Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы - еліміздегі саяси интеграцияның нышаны. Бұрын бір анықтама алу үшін бітпейтін кезек пен түрлі кабинеттерге алтын уақытын сарп ететін халық, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы барлық құжаттарын бір демде реттеу мүмкіндігіне ие болды. Көпшілік «бір терезе» деп атаған бұл мекеме, әртүрлі жаңғыртулар мен оңтайландыруларды бастан өткере отырып, бүгінде ешкім күтпеген жетістіктерге жетті. Алғаш құрылғанда 25 мемлекеттік қызмет түрін көрсеткен орталықтар, бүгінде 598 қызмет түрін көрсететін үлкен мемлекеттік корпорацияға айналды.
Бүгінде халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсынудың «бір терезе» әдісінен «бір өтініш» түріне дейін өзгерту бағытында жұмыстар қолға алынды. Азаматтар көптеген қызметтерді ХҚО-ға келмей-ақ үйде отырып алатын деңгейге жетті. Азаматтар үшін сапа, жайлылық және барынша оңайлату мемлекеттік корпорацияны дамытудың басты басымдықтарының бірі болып табылады.
Қазіргі таңда мемлекеттік корпорацияның әрбір фронт-офисі өзіне-өзі қызмет көрсету «Connection Point» секторымен жабдықталған, ол жерде «электрондық үкімет» порталы және басқа да мемлекеттік ресурстарға шығу мүмкіндігімен қамтамасыз етілген жұмыс орындары ұйымдастырылған. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында азаматтар өз бетінше ЭЦҚ алуға өтінім беруге, сондай-ақ электрондық қызмет пен сервистер алуға мүмкіндігі бар. Бүгінде реестрдегі 741 мемлекеттік қызметтің 454-і, яғни 61% электрондық форматта қолжетімді. Жыл өткен сайын электрондық жолмен көрсетілетін қызмет саны өсіп отырады, 2020 жылы оның үлесі 90% құрауы тиіс. Осы жылдың 11 айы ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 30 млн-нан астам қызмет көрсетті, оның 16 млн-ға жуығы электрондық форматта.
Жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша 775 528 ЭСҚ беріліп, өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында 1,5 млн. қызмет көрсетілді.
Мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа нұсқасы болып табылатын цифрлық ХҚО-лар ашу, өмірлік қажетті мемлекеттік қызметтер проактивті тәсілмен ұсыну, композиттік қызметтер және т.б. көптеген жұмыстар қолға алынуда.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске қосылған сервистердің бірі - мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсыну. Мұны өркениеттің басты белгілерінің бірі десек те болады. "Проактивті формат" қағидаты бойынша азамат қызмет алуға жүгінбейді, мұнда мемлекет телефон арқылы мемлекеттік қызметті алуды ұсынады.
Проактивті форматтағы алғашқы қарлығаш - бала тууға байланысты мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсыну қызметі болды. Бұл жобаға сәйкес жаңа босанған әйелдер телефон арқылы сәбиін тіркетіп, туу туралы куәлік жасатып, балабақшаға кезекке қойып, тіпті тиесілі жәрдемақыларды рәсімдей алады.
Яғни, балалы болған ата-анаға туу туралы куәлік алу үшін баланың аты-жөнін, жәрдемақылар тағайындау үшін шот нөмірін және балабақшаға кезекке қою үшін мекенжайын көрсету ұсынысымен автоматты түрде SMS-хабарлама келеді. Нәтижесінде, өтініш беруші ХҚО-ға дайын құжаттарды алып кету үшін ғана барады немесе үйге жеткізу қызметіне тапсырыс бере алады.
Ал, композиттік қызмет дегеніміз - тұрғындар мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне бармай-ақ бірнеше қызметті бірден алу мүмкіндігі. Біз бұрын «бір терезе» десек, енді «бір өтініш» қағидатына қадам бастық. Бірнеше қызметті бірден алу, яғни композиттік қызмет түрі азаматтар үшін уақыт үнемдеу жағынан ғана емес, қаржылық тұрғыдан да тиімді. Мысалы, жер учаскесіне қатысты төрт түрлі қызмет «Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру» деген атаумен бір мемлекеттік электрондық қызметке тоғыстырылды. Тағы бір мысал, мүгедектікті белгілеген жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптаманың шешімі бірден Электрондық үкіметтің порталына қойылады да, осы мәліметке сәйкес, мемлекеттік корпорация жәрдемақыны тағайындап, ал жергілікті атқарушы орган қажетті көмектерді (мүгедектерге арналған арба, тифлоқұрал, т.б.) көрсете береді. Осылайша, қызмет алушы екі органға бармай-ақ, көп құжаттың орнына бірнеше құжатты ғана жинайды.
Іске қосылған тағы бір қолайлы сервис,«Азаматтарға арналған үкіметті» қағазбастылықтан құтқаратын «Анықтамасыз қызмет» сервисі. Енді азаматтар мемлекеттік органдарға мекенжай анықтамасын, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және жылжымайтын мүліктің болуы/болмауы туралы анықтамаларды қағаз жүзінде апаруға міндетті емес. Электрондық үкімет порталында «Анықтамасыз қызмет» - «Paper free» сервисі іске қосылған. Пилоттық жобаға сәйкес SMS-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда үшінші тұлғаларға ақпараттық анықтамалар ұсынуға мүмкіндік береді. Paper free – қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда Мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдарға Электрондық үкімет арқылы анықтама беру қызметі. Бұл қызмет түрі ХҚО қызметкерлерінің қатысуынсыз өтеді. Ал азаматтар жеке мәліметтерін беру-бермеу жөнінде шешімді өздері қабылдап, SMS-хабарлама арқылы жауап береді.
Бұл сервисті қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. «Анықтамасыз қызмет» механизіміне сәйкес мүдделі тұлға электрондық үкімет порталында авторизациядан өтуі тиіс. Сосын «Үшінші тұлғалардың анықтама алуы сервисі» бөлімін таңдап, қай азамат туралы мәлімет алғысы келеді соның жеке сәйкестендіру нөмірін жазуы тиіс. Егер азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде азаматқа SMS-хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру/бермеу жөнінде шешім қабылдауды сұрайды. Азамат екі сағаттың ішінде жауап беруі тиіс.
Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «SmartPay» провайдерімен бірге пилоттық тәртіпте fastpay.kz онлайн-сервисін іске қосты. Енді қолма-қол ақшасыз есептесуді қалайтын азаматтар кең таралған 37 мемлекеттік қызметтің ақысын тек қана банк карталары арқылы ғана емес, «WebMoney», «Qiwi» и «WalletOne» электрондық әмияндары арқылы да төлей алады.
Сондай-ақ fastpay.kz онлайн-сервисінің көмегімен көлік, жер және мүлік салығын, әкімшілік айыппұлдар мен жол ережесіне қатысты айыппұлдарды төлеуге болады. Алдағы уақытта бұл тізім толыға түседі.
Жаңа сервис - мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырып, халыққа қызмет көрсету саласын цифровизациялауға жасалған кезекті қадам.
Жақында биометриялық параметрлер негізінде мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Енді қызмет алушылар ХҚО-лар мен электрондық үкімет порталында төлқұжат пен ЭЦҚ-ны пайдаланбай-ақ, саусақ ізі және бет-бейнесін сканерлеу арқылы тұлғасын растай алады.
Биометриялық сәйкестендіру әдісін енгізу – бөтен адамдардың құжаты негізінде сәйкестендіру қауіпін жоя отырып, қазақстандықтардың мемлекеттік қызметті сапалы алуларына жол ашады. Ғалым Қарқынбаев
Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры.