Кітап оқисыз ба? Ия, бұл көпшілік ортада жиі қойылатын сұрақтардың бірі.Қазір кез- келген адамнан «Сіз кітап оқисыз ба?»,- деп сұрасаңыз көп жағдайда қолым тимейді немесе маған ұнайтын кітап жоқ деп жауап береді. Шындығында солай ма, қазір кімдер кітап оқиды,көп көңіліндегі сауалға жауап іздеп көрейік.
Асқарбек Диас, Еуразия Ұлттық Университетінің студенті:
Ең қуантарлығы қазіргі жастардың көбісі кітап оқуға бейім болып келе жатыр. Кез-келген ортаға бара қалсаңыз қолынан кітап түспейтін жастарды көп көресіз. Қоғамдық көлікте де ұялы телефонына үңіле қарап, кітап оқып отырған да солар.Бұл өте қуантарлық жағдай, дегенмен де көбісінің оқитындары шетел авторларының шығармалары. Бірде бір досыма осы сұрақты қойдым. Оның айтуы бойынша, шетел кітаптары оқығанға жеңіл, қарапайым сөздер,миға қорытқанға оңай болады . Оның үстіне шетел кітаптары алып жүргенге жеңіл әрі ыңғайлы. Сыртқы дизайнының өзі бірден көз тартады дейді. Расымен де қазақ авторларының кез-келгенінің кітабын алып қарасаңыз болатын оқиғаны алдымен сипаттап, көркемдеп, тұспалдап , содан кейін ғана ақырындап тақырыпқа көше бастайды. Көбінің айтары осы сылтау. Ойды тұспалдап, көркемдеп жеткізу бұл кітап түсініксіз немесе қиын деген сөз емес, керісінше қазақ тілінің бай екендігін көрсететін бірден-бір дәлел. Кітап жазу да құрақ құрағандай өте қиын, шеберлік пен шыдамдылықты талап ететін шығармашылық жұмыс. Түстер мен түстерді, кесінділер мен кесінділерді бір-бірімен байланыстыру секілді кітапта да әр сөздің қолданылатын өзіндік орны бар. Егер сол сөздерді дұрыс қолданбайтын болсаңыз кітабыңыздың сапалы кітап болуы екіталай.Тағы тілге тие кететін бір мәселе кітап шығару.Айтсаң өзіңді жамандағандай боласың, дегенмен де,елімізде кітап шығару саласының ақсап тұрғаны барлығымызға екі бастан белгілі. Қазіргі баспалар жекеменшік болғандықтан өз күндерін көру үшін арзан материалмен бір нәрсе жасағандай болады. Оның үстіне кітап шығаратындардың барлығы дерлік өз саласының мамандары емес. Сапасы сын көтермейтін кітаптарды оқы деп, кімді қинаймыз? Расында да алып жүруге ыңғайсыз, ауыр, ашсаң парақтары шашылып қалатын кітаптарды кім оқысын? Хош, оқитын адамға бұл да сылтау болмас.
Ал, енді өзіме келетін болсам, қазіргі уақытта Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма» деген мотивациялық кітабын оқып жатырмын. Маған ең ұнағаны,бұл мотивациялық кітапта қиындықтардан қалай шығу керектігін түсіндірумен қатар саған жол көрсетеді. Автор өзінің басынан өткен оқиғаларымен бөліседі.Расымен де бұл кітап маған өте қатты ұнады.Бизнес бастаймын деген адамдар болса, көмегі көп тиеді деп ойлаймын. Бүгінде адамдар неге мотивациялық кітаптарды өте көп оқиды? Себебі, бүгінде адамдарға жігер беретін нәрселер өте аз. Шаршау,күйзеліс, сенімсіздік,коплекс осының барлығы бүгінде адамдардың алға қарай қадам басуына кедергі келтіреді. Міне, осындайда адамдар жол табу үшін, күйзелістен шығу үшін мотивациялық кітаптарға жүгінеді. Расымен де , бүгінде бұндай кітаптар өте қажет. Дегенмен де, қазақ классиктарынан асып біз ешқайда бара алмаймыз. Оны мойындау керек. «Қазақ биссимилләсі» Абайдан басталатындықтан Абайды оқымаған қазақ ол, қазақ емес! Себебі қазақты танығың келсе, Абайдан баста дейді. Қазақтың бар болмыс -бейнесін осы Абайдан таба аласың. Аxмет, Шәкәрім,Мұxтар сияқты алыптарымыз бір төбе. Осылардың қайсысы болмасын қазақтың қазақ екенін дәлелдейтін өшпес, мәңгілік тұлғалар! Қандай кітап оқысақ та, қанша кітап оқысақ та ең бастысы «Қазақ» екенімізді ұмытпайық!
