«Шаһарларға саяхат» айдарынан Ақтөбе облысындағы Қандығаш қаласының өткені мен бүгіні жайлы таныса аласыздар.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Шаһар облыс орталығы саналатын Ақтөбе қаласынан оңтүстікке қарай 90 км жерде орналасқан. Төрт жолдың торабы болып есептелетін шаһар елдің маңызы бар теміржол бекеті. Мәскеу-Ташкент пен Атырау-Орск теміржол түйісінде орналасқан.
2. Шаһардың өткені жайлы бір үзік сыр. Қаланың атауына тоқталатын болсақ, бір нұсқа бойынша «қандыағаш» атты ағашпен қатысты делінсе, екінші нұсқа XVII-XVIII ғасырларда болған қазақ-қалмақ соғысындағы бір оқиғамен байланыстырылады.1967 жылы қаланың аты Октябрьск болып өзгертілген, кейін өзінің тарихи атауына қайта ие болды. Шағын ғана 2 орта мектебі мен 1 ауруханасы , 5-6 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекеннен 1967 жылы қала мәртебесін иеленгесін шаһар өркендеп даму бағытына түсті.
3. Қаладағы халыққа қызмет көрсету орындары.
Қазіргі таңда қалада 6 жиһаз дүкені, 3 наубайхана, 14 дәріхана, 9 мейрамхана, 31 кафе, 1 базар, 1 коммуналдық базар, 1 жабық базар, 10 автокөліктерге қызмет көрсету бекеттері, 6 көлік жуу бекеті, 5 пластик цехы, 2 ағаш өңдеу цехы, 3 жолаушыларды тасымалдау қызметі және 3 қалаішілік маршрут жұмыс істейді.
4.Шаһардағы әлеуметтік мекемелер. Әлеуметтік салада 5 жалпы білім беру орны, 6 мектепке дейінгі балалар ұйымы, 1 спорт мектебі, 2 колледж, 1 аудандық аурухана, 1 туберкулез ауруханасы, 1 жеке медицина мекемесі бар.
5.Қаладағы бұқаралық спорттың дамуы. Қалада бұқаралық спортпен айналысу жақсы жолға қойылған. Соңғы жылдары пайдалануға берілген жаңа заманауи №1 орта мектебінде 2 спорт зал, мектеп жанында футбол алаңы,волейбол алаңы және спорттық алаң орналасқан. Сонымен қатар 91 998,2 млн.теңгеге «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеушілік көмек арқылы Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясының ауласына және Қазақстан теміржолы вокзалының алдына әмбебап (спорт, балалар) алаңын салса, шаһарда 3 жерде мектеп оқушыларына арналған спорт алаңдары бар.
6.Қаланың даму белестері. Қандыағаш 1967 жылы қала мәртебесін иеленгеннен кейін дами бастады, 1976 жылы Қандыағаш маңынан фосфор кенінің табылуына байланысты мұнда Шилісай фосфор фабрикасы ашылды. Ресми деректерге сүйенсек,шаһардың қанатын кеңге жайып дамуына "Шилісай" фосфор фабрикасы мен "Жаңажол" мұнай кенінің игеруі септігін тигізді. 2006 жылы қалада "Болашақ" шағын ауданы бой көтерді.
7. Қандыағаш қаласы –Мұғалжар ауданынын орталығы.
Аудан аумағымен “Бұқара-Орал”, “Жаңажол-Ақтөбе” газ құбырлары өтуде. Алыс және жақын шетелдердің 10-ға жуық ірі компанияларының жұмыс істеуі ауданның сауда-экономикалық қызметінің қанат жаюына мүмкіндік беруде. Кәсіпорындардың өнім өндіру көлемі артты, шетелдік өнімдерді алмастыратын өндірістер даму үстінде. Шағын қала болса да, үлкен тарихы бар Мұғалжар ауданынының орталығы ретінде Қандыағаш қаласының өсуі мен өркендеуіне жақсы мүмкіндік бар деп айтуға болады.
Ашық көздердегі мәліметтерді жинақтаған : Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.