Еліміздің Одақтың құрсауынан арылып үлгермеген уақытында, қоғамдық сананың сілкінуіне түрткі болған қозғалыстың құрылуының өзі жаңа дәуірдің басталып келе жатқанының белгісіндей еді. Үш жүздің басын қосып,татулықтың тал бесігі атанған, дала өркениетінің алтын кіндігі- «Ұлытаудың» атын иеленген қозғалыстың да бірнеше бағытты таңдап алып, халықтың көңілінен шығатын іс тындырғанын, мақсатына жеткен қозғалыс болғанын жезқазғандықтар ризашылықпен айтады. Орда бұзар отызында қоғамдық қозғалыстың төрағасы болған Әлихан Мұхамедияұлы Бәйменов, одан бері арада отыз жыл уақыт өтсе де бұл қозғалыстың жұмысын жандандырып, мысты өңірдегі әлі талай мәселелерді шешу қажет деп санайды.
- Сіздің қоғамдық қозғалысты «Ұлытау» деп атауыңызға қасиетті өңірдің тарихына қатысты мәселелерді көтеруді мақсат тұтқан деп ойлауға да болады, бірақ оның саяси,тарихи әрі мәдени тұрғыдан да шешімін таппаған дүниелерді батыл көтергені көпшілікке белгілі...
- Ол уақытта әлі саяси ұйым құруға болмайтын кез,сондықтан қоғамдық бағыттың ішінде тіркеуге болады –ау деген экология мен мәдени мұраны сақтау деген бағытты таңдап алдық.Осы екеуін де ұштастыратын табиғаттың сұлулығы мен мәдени-тарихи біздің ерекше құндылығымыз- Ұлытау деп атауды мен ұсындым. Біз ауыз судан бастап,ауаның тазалығы,басқа да экологиялық мәселелерді көтеруіміз керек болды. Байқоңырдан зымырандар ұшқанда ауа-райының құбылуы,олардың сынықтары біздің далада жүрген малшылардың жанына құлап,олар оның зиянын білмей,талай зардап шеккендері, даладағы киіктің қырылғаны бар,осының барлығын есептей келе біз бірте-бірте ең кезек күттірмес шаралардың тізімін жасадық. Мақсатымыз - қоғамды оятып, сананы сілкіндіріп,билікке талап қойып үйрену және соны жүзеге асыру болды.
- «Ұлытау» қозғалысы біздің өңірде тәуелсіздікке дейін құрылғандықтан,оны тіркетуде, ойға алған жұмыстарды жүзеге асыруда кедергілер болған жоқ па?
- Мен қозғалыс құжаттарын апарып тапсырғасын,біраз уақыт өтті, жауабын күтіп, қайта-қайта атқару комитетінің хатшылығына хабарласамын. Ол кезде қозғалыс туралы ақпарат тарап,қоғамда беделі күшейіп келе жатыр. Енді онымен санаспауға болмайтындай жағдайға жетті. Оның үстіне менің ойымша, сол кезде Жезқазған облысын басқарған Ежиков-Бабаханов,Шәріпбек Шардарбеков,Сырым Сапарғалиев олар Орталықтан келген,қайта құруды көрген , қоғамдық пікірмен санаспауға болмайтынын түсінген секілді. Оның ішінде өзіміздің Сағындық Қожамсейітов ағамыз осы салаға жауапты адам ретінде бұл мәселеге тікелей түсіністікпен қарайтынын білдіретін.
Ал,қаланың сол кездегі 1988-89 жылдардағы басшылығы бұлар керісінше, керітартпалау болды. Содан не керек, болмағасын мені қалалық атқару комитетінің жиналысына шақырды. Онда атқару комитетінің мүшелері отырды және бірінші хатшыны шақырған. Бірінші хатшы кейін марқұм болып кетті, ол кісі бірден қарсы сөйлеп: «Сендер қазақтың қанын қоздырайын деп жүрсіңдер,бұрынғы заманды аңсап жүрсіңдер, атының өзін жанымызда Кеңгір тұрғанда Ұлытау деп айтасыңдар,мұның түбінде саяси астары бар» деп айтты. Мен : «Ұлытау деген ол біздің ойымызша,тазалықтың,сұлу табиғаттың және біздің мәдениетіміздің жарқын белгісі болғандықтан солай деп атауды ұйғардық»,- деп түсіндірдім.