Гүлғайм Ерболқызы, Еуразия Ұлттық университетінің«Қазақ журналистикасы» мамандығының 4-курс студенті:
Менің кітапқа деген сүйіспеншілігімнің деңгейін ешқандай сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол мәңгілік рухани азық болып жүрегімде сақтала бермек. Бұл мақаламның тақырыбы кітапқа деген менің жеке басымның құштарлығы емес, жалпы қоғамның оны оқу қарқыны, кітаптың өзектілігі,өміршеңдігі және өзге де маңызы бар мәселелер.
Қытайдың ұлағатты ұстазы, уағызгері Конфуций өз ілімінде ғылым мен технологияның қарыштауы адамзатты рухани азғындауға жетелейді деген екен. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын айтылған бұл ой – бүгінгі заманның шындығына айналып отыр. Ойлап қараңызшы, қазір көркем әдеби шығарманы оқитындар қатары сирек. Көпшіліктің таңдауы бүгінде кәсіби оқулықтар мен мотиваторларға, психологиялық әдістемелерге түсіп отыр. Бұған себеп адамның өзі өмір сүріп жатқан заманына сай көсілуі. Ал бүгінгі заманның талабын қандай десеңіздер, оның талабы бәсекеге қабілетті, ғылым мен білімнен хабардар, қысқасын айтқанда сезу қабілетінен ада робот тәріздес адам. Демек заманауи адамның адамгершілік қасиеттері ешкімді алаңдатпайды. Себебі адамның ізгілігі миллиондаған қаражатқа қол жеткізбейді. Ол зәулім ғимараттарды тұрғызбайды. Ол ушығып кеткен экологиялық мәселелерді қалпына келтірмейді. Ол ғылымға титтей де пайда әкелмейді, сондықтан оның құқығы шектеледі. Айтпағым, адамға рухани азық беретін жалғыз қайнар көз – көркем кітап. Ал қазіргі заман кітапты технологияға алмастырды. Нәтижесінде адам өміріне қолайсыз жағдайлар орын алды. Осындай қоғамда табиғатпен үндестікке баулитын көркем кітапты оқитындар мүлдем жоқ дей алмаймын. Әрине, бар. Бірақ аз. Бұл сұраққа берер жауабым осы.
Ал менің өмірімді өзгерткен кітапқа келетін болсақ, осы 21 жасыма дейін кітап оқумен көз майын тауыстым деп мақтана алмаймын. Сондықтан оқыған кітаптарымның ішіндегі ерекшесін атап өтпекпін. Мен үшін кітап атаулының ең кереметі – Шерхан Мұртазаның « Қызыл жебесі». Алғаш кейіпкермен біртұтас тұлғаға айналып, оның жан күйзелістерімен бірге күйзелген туындым – осы. Рысқұлдың бейнесі, ерен ерлігі күрескер азамат ретінде есімде мәңгі сақталады. Әке мен бала арасындағы көзге көрінбейтін жіптің бар екенін Рысқұлдың Тұрарға деген сүйіспеншілігі дәлелдей түскендей. Рысқұлдың екінші үйіне айналған абақты азабының аса ауыр сәттерінде оған қайрат берген жалғыз нәрсе – баласы Тұрармен қайта қауышатын күн. Рысқұлды 10 жылдық айдауға әкетер алдындағы бала мен әкенің қоштасу сахнасы кімнің де болсын жүрегін елжіретпей қоймайды. Отбасылық құндылықтарды, Отанға деген шыншыл махаббатты алғаш осы кітаптан сезіне алдым. Кітап оны оқыған адамның өмірін өзгерте алса, менікін өзгерткен шығарма – «Қызыл жебе» деп дөп басып айта аламын. Кім білер, бәлкім, болашақта талай ғажап туындыларды оқып, олардан да айрықша әсер алармын. Не болса да, мен үшін өзге кітаптар бір төбе, «Қызыл жебе» бір төбе болып қалатынына сенімдімін. Себебі бұл кітап жүрегімнің тереңінен ойып тұрып орын алды.