмедикс аппараты дүниежүзі бойынша бар жоғы 12 елде ғана бар. Соның бірі – еліміздегі біздің орталық. Ол аппараттың ішінде жүрек физиологиялық қалыптасқан айналымы жүргізіледі. Сондықтан бұл аппаратпен жүрек соғысын, қан қысымын қадағалаймыз, реттейміз, қалпына келтіреміз.Тәуекелге бел буып, ақауы бар жүректі аталмыш аппаратқа салдық. Сол кезде хирург, анестезиолог, перфузиолог – барлық әріптестер бірлесе отырып, ерлікке бергісіз игі жұмыс жасадық. Шындығында рецепиенттер үшін қатты қуандық. Себебі Қазақстанда донорды күтетін адам саны өте көп. Жүректің созылмалы жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастар санында есеп жоқ. Олардың көбісі сол жақ жүректің қосалқы қан айналымымен жүреді. Мұндай науқастар жүректі 3-4 жылға дейін күтеді. Сол себепті әрбір донордың органы біз үшін өте қымбат. Және сол себепті осы жайт есімде ерекше сақталды.
– Былтырғы жылды қалай қорытындыладыңыздар?
– Былтыр өте көп жұмыс жасалды. Жаңалық та көп болды. Біздің бөлімшеде 700-дей ота жасалды, олардың арасында ересектер мен жасөспірімдер, балалар, тіпті, жаңа туған нәрестелер де болды. Науқастардың бәріне осы аппарат көмегімен, перфузиологтың қатысуымен атқарылатын қызмет арқылы ота жасалды. Мен үшін әрбір құтқарылған өмір – бір үлкен жетістік. Сонымен қатар, биыл екі конференцияға қатысып, ағылшын тілінде екі баяндама жасадым. Бірі – Австрияда, екіншісі – Жапонияда өтті. Конференцияда маған өте көп сұрақ қойылды. Баяндамама қызығушылық танытқандарына қатты қуандым. Барлық әлемнен жиналған сан түрлі мамандардың (хирургтар,перфузиолог, анестезиологтар) барлығы біздің орталықтың қол жеткізген жетістіктерін қызыға тыңдады. Әлемге Қазақстанда, елордамыз Астанада осындай білікті орталық бар екенін, біздің ұйымшыл командамыздың жаңашыл жұмыстарын мақтанып айту мен үшін де қуаныш, зор мәртебе болды.
– Жұлдыз Асқарқызы, соңғы сұрақ. Оқырман үшін маңызды деп білемін. Жүрекке жасалатын аталмыш күрделі оталар қарапайым жандарға қолжетімді ме?
– Сұрағыңыз орынды. Қазақстан донорлық ағзаларды айырбастау, жүрекке ашық ота жасау, жүрек қан-тамырларын алмастыру тәрізді күрделі оталарды тегін, яғни сырқаттардың қалтасынан емес, мемлекет қаржысы есебінен жүргізеді.
Келесі жылдан бастап елімізде медициналық көмек көрсету медициналық сақтандыру жүйесіне көшеді. Аталмыш мәселе де сол жүйеде қарастырылған. Жеңілдіктері бар азаматтар санаты мен шұғыл жәрдемді қажет ететін науқастарға да мемлекет өз кепілдігін сақтайды.
Жалпы, денсаулық – дәрігерлер үшін басты мәселе. Сол себепті науқастың кім екені, қайдан келгені біз үшін маңызды емес. Бізге керегі – адамның амандығы, денінің саулығы. Сондықтан біз алғашқы жәрдемнен бастап, оны ажал тырнағынан алып қалғанға дейін тынымсыз еңбекті жалғастыра бермекпіз.
Сұхбаттасқан: Ақнұр Құлманова,
МӘМС жүйесін енгізу мәселелері бойынша Жобалау офисінің маманы.