Жезқазған қаласының іргетасының қалануына себеп – жерасты кен байлығы екенін білеміз. Ал, қасиетті өлкеміздің жерасты кен байлығының адамзат тарихында белгілі болуы ежелден...Десек те, өзінің 65 жылдық тарихы бар мысты қаланың бой көтеруіне негіз болған – Қаныш Сәтбаевтай халқымыздың біртуар перзентінің өлшеусіз еңбегі екені белгілі. Биыл академик Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толды. «Жезқазған –Қазақстанның інжу-маржаны» деп бағалаған ғалым ағамыздың жерасты байлығын игеруде ғана емес, тіршілік көзі саналатын Кеңгір су қоймасын салдыруда да ерекше ізденіс танытқанын сол бір жылдарда оның қасында жүрген зиялы жандармен күтпеген кездесуден ұққан едім.
Сонау жылдарда өз бетімше ғылыми ізденіс жасап, кандидаттық диссертация қорғаудың қиыншылықтары мен ерекшелігі болатын, «ізденген жетер мұратқа» дегендей, 1978 жылы шілде айының аптап ыстық күндерінің бірінде ғылым жолынан үміттеніп, Алматының «Түрксиб» санаторийіндегі қымбат орындарының біріне орналастым. Қасымдағы бөлмелес көршім – жасы 65-67-лер шамасындағы сұңғақ бойлы, өзін тіп-тік ұстайтын, киім киісі мен бой басына ыждағаттылықпен қарайтын зерделі ақсақал өзін «Сақан Құсайынов, сол кездегі «Талдықорған» қонақ үйінің директорымын, бұрынғы партия, кеңес органдарының басшы қызметкері әрі дербес зейнеткермін» деп таныстырды.
Іс жүзінде санаторий маған тұрақ үшін ғана қажет еді, ертелетіп кетіп, А.С.Пушкин атындағы кітапхананың диссертация залдарынан күні бойы кітап кеміріп, кештетіп оралатынмын. Осылайша бір сенбіде кештете оралғанымда есік алдында «Волга» автокөлігі тұр екен. Ішке кірсем Сақан ақсақалдан басқа мен білмейтін толық денелі екі үлкен кісі отыр. Стол үсті дәстүрлі той дастарханынан кем емес, түрлі тағамдарға толы еді.
... Ортада отырған орта бойлы толық кісіні «қай жерде, қашан көрдім» деп ойлап қоямын. Сөйлеп отырған негізінен екі ақсақал. Мені Жезқазғанда институт оқытушысы, осында аспирант, аты Өміртай деп таныстырды Сақан ақсақал. Жасым кіші болған соң ол кісілерден жөн сұрауды ретсіз деп ойлап, сыпайылық сақтадым.
Сол сәтте зор денелі бұжырлау бетті қонақ ақсақал: - Інім, сен Ұлытаудансың ба? Найман боларсың? – деді. Мен жайлап қана: ия - дедім. - Сен бізді танып отырсың ба? – дегенде не дерімді білмедім. Үндемедім. Сәл үнсіздіктен кейін: «Мына Байекеңді күнде көресің ғой, танып отырған шығарсың, ал мен де найманмын, саған аға боламын, Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған жездесімін. Менің жұбайым Димаштың апасы, екеуінің әкесі бір де шешелері бөлек» деп сәл тоқтағанда, таңдағанымнан есімнен танып қала жаздадым. Сонда ғана еміс-еміс есіме түсе бастады. Байеке деп отырған жүзі таныс кісі Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов екен ғой. «Суретін күнде көріп жүрсем де бетпе-бет отырғанда тура тани алмадым-ау» деп, өзімді-өзім кіналадым ішімнен.
Ақсақал сөзін жалғай түсті: Менің атым Камал, фамилиям Қадыржанов. Түсті металлургия саласында отыз бес жылдан артық қызмет атқардым. Арасында министр болған кездерім де бар. Болат деген ұлым, Димаштың жиені, АЗТМ зауытының директоры. Енді осы баламның тілеуін тілеймін. Өзім құрметті демалыстамын, мына Сахаң, Байекең бәріміз жасымыздан дос, қызметтес - замандастармыз деп бір тыныстады да, бұйра шайды ұрттай отырып әңгімесін жалғастырды. Сенің Ұлытау, Жезқазғаныңда 5-6 рет болғанмын. Жезқазғанға алғашқы баруым 1936 жылдан бұрынырақ па екен, ұмытыңқырап та қалыппын. Қасымда басқа ұлт өкілдері бар еді, бәріміз Халық шаруашылығы комиссариатының тікелей тапсырмасымен Үлкен Жезқазғанның болашағы үшін мол су қоймасын қалай жасау керек деген мәселе бойынша Қ.И.Сәтбаев ұсынған жобаның үйлес келуі немесе келмейтіні туралы қорытынды ұсыныс жасау үшін арнайы іс-сапармен Қарағандылатып Жезқазғаннан тар табанды теміржол пойызымен Қарсақпайға келдік. Ертеңіне Қарсақпайдың күн шығысына қарай шаңдақ жолмен полуторка автокөлігімен шамамен 60-70 шақырымдай жүріп, бір төбеге шығып тоқтадық. Мезгіл күз айларының қарсаңы. Төбе басынан біраз жер көрінеді. Біздер тоқтаған төбеге Қарсақпай ауданы әкімшілігінің басшылары және төