«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған күннен бастап еліміздегі киелі жерлердің , қасиетті нысандардың тізімі жасалып,олар жалпыұлттық және өңірлік нысандар ретінде бөлініп қарастырылғаны белгілі. Бүгінге дейін бірнеше топқа жіктелген 100 жалпыұлттық және 500-дей өңірлік нысандар тізімі анықталып,екі кітап жарық көрді. Орталықтың жүзеге асырып жатқан жұмыстары жайлы «Қасиетті география» сектор бөлімінің жетекшісі Анар Екімбаевамен сұхбаттан толық таныса аласыздар.
Тілші: Жыл бойы орталықтың бірнеше өңірлерде ұйымдастырылған ғылыми конференциялары мен киелі жерлерді насихаттау шаралары жайлы көпшілік хабардар. Биыл сіздер қандай бағыттағы жұмыстарға басымдық бердіңіздер?
Анар: Қазір біз өлкетанушылармен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз.Өңірлік жалпыұлттық екі штаб бойынша өлкетанушылар анықтамалығын жасамақпыз.Бүгінге дейін тізімге алынған нысандарға қатысты әрі қарай анықтау жұмыстарын жаңа қырынан,соны деректермен толықтыру қажет. Себебі өзіңіз байқаған шығарсыз ел аузында бір нысан бойынша бірнеше аңыздар кездеседі. Абат- Байтақ туралы үш түрлі аңыз бар екен,Қоңыр әулиеге қатысты да бірнеше аңыз бар.Соған байланысты әрбір өңірдің өлкетанушыларымен бірлесе отырып,жаңағы нысандар жайлы аңыздарды тереңдеп зерттеп,бір жүйеге келтіруді мақсат етіп отырмыз.Әрбір өңірлерде өлкетанушылардың одағы құрылып жұмысымыз жанданып,жалғасуда.Бұған дейін өңірлерге арналған энциклопедияның алғашқы томы шыққанын білесіздер.Ол Астана мен Алматы қалалары, Ақмола мен Алматы облыстарына арналған болатын,ал екінші том Ақтөбе,Атырау,Маңғыстау,Батыс Қазақстан облыстарына арналып жарық көрді.Бұл жерде де жүйелі жұмыс жүргізілді деп айтар едім,арнайы сол өңірлерге далалық экпедициялар шығарылды.
Тілші: Шығарылған дүниелерді насихаттау жағы қалай ?
Анар: Біз насихаттауды да ұмытқан жоқпыз.Бір жыл бойы тізімге енген нысандар таныстырылды,енді оны зерттеу жұмыстары басталды деп айтуға болады.Алдымен аңыздардың тарихын,батырлар жайлы деректерді жинап,әрбір өңірлерде конференция өткізіп,соның негізінде ғылыми жинақтар шығарылып жатыр.Конференция барысында сол өңірдегі қасиетті нысандар тізіміне енген киелі жерлерге қатысты өлкетанушылардың зерттеген еңбектері мен аңыздарға да ерекше мән беріледі.
Тілші: Тарихи тұлғаларға қатысты деректерді тек өз еліміздің ішінен ғана емес,басқа елдердің архивінен де іздестіресіздер ме?
Анар: -Әрине. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында осы архив мәселесіне де жіті мән беруімізді атап көрсетті .Жақында Мәскеуде болғанымызда көптеген деректер іздестірдік,өңірлерде де осы жүйені қолданып,алдағы екі жылда әлі талай жаңа деректер табамыз деген ойдамыз.
Тілші: Сіздер шығарған екі кітапқа енген аңыздар мен ел аузындағы әңгімелерді біз жастайымыздан оқып өстік,көбісін білеміз,сондықтан бізге жаңаша жазылған,бұрынғы нұсқалары зерттеліп-зерделеніп, толықтырылған дүниелер керек
Анар: -Шындығына келсек,өңірдегі өлкетанушылар үшін басқа елдерге барып архив ақтаруға,тың деректер табу үшін қаржы мәселесі қолбайлау болатыны рас.Енді осы мәселелер шешімін тауып,қолға алынбақ. Ел аузындағы бірнеше аңыздарды тереңдете зерттеу арқылы болашақта көп дүние толықтырылатыны сөзсіз.
Тілші: Кітаптар мен энциклопедиялар шығару жүйелі түрде жұмыс істеп отыр екенсіздер, ал бейне роликтер мен деректі фильмдер мәселесі қалай?
Анар:- Былтыр 30 бейнероликтер дайындалса,биылдың өзінде 80 қасиетті нысан жайлы бейнероликтер түсірілді.Сонымен қатар,қысқаметражды фильмдер де бар. Киелі жерлердің картасы жасалынды.Мобильдік қосымшалардан ашып қарауларыңызға болады.Кез келген шетелден келетін қандастарымыз өздері барғысы келетін нысандарды қарап,қалай оған баруға болады,маңайында түнейтін жерлері бар ма соны барлығын көре алады.
Тілші: Осы жұмыстардың бәрінде де жас ұрпақты қасиетті жерлерді таныстыру мен насихаттау арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу,тарихқа деген қызығушылығын арттыру көзделген емес пе?
Анар: Әлеуметтік желілерді қарап отырғандар жастардың бәрін тарихи дүниелер қызықтырмайды деп ойлайтын шығар. Сондықтан өлкетану музейлері мен табиғатты қорғау инспекциялары қызметкерлері әрбір мектептерге барып насихаттау жұмыстарын жүргізуде.Өзім қатысқан мәдени іс-шаралар барысында аңғарғаным, мектеп оқушылары мен студенттер арасында туған жеріндегі киелі жерлер мен ол жайлы аңыздар,тарихи тұлғаларға қатысты деректер,атқарылып жатқан жұмыстарға қызығушылығы ерекше. Біз шығарып жатқан энциклопедияларымызды елдегі кітапханалар мен музейлерге тегін таратып жатырмыз.
Тілші: Биылғы жылдың аяқталуына да аз ғана уақыттар қалды. Келесі жылы осы бағытта қандай жұмыстар атқарылмақ?
Анар: Келесі жылдың жоспарында энциклопедияның үшінші томын шығару тұр. Ол Қарағанды,Қостанай,Қызылорда өңірлеріне арналмақ.Одан кейін шетелдегі киелі жерлерді анықтау жұмысы қазір басталды,оны әрі қарай жалғастырамыз. Алдағы уақытта өңірлердегі өлкетанушылардың форумын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Өйткені, тарихшылар басқаша деректер айтса,сол өңірде отырған шежірешілер мен өлкетанушылардың өз айтар ойлары мен жинаған деректері бар.Қазірдің өзінде жалпыұлттық киелі нысандар мен өңірлік нысандар жайлы талқылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.Біздің бұған дейін шығарған екі кітап ол жиналған тізімдер ғана,қатып қалған емес,оны өлкетанушылар қарап отырып, одан әрі жаңа деректермен толықтырады, әлі біраз дүниелер зерттеліп қосылады деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан : Бибінұр Жансейіт