2019 жылдың 11-12 қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласы, «Көрме» орталығында әр өңірден іріктеліп, үздік атанған отандық тауар өндірушілер жиналатын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы өтеді, деп хабарлайды Qazir.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Көрме-байқауды «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отыр. Биылғы көрмеге 153 отандық кәсіпорын өз өнімдерін «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша ұсынбақ.
Көрме-байқаумен қоса «Атамекен» ҰКП Азия Даму Банкі, Қазақстан қолөнершілер одағы және Ұлттық курорттық қауымдастықпен бірлесе отырып «Ұлы дала елі» форумын өткізеді. Бұл жерде отандық қолөнершілер, халықаралық спикерлер, шетелдік елшіліктер, сауда-өнеркәсіп палаталары мен отандық және шетелдік сауда желілері, өнім дистрибьюторлары жиналады.
Форум аясында екі көрме өтетін болады. Біріншісі – 70-ке жуық қолөнер шеберлерінің өнімдері ұсынылатын Дәстүрлі қолөнер бұйымдарының көрмесі. Олардың арасындағы ең танымал шеберлер қолөнердің әр түрлі бағдары бойынша көрмеге келушілерге арнап тегін шеберлік сағаттарын өткізеді (күмістен, былғарыдан, саздан, киізден бұйымдар жасау және т.б.). Ал екіншісі – Сауықтыру және медициналық туризм көрмесі.
Басты мақсат – келушілерге Қазақстандағы сауықтыру және медициналық туризмнің барлық мүмкіндіктерімен таныстыру. Барлық отандық санаторийлер мен балшықпен емдеу орындары, минералды көздердегі пансионаттар мен демалыс орындары, минералды және асханалық суды өндірушілер, SPA, үздік медициналық және оңалту орталықтары келушілерге өз өнімдері мен қызметтерін таныстырады.
Елорда тұрғындары мен қонақтары тауар өндірушілермен танысып және өндірушілердің өздері ұсынған бағада тауарларды төмен бағада сатып ала алады. Көрмеде нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер, сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар, текстиль және киім-кешек, құрылыс материалдары, медициналық бұйымдар, корпустық жиһаз және т. б. қазақстандық тауарлар ұсынылатын болады.
Фото: astana.gov.kz