Қазіргі күнде Астана қаласындағы бірнеше театрлардың арасында жастар театры мен Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының алар орны бөлек. Репертуарларының ай сайын үздіксіз жаңарып тұратынынан-ақ еңбектерінің нәтижелі болып жатқанын байқаймыз. Мысал ретінде аталған екі театрдың желтоқсан айына жоспарлаған репертуарын алып қарастырайық.
Жастар театры Әбіш Кекілбаев “Нартәуекел”, Ж.Омаровтың “Құлыншақ пен бөлтірік” ертегісін, Ш.Айтматов, О.Бөкей, Р.Мұқанованың “ Ғасырдан да ұзақ күн” , С.Дүйсенбиевтің “Махаббат миниатюралары”, Н.Жақыпбайдың “Жанарымдағы жалғыз әуен...”, Г.Х.Андерсеннің “Қар ханшайымы” қойылымдарын көрермен назарына ұсынуды жоспарласа, оның үшеуі премьера. Қаллеки театрында да қойылымдар аз емес: “Әміре”, “Қардағы көгершіннің ізі”, “Күн сәулесі түспеген”, “Қызыл орамалды шынарым” және тағы басқа он бір қойылым сахналауды жоспарлапты. Солардың ішінде екеуі премьера. Ал қараша айының репертуарында екі театрда да бір де бір премьера болмаған. Қазан айында Жастар театры бір премьераны сахналаса, Қаллеки театры бұрын сахналанған қойылымдарымен шектеліпті. Осы мәліметтерге қарап қойылым дайындаудың өзі қыруар еңбек пен ұзақ дайындықты талап ететінін байқаймыз. Демек, бұл театрлар екі айда, көп дегенде үш ай сайын жаңа қойылым сахналап отырады деп түйіндейміз.
Бұл екі театр қашан да көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келген. Осы қарқында талмай жұмыс істесе бұдан әрі де қанаттана түспек. Қойылымдардың барлығы халықтың игілігі үшін болғандықтан, көрермендердің де пікірін білген едік. Астана қаласының тұрғыны Айжамал Бақтыгелдиева өзінің жастар театрының тұрақты көрермені екенін айтады.
“Жасым бірталайға келіп қалса да, керемет әртістер мен әсерлі қойылым үшін уақыт тауып жиі барып тұруға тырысамын. Әр кейіпкерді сырттай бақылап отырып өз өмірімнің әртүрлі кезеңдері көз алдыма келіп жатқандай күй кешетінім бар. Арасында әсерленіп жылап, рахаттанып күліп те аламын. Театр менің жан дүниемді тыңдауыма мүмкіндік беретін орын”, - дейді Айжамал апа. Жо-жоқ, театрға тек ересектер мен қарттар ғана барады деген шешімге тоқталуға әлі ерте. Еуразия Ұлттық университетінің үшінші курс студенті Ділдә Уәлибек театрлық қойылымдар жанды дауыста, синкретті түрде өтетіндіктен өзінің театрға жиі барғысы келетінін айтады. Театр, шынында да, жан дүниең мен ойларыңды тынықтыру үшін, әдемі демалыс үшін таптырмас орын.
Біз зерттеу барысында қай театрға көрермендердің жиі бас сұғатынын білу мақсатымен сауалнама жүргізген едік. Нәтижесін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Инстаграм əлеуметтік желісінде жүргізілген сауалнамаға басым бөлігі жастар қатысқан. Жалпы дауыс берген 34 адамның көпшілігі филология, журналистика факультетінің студенттері. Соның ішінде 21-і Жастар театрына барғанды жөн көрсе, 13-і Қалибек Қуанышбаев атындағы театрды таңдапты. Біздің мақсат кіл мықты ұжымдардың ара жігін ажыратып, мынасы мықты, анасы әлсіз деп көрсету емес, сізге театр аудиториясы мен репертуарлары жайлы нақты ақпарат беру болатын.
Мақаламыздың соңында Канадалық театр және кино режиссері, сценарист, драматург Робер Лепаждың бір ауыз сөзін келтіргіміз келіп отыр. “Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады”,- дейді өнер майталманы. Бір-ақ ауыз сөзбен театрдың адам өмірінде алатын орны мен маңызын дөп басып айтқан. Ендеше, адами құндылықтарымызды сақтау үшін, ең бастысы, адам болып қалу үшін театрға баруды әдетке айналдырайық!
Айжан Алхабек, Еуразия Ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің студенті.