Елімізді сыртқы жаудан қорғауда ақылды қолбасшы әрі аса ірі тарихи тұлға болған Бәйдібек би жайлы толығырақ «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Қарашаұлы Бәйдібек (VІ-VІІ ғғ.) – Жетісу алабындағы көшпелі тайпалар көсемі. Ұрпақтарының айтуынша, туған жері Ташкент. Қаратау өлкесінде өмір сүрген. Ақыл-парасатымен, ерлік істерімен елге ұйытқы болған тарихи тұлға. Өз заманында көшпелі елдің басын біріктіріп, елді, жерді сыртқы жау шапқыншылығынан қорғауды ұйымдастырушы және бастаушы, ақылшы, қолбасшы ретінде көрінетін аса ірі тарихи тұлға болған. Ел ішіндегі қария сөздер – далалық ауызша тарихнама бойынша, Ұлы жүздің үйсін бірлестігінің құрамындағы албан, суан, сарыүйсін, шапырашты, ысты, ошақты тайпалары Бәйдібекті өздерінің түп атасы деп біледі. Бәйдібек би жалпақ жатқан Жетісуды, Арыс өзенінің шұрайлы алқаптарын, Қаратау мен Ташкент алабын қоныс етіп, ондағы ру-тайпалардың бас біріктіруіне, ұлы жүзге ұйытқы, ел болып ұйысуына ықпал еткен. Ел халқына жайлау таңдау мақсатымен Қаратаудың құйқалы күнгейі мен Боралдай, Қазығұрт тауының шұрайлы жерлеріне көшіп жүрген.
Ел аузында Бәйдібек бабаның некелеп алған үшінші жары Нүриланың Қыдыр дарып, бақ қонған асыл текті Домалақ анаға айналғаны туралы шежірелі әңгімелер көп сақталған. Бәйдібек Қарашаұлы қазіргі Бәйдібек би елді мекенінде дүниеден өткен. Сүйегі Балабөген өзенінің жағасында жерленген. Оның өмірі, заманы, өскен ортасы жайлы тарихи деректемелер негізгі Қазақ елінің шежіресі, ел ішінде сақталған аңыз-әңгіме және әйгілі Шығыс зерттеушісі ғалым-этнограф Николай Аристов, Шоқан Уәлиханов жазбалары арқылы баяндалады. Бәйдібек би кесенесі Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Бәйдібек ата ауылының аймағында орналасқан. 1996 жылы Бәйдібек Қарашаұлының Қарахан дәуірі үлгісіндегі Балабөген өзенінің биік жағалауында ежелден сақталған көне мазар күмбезінің орнына, жаңа үлгіде қайта салынды.
Бәйдібек ата кесенесін салуға Самарқанд, Ташкент, Сайрам, Шымкент шеберлері қатысқан. Бәйдібек кесенесінің күмбезбен көмкерілген ғибадат бөлмесіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы баба рухына арнап, салмағы 6 тонна бесік мүсінді ақ мәрмәр құлпытас қойған.
Бәйдібек, Домалақ ана кешендерінде 20002001 жылдары жүргізген қазба жұмыстары тарихи тұлғалардың қоғамда алар орнына, өмір сүрген заманына қатысты толымды дерек-мағұлматтар беріп отыр. Солардың ішінде VІ-VІІ ғасырда шығарылған тиын теңгелер Бәйдібек пен оның жұбайы Домалақ ананың өмір сүрген заманына, олардың әлеуметтік мәртебесіне елеулі айғақ ретінде ден қойдырады. Халық жады арқылы атадан балаға жалғасып жеткен қария сөздер Бәйдібектің ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге ұйытқы болып, көреген көсемдігімен жұртқа танымал тұлға болғанын аңғартады.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .
Фото: ашық ақпарат көзінен.