Әр дүйсенбі сайын «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамызда еліміз бойынша киелі саналатын жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген орындар жайлы таныстырып келеміз. Бүгінгі «Көне дүние күмбірі» айдарынан Берел қорымына қатысты деректерді ұсынамыз.
Қазақ Алтайының төрінде орналасқан Берел қорымы сақтардың өмірі мен дәстүрінен хабар беретін бірден-бір жер. Қорымдағы ең ерте обалар б.з.б. 4-3 ғғ. үйілген (2400-2300 ж. бұрын), ал кейінгілері көне түркілер дәуірімен мерзімделеді – б.з. Vii-Viii ғғ. (1200-1300 ж. бұрын). Ежелгі және кейінгі көшпелілер дәуірімен мерзімделетін 70 астам обадан тұратын қорым – 4000х1000 шаршы метр жерді алып жатыр.
Берел қорымындағы обалар мен ғұрыптық ескерткіштер оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа созылып жатқан бірнеше тізбекке және жеке топтарға шоғырланған. Әрбір тізбекте бұл өңірді б.з.б. 1 мыңжылдықтың екінші жартысында мекендеген тайпалық одақтардың өкілдері жерленген болуы мүмкін. Тізбектердегі үлкен, орташа және кішігірім обалар сол замандағы әлеуметтік жіктің болғандығының көрінісі болып табылады.
Берел қорымын 1865 жылы Василий Радлов, 1959 жылы С.Сорокин зерттесе, еліміз тәуелсіздік алған соң «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарих ғылымдарының докторы З.Самашев бастаған археологтар тобы әр жылдары қазба жұмыстарын жүргізді. Берел қорымы обалардан табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттары нәтижесінде әлемге әйгілі болды. Берел қорымындағы тоң басқан обалардың беретін мәліметтері де ерекше. Бағзыда орман ағаштары қиылып, жазыққа айналып, қорым салынған екен. Үлкен обаларда табиғат пен климат қосылып, обаны үйген материалдар мен ескерткіш құрылысының үйлесімінен пайда болған тоңның нәтижесінде органика, яғни киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей жақсы сақталған. Содан ежелгі түркі салтатты жауынгерінің қалай киінгенін, қолөнер бұйымдарынан ортағасыр дәуіріне тән аңдық стиль дәстүрін, өлген адамға қатысты ғұрыпта алдыңғы дәуірлерден жалғасқан архаикалық элементтерді сақтағанын, иесі мен атын қоса жерлегенін көруге болады. Жерлеу ғұрыптарына байланысты наным сенімдер рухани дүниесінен мол хабар алуға болады. Онда табылған мифтік жануарлар, бұғы, пырақ, тауешкі, т.б. қазірде еліміздің маңызды нышандары болып отырған бейнелер. Еркіндікті бейнелейтін «Қос мүйізді пырақ» пен «Самұрық» құсы – тәуелсіз Қазақстан үшін мәңгілік өмірдің белгісі. Ежелгі мәдениеттердің бастауы болған, саяси-идеологиялық, этно-мәдени тұрғыдан Алтай өңірі – сақтар, түркілердің ұрпағы қазақтар үшін киелі, қасиетті орын. Есік, Бесшатыр, Шілікті, Мәйемер, Берел, Үкек, Пазырық, Аржан – бәрі де қазақ жеріндегі көне мәдениетті айшықтайтын алтынды обалар болып табылады. Баяғы өткен заманда бейіттерді «Мықтың үйі» деп атаған.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.