Дауысқа салып, шешім қабылданатын болды. Енді сол шешімді алып,әрі қарай жұмысты бастайын десек, бізге ештеңе бермейді. Бір күні атқару комитетінің хатшысы маған : «Сен білесің бе,біздің басшылық мынадай шешім қабылдады,оны біз қаралмаған деп есептейік,ол құжатты күн тәртібінен де,бәрінен де алып тастайық» -депті.
Мен ақыры «Онда біз халықты көтереміз,сотқа жүгінеміз» деп қорқытқасын барып шешім 22 шілдеде шығып, құжат қолымызға тиді.
Өзіміздің өңірде ең бірінші біз жұмысымызды Байқоңырдан ұшатын зымыран қалдықтарын жинаудан бастадық.Сол мәселені зерттей бастағанда бірінші біз талап қояйық десек,олардың зиянын анықтап және олардың далада шашылып жатқанын көрсететін дәлел керек болды. Сондықтан біз экспедициялар ұйымдастырдық,фотоға түсіріп,ауыл адамдарынан пікір жинап, дайындық жұмыстарын бастадық. Ол біраз уақытты алды, біз бір жағынан ол кезді босқа жібермей халыққа түсіндіру жұмыстарын да қатар жүргіздік.Ол заманда Байқоңыр Одақтың Қорғаныс министрлігіне қарайтын болғандықтан,қоғамның дүмпуінсіз облыс өздігінен мәселе көтере алмайтын еді.1990 жылы осы қозғалыстың арқасында мен депутат болдым,бұл қозғалыстың беделінің жоғары болғандығынан деп санаймын. Депутат болғасын экология комитетіне кіріп, қозғалыстың материалдарын облыстық кеңестің күн тәртібіне енгізе бастадым. Соның біреуі- Байқоңыр мәселесі болды. Облыстық кеңестің сессиясына Байқоңырдың өкілдерін шақырдық, мен қозғалыс төрағасы ретінде сөйледім, басқалары да пікірлерін білдірді, сонымен не керек,бірігіп отырып мәжбүрлеп, олар картасын көрсетті, бұдан кейін халыққа алдын-ала хабарлайтын болды,екіншіден шашылған сынықтарды шұғыл жинап алуға,үшіншіден кешенді зерттеу жүргізуге келісті.
Одан кейінгі үлкен бағыт- өзің білесің Жезқазғанда,Жаңарқада үлкен радиолокациялық стансалар тұратын,ол әскерилерге ыңғайлы болды,біз олардың сәулелерінің адамға зияны туралы еститінбіз,оған ақпарат көздерінен арнайы дәлелдемелер жинадық. Сосын 92 орамда тұратын радиолокациялық стансаны алысқа алып кетсін деп мәселе қойдық, басында олар қарсы болғанмен, біз бірнеше митингілер өткізіп,халықты жинап түсіндірдік.
Бір күні сол 92 орамдағы жұмыс істеп жүрген жұмысшылар жұмыстарын тоқтатыпты, « мына стансаны алып кетпесеңдер жұмыс істемейміз» деген ғой. Әлі есімде, сонда бір қызық оқиға болған. Жұмысшылар жұмысты тоқтатқасын , қалалық партия комитеті не істерін білмей, мен институтта сабақ өткізіп отырсам, екінші хатшысы әйел адам маған келіп: «Тез бірге барайық, ана жерде жұмысшылар жұмысты тоқтатып қойды,солармен сөйлесу керек» деп қызметтік «Волгасымен» алып барды. Мен жұмысшыларға: «Біз бұл мәселені көтеріп жатырмыз.Сіздер салып жатқан үйлер де адамдарға керек, жұмысты тоқтатуға болмайды,болашақта ол стансаны алып кетеді,осында бірің танысым,бірім бауырымсыңдар» деп түсіндіріп болғасын қарасам, хатшымыз көлігімен мені тастапты да кетіп қалыпты. Сөйтіп мен жұмысшылардың «Самосвалына» мініп институтқа қайтып жеткенім бар,сабағымды жалғастыруым керек қой...
--Қозғалыстың ұйытқы болуымен Ұлытауға ұлттық қорық мұражай мәртебесін беру, республикалық деңгейде «Кіші Жібек жолымен: Отырардан Ұлытауға дейін» және тәуелсіздік алғаннан кейін «Алтай-Дунай» халықаралық экспедициялары ұйымдастырылғаны белгілі
- Ия,қозғалысты «Ұлытау» деп атағасын ,Ұлытауға ұлттық қорық мәртебесін беру жайында зерттей бастадық. Біздің бақытымызға қарай , қозғалыстың құрамына өзінің ғылыми жұмысы бойынша сол бағытты зерттеп жүрген Фарида Темереева қатарымызға қосылды. Бүгінде Фарида өмірден өтіп кетті. Уақытында ғылыми негіздемелерін қолға алған сол Фарида еді. Бұл мәселені де облыс деңгейіне шығарып, шешімін табуына ұйытқы болған біздің қозғалыс. Сол кезде Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов бізге үлкен қолдау көрсетті.
Сонымен қатар бізге әлі тіркелмесе де өздерін «Жәдігер» деп атаған топ қатарымызға қосылған болатын. Олардың негізгі бағыты- өлкетану. Бақтияр Қожахметов басқарған азаматтар бізге келіп : «Теректіде бір компания құрылысқа керек деп тарихи орынның тастарын жарып алып, петроглифтерін жойып жатыр»,- деп айтты. Біз бірден дабыл қағып,қалада, облыста,басшыларға шығып, акциялар өткізіп, Теректіге барып, «Волна» деген компания екен,соны тоқтаттық. Осылайша, тарихи орын өз қалпын сақтап қалды.(Қазір «Теректі әулие» киелі орындар қатарында 100 қасиетті нысанның тізіміне енген)
Біздің тарихи мекен Ұлытаудың оңтүстіктегі ежелгі қалалармен байланысы болған,соны көрсету үшін «Кіші Жібек жолымен: Отырардан Ұлытауға дейін» атты экспедиция дайындадық. Ташкенттен ат арба жасатқыздық, түйе арба бар, керемет керуен көш болды. Мәскеуден «Киносаяхатшылар клубынан» Сенкеевичтің адамдары келіп түсіретін болды. Сол кездегі «Тұран банкі» басшысы Нұрлан Мағзұмов пен «Лек» фирмасының басшысы Болат Дүйсембаев демеушілік жасады. Солардың көмегімен АН-2 жалдап Бетпақдалаға ұшып бардық. Алғашында экспедицияны жасақтағанда немен жүреміз дегенде көк туды алып жүреміз деген едім. Бұл 1991жылдың жазы, әлі тәуелсіздік жарияланбаған,біз сонда тұйықталған сызықтары бар туды алып жүргенде Бетпақтың бойындағы қойшылар көк тумен жүрген керуенді көргенде делебелері қозып, қандары қызып,әрқайсы сый-сияпат беріп,сыбағаларын асып қонаққа шақырған ғой. Сөйтіп, кейбіріне барып үлгермесе, сыбағаларың деп қойларын арбаға салып береді екен. Біз барсақ, екі-үш қойлары бар, керуенге мал біте бастапты. Сенкеевичтің адамдары келе-келе ауыл көрсе «айналып өтейікші» дейді екен. Өйткені, әңгіме айтып,ет жеп, шай ішкенше таң атады, олар алға қарай жүре бергенді қалайды ғой, қазақша түсінбейді,таңға дейін басқалар секілді әңгіме тыңдайын десе...
- Қозғалыстың атқарған жұмыстарын кезеңге бөліп айтсақ, қандай үлкен істер тындырылды ?
- Бұл қозғалыс қоғамдық сананы сілкіндіруге әсер етті,екінші жағынан биліктің алдына мәселе қойып, оны көндіре отырып,бірлесе шешуге болатынына көз жеткізді. 1989 жылдан тәуелсіздік жарияланғанға дейін бір кезең ол Одақтық Үкімет алдына мәселе қойып шешіп, митингілерге шығып үйрендік.1991 жылы тәуелсіздік жарияланғасын өз мемлекетімізде билікпен жасампаздық жолмен жұмыс істейміз деп шештік.1992 жылы мен мемлекеттік қызметке ауыстым, депутаттығымды сақтап қалдым.Сол өкілеттіктерімді пайдаланып, күнделікті жұмыстарды Бақтиярға тапсырып, «Алтай-Дунай» дайындалған кезде министрдің орынбасары болып жүріп, ұйымдастыруға көмектестім. Қозғалыстың, қоғамдық ұйымдардың көтерген мәселесіне байланысты ерекшеліктері бар, қоғамдық мәселелер шешілгесін оны кейін алмастыратын жаңа буын келуі керек. Біздің құрамымызда жастар да болды,ең белсенді кезең тәуелсіздікке дейін,одан мен Алматыға кеткенге дейін, кейін оның бағыты мәдени-тарихи жағына қарай ойысты.
Қазір ресми тараған жоқ, қозғалыстың басқа ұйымдардан ерекшелігі-тіркелген мүшелік болмайды,қатысамын деген адам келіп қатысады,көтеремін деген мәселесі болса қозғалыстың атынан болсын,өз атынан болсын көтеруіне болады.
- Қоғамдық қозғалыс құру үшін адамның қоғам өміріндегі болып жатқан оқиғаларға деген өзіндік ұстанымы, кейбір ішкі жан дүниеңді ширықтыратын да мәселелер болуы керек шығар...
Менің қоғамдық жұмыстарға деген қызығушылығым студент кезімде басталған болатын. Қоғамтану бойынша Бакуден келген әзірбайжан жігіті Шәміл бар институттағы оқытушылармен пікірталастарға түсетінбіз. Сондағы көтеретін мәселелеріміздің бірі- ұлттардың мәдениеттерінің дамуы, Кеңес одағы кезінде өзін-өзі басқару құқығы жөнінде. Осыдан төрт жыл бұрын сол Шәмілмен Мәскеуде кездесіп қалғанбыз, сонда ол: « Сен сол кезде мұғалімнен Байқоңырдағы космодромнан неге бір қазақ ұшпайды деп сұрап едің ғой»,- деп есіне алды. Бұл 1982-84 жылдар ғой. Сондай өзімде ішкі дайындықтар болды,бірақ жаңағы мәселелерді талқылай бастағанда, көп қайшылықтарды көресің.1984 жылы Мәскеуге барып,аспирантураға түстім. Ол билікке М.С.Горбачев келген кез еді. Біз жатақханада Балтық жағалауы елдерінен, Орта Азиядан жан-жақтан жиналған студенттер қоғамдағы құбылыстарды бірігіп талқылайтынбыз.
1986 жылы желтоқсан көтерілісі болды. Біз Мәскеудегі біраз адам қол жинадық, оны Евгений Евтушенкоға 19 желтоқсанда Мұхтар Шахановтың шығармашылық кеші болғанда Ербол деген ақтөбелік азамат біздің бәріміздің атымыздан тапсырды. Кейін арада 20 жыл өткенде Мұхтар Шаханов екеуміз шай ішіп отырғанда Ерболды Ақтөбеден тауып алып екеуін телефонмен сөйлестірдім.
