Сөз өнері дертпен тең». Туа-бітті сол «дертке» шалдыққандар қандай қиындықты бастан кешсе де, бәрібір жазбай тұра алмайды. Кейде өмір бойы иықтан түспейтін бір ауыр міндет арқалап жүргендей сезінемін. Қызмет пен отбасымыздың қым-қуыт тірліктерін атқара жүріп, «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», «Сіз іздеген әлем» атты кітаптарымды жаздым». Бұған дейін Qazir жазушы Заря Жұманованың біздің оқырмандарымызға ой тастаған түрлі тақырыптағы мақалалары мен әңгімелерін ұсынып келсе,бүгін оның шығармашылығы жайлы арнайы жазылған сұхбаттан таныса аласыздар.
ТІЛШІ: - Қазақстан Жазушылар одағында 800-ге жуық мүше бар екен. Соның басым көбі - ер адамдар. Қазір өндірте жазып жүрген, есімдері елге таныс қаламгер әйелдер өте аз. Ақындарға қарағанда, жазушы әйелдердің саны тіпті саусақпен санарлықтай ғана. Бастапқыда жылт етіп көрініп, көп ұзамай ізім-қайым жоғалып кететін қыздарымыз қаншама! Сіздің ойыңызша, бұның себебі неде? Қазақ қыздарының жігіттерден таланты кем бе?
З.Ж.: - Жоқ. Қазақ қыз-келіншектерінің таланты ешкімнен кем емес. Бірақ, олардың табиғат мойнына жүктеген өз міндеттері бар. Тұрмыс құрып, ақ босаға аттаған қаламгер қыздардың шығармашылық бағының жануы көбінесе етегінен ұстаған азаматына байланысты. Қалайда келген жеріне балдай батып, судай сіңу үшін Құдай берген қабылетін құрбандыққа шалатын қыздар аз емес. «Кейін, балаларым өскесін, бәрі өз аяқтарына тұрғасын жазармын» немесе, «Кейін кең үй-жайым, оңаша кабинетім, жақсы үстелім, жеке компьютерім болар, сол кезде ойымдағының бәрін армансыз төгермін»,-деп өздерін жұбауратып жүргенде, шабыттанып, шаттанып, шамырқанып, өндірте жазатын кезі уыстан сусып шығып кеткендерін өздері де байқамай қалады.
ТІЛШІ: - Ия, арасында екі кеменің басын ұстап, бірақ, суға кетпей жүрген Сіз сияқты қыз-келіншектер де бар ғой...Жазушы болуды бала кезден армандадыңыз ба?
З.Ж.: - Жазушы боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бірақ әйтеуір оқушы кезден журналист болуды армандағаным рас. Көркем әңгіме жазуға жастай икемім болды. Тұңғыш новеллам мектепте 9-сыныпта оқып жүрген кезімде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне шықты. Студент кезімде «Жаңбыр иісі» деген ең алғашқы көлемді әңгімем «Қазақстан әйелдері» журналының айқара бетіне шықты. Ол кезде сол журналды жаздырып алмайтын қазақ отбасы жоқ шығар-ау! Әйтеуір, қайда барсам да тамыр-таныс, тума-туыс, жора-жолдас, көрші-көлем: ««Қазақстан әйелдеріне» шыққан әңгімеңді оқыдық»,-дегенде, төбем көкке жеткендей қуанғам...
«Сөз өнері дертпен тең». Туа-бітті сол «дертке» шалдыққандар қандай қиындықты бастан кешсе де, бәрібір жазбай тұра алмайды. Кейде өмір бойы иықтан түспейтін бір ауыр міндет арқалап жүргендей сезінемін. Қызмет пен отбасымыздың қым-қуыт тірліктерін атқара жүріп, «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», «Сіз іздеген әлем» атты кітаптарымды жаздым. Өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі «Ақбота» деген кітабымның қолжазбасын сатып алды. Әлемнің 6 тіліне аударуда. 5 мың таралыммен Қазақстандағы орталық кітапханаларға таратылады деген, сол күнді асыға күтіп жүрмін.
ТІЛШІ: - Елге танымал Темірхан Медетбек, Қанипа Бұғыбаева сияқты арқалы ақын-жазушылардың көбі Әбу Сәрсенбаевты ұстаз тұтқан екен. Тіпті күні кеше өмірден өткен Шерхан Мұртаза ағамыздың да тырнақ алды тұңғыш туындыларының республикалық әдеби басылымдарда жарық көруіне абыз Әбу ақсақалдың ықпалы тиіпті. Сіздің де мектепте оқып жүрген кезіңізде абыз ақсақалдың батасын алып, кейін студент кезіңізде тәлім-тәрбиесін көргеніңізден хабардармыз. Ол кісіден көрген-түйгеніңіз көп пе?
З.Ж.: - Студент кезімде көбінесе Әбу атамыздың үйінде жүрдім. Әжеміз - Ләзиза Серғазина - Керекудің алғашқы кәсіби журналист қызы, бірнеше жылдар бойы «Қазақстан әйелдері» журналының жауапты хатшысы болған, өте бір мықты, ерге – ер, серіге – серік болатын адам еді. Қонақжай, көпшіл, мұқтаж адамдарға жаны ашығыш, адам жатырқамайтын және өте білімді адам еді. Атамызбен үнемі «Әбеке, Сіз» деп қана сөйлесетін. Бір-біріне дауыс көтеру түгілі, қабақ шытқандарын көрген емеспін. Қонақ бөлменің екі қапталында екеуінің бөлмесі болатын. Түнімен екі жақта екеуі жазу жазып отыратын.
1982 жылы Ләзиза әжеміз өмірден өтті. Өмір бойы күнделік жазған адам еді. Сол күнделіктерді іріктеп, баспаға әзірлер кезде атамыз, ішкі әлеміне рұқсатсыз енгені үшін жарының рухынан кешірім сұрап, хат жазыпты. Оны Райхан апам - Әбу атамның жалғыз қызы тауып алып, маған көрсетті. Не деген ілипат! Не деген тектілік! Осындай жаны шуақты жандардың тәлім-тәрбиесін көргеніме шүкіршілік етемін.
ТІЛШІ: - Сіз неге шығармаларыңызға көбінесе қыз-келіншектер өмірін арқау етесіз?
З.Ж.: - Өйткені редакциямызға тағдыр тәлкегіне тап болған қыз-келіншектер жиі келетін. Кейбірі «Көңілдің кірі айтса кетеді» деп, әркімге аша бермейтін жан сырларын ақтарып салатын. Солар айтқан әңгімелер көп уақыт көңілімде жаңғырып, көкейімнен кетпей жүретін. Кейде жұрт аяғы басылғасын, аядай ас үйде отырып, сол әңгімелерді қағазға түсіріп жүрдім. Жезқазғанда біз бастапқы жылдары студенттік жатақхананың жалғыз бөлмесінде, сосын тап-тар пәтерде тұрдық. Алаңсыз шығармашылықпен айналысатындай мүмкіндігім болған жоқ. Келімді-кетімді қонақ, бала-шаға. Бәрінің бабын табу керек...Күйеуім кандидаттық диссертациясын жазамын деп Мәскеуде, Алматыда жүрді, кейін докторлығын қорғады. Жезқазғанда жүргенімде атаммен үнемі хат алысып тұрдым. Менің әдеби ортадан шалғай жүргеніме қатты алаңдайтын. Шығармашылықтан мүлде қол үзіп кете ме деп қауіптенетін. 20 жылдан кейін Жезқазғаннан Алматыға қоныс аудардық. Өкінішке орай, Әбу атам өмірден өтіп кеткен кезде, өзім қаншама жыл аңсаған ортама қосылдым.
Ғ. Мұстафиннің 100 жылдығына орай Жазушылар Одағы жариялаған жабық бәйгеге бүркеншік атпен бір әңгімемді ұсынғам, сол 1-орын алды. Содан бастап, өзіме деген сенім пайда болып, әңгіме жазуға батыл кірістім. Бірнеше жыл «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болдым. Хабар» теларнасында қызмет еттім. Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өттім. Бірнеше әдеби байқауларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алдым. 2010 жылы тәуелсіз «Алтын қалам» бәйгесінде «Жылдың үздік прозасы» номинациясы бойынша жүлдегер атандым.
ТІЛШІ: - Алайда, кеңес заманында аты шыққан Фариза апай, Қанипа апай, Шарбану апай, Кәмилә апай, Марфуға апай, Ақұштап апайлар болмаса, әдебиетке кейін келген Сіз сияқты қыз-келіншектерді жалпы халық онша жақсы білмейді. Соның себебі неде?
З.Ж. - Өте орынды сұрақ. Келмеске кеткен Кеңес заманында ақын-жазушыларға, ең алдымен, коммунистік партияның идеологтары ретінде қарап, мемлекет қамқорлық жасады. Қаламгерлер демалыс үйлеріне барып, миларын тынықтыратын. Табиғаты тамаша, у-шудан оңаша шығармашылық үйінде жатып, алаңсыз кітап жазатын. Тіпті қомақты қаламақыларының сүбелі бір бөлігі кітап шықпай жатып, алдын-ала қолдарында жүретін. Сондықтан олар күйкі тірліктің күйбеңімен өмірін босқа өткізбей, тек шығармашылық жұмыстармен айналысатын. Баспадан шыққан кітаптарын қайда таратамын деп бас қатырмайтын. Жүздеген мың таралыммен шыққан кітаптар Қазақстанның ең түкпірдегі ауылдарына дейін жететін.
Оқырмандардың ақын-жазушыларға деген құрметі айрықша болды. Өйткені ол кезде қазіргідей топан су боп төгіліп жатқан интернет, сайт, портал, әлеуметтік желілер, түрлі ақпараттық ағындар жоқ. Телехабарларды тек ірі облыс орталықтары мен үлкен қала тұрғындары болмаса, шалғай аудан, алыс ауылдағылар тек бертін келе көре бастағанын өзіңіз де жақсы білесіз. Халық жаңа кітапты бір-бірінен сұрап алып оқитын. Рухани шөліркеп жүрген қарапайым халық таңдайларына тамшылап су тамғандай рахаттанды. Жазушылардың есімдерін есте ұстады.
Таланттылардың бәрі тек кеңестік кезеңде өмір сүрген екен деп тұжырым жасамау керек. Қазір де, шүкір, ақын-жазушылар арасында Ділдәр Мамырбаева, Камал Әлпейісова, Гүлнәр Шәмшиева, Шәмшия Жұбатова, Гүлзада Ниетқалиева, Мира Шүйіншәлиева, Айгүл Кемелбаева, Мәдина Омарова, Аягүл Мантаева, Гүлзат Шойбекова, Айгүл Асылбекова, Қалампыр Кенжеғалиқызы, Маркиза Базарбаева, Несібелі Рахмет, Қаршыға Есімсейітова сияқты қаламы қарымды, өзі дарынды қыз-келіншектер бар.
Олардың көбі күндіз газет-журнал редакцияларында жұмыс істейді. Түн ұйқысын төрт бөліп, көзінің майын тауысып жазған жаңа кітаптары жалпақ елге кеңінен тарап жатқан жоқ. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың өзі әрі кетсе, 2 мың таралымнан аспайды. Сондықтан, бізді күллі қазақ білмейді. Бірақ, әдеби орта жақсы біледі. Әдебиет - қазір жалпы көпке емес, талғамы нәзік, талабы биік дегдар топқа ғана тиесілі.
Сұхбаттасқан: Раиса ҮМБЕТБАЕВА,
«Қазақ ұстазы» республикалық журналы
бас редакторының орынбасары.