1988 жылы мен ғылыми дәрежемді қорғадым да, сол жылы күзде Мәскеуден Жезқазғанға ұшып келе жатқанда қолыма тиген «Правда» газетінде ядролық сынақтар туралы,соның ішінде бірінші рет Қазақстандағы сынақтар ашық ауада өткізілгені туралы жазылыпты. Соны оқыған кезде ойда бір ерекше сезімдер,бір жағынан ашу-ыза, екінші жағынан елді ойлағанда Кеңес Үкіметінің біздің халықты сондай бір тәжірибе жүргізетін лабораторияның жәндіктері секілді қылғаны деген ой туындады. Сол ұшақта келе жатқанда туған орысша өлең жолдарынан :
«Семипалатинск, Байконур,Сарыозек
Раны степи моей необъятной
Полигон,космодром,человек
Кто же главный в ряду непонятно» .
Қазір мүмкіндік бар, мемлекет гранттар бөліп отыр.Кейбір қоғамдық ұйымдар сол гранттарды игерудің машинасына айналып кеткен.Мемлекеттік органдардың кейбіреулері де сол гранттарды мәселе шешу үшін емес, өздерінің айтқанына жүретін қолбала ұйымдар құрып алуға жұмсайтын секілді. Бұл мемлекеттік қаржыны рәсуа етіп, дұрыс пайдаланбау. Екінші жағынан, жасанды қоғамдық құбылыстардан туындаған емес шынайы жанашырлықпен туындаған қоғамдық қозғалыстар болуы керек.Ол заңдылық. Себебі,мемлекеттің тірегі - азаматтар. Олардың белсенділігі,жауапкершілігі осы қоғамдық ұйымдар арқылы жүзеге асады.Олардың мақсаты-мемлекеттің көзі түспей тұрған мәселеге назар аудару,екіншіден,мемлекеттің қолы жетпей тұрған мәселені ұйымдастырып жіберу.Ұзақмерзімді мәселе болса соны көтеріп тұру.Кезінде үш үлкен қозғалыс болды: «Невада- Семей», «Азат» және «Қазақ тілі» қоғамы. «Азат» қозғалысы өзінің миссиясын атқарды. «Невада-Семей» де сынақты тоқтатқызып, полигонды жабуға ықпалын тигізді. Осының ішінде «Қазақ тілі» қоғамының мақсаты әлі соңына жеткен жоқ.
- Сіздің ойыңызша, қазір «Ұлытау» қозғалысы одан әрі жұмысын жандандырса, қандай мәселелерді көтеру керек?
Қазір мен Жезқазған өңірінде қоғамдық белсенді ретінде бірінші- ауыз су сапасын,таза су мәселесін көтерер едім.
Екіншіден, «Қазақмыс» тағы басқа да кәсіпорындардың қоршаған ортаға келтіріп отырған әсерін,үшінші мәселе «Қазақмыс» жерасты байлығын пайдаланып отырғандықтан, солардың кейбірін бизнеске берген ,бұл бизнес иелері өз жұмысын қаншалықты жариялы түрде жүргізіп отыр, халыққа пайдасы бар ма,сырттан келген шенділер мен байлардың туыстарына беріліп жатыр ма,осы мәселелерді анықтау болса, төртінші ол- Жезқазғанды жол торабына айналдыру. «Жезқазған-Қызылорда-Арқалық» жолдарын қолға алып, Жезқазғанның тыныс-тіршілігіне жаңа серпін беру. Сонда ғана Оңтүстік пен Солтүстіктен жол болса экономикалық сауда сияқты қарым-қатынастар оңтайланар еді. Табиғатымыздың қаталдығына қарай, байланыстың түр-түрін орнатып, поезд вагондарының сапасын қадағалау керек. Тағы бір айта кетер мәселе- жоғары оқу орындарындағы білім сапасы. Жезқазғандағы университет «Қазақмыстың» алдында университетке көмек көрсетіп,мамандарды дайындауда жаңа технологиялармен жабдықтауды басты талап ретінде қоюы қажет.
Егер «Ұлытау» қоғамдық қозғалысының тәжірибесін пайдаланып, өңіріміздегі өзекті мәселелерді көтереміз деген ұсыныстар түсіп жатса, мен қолдауға дайынмын.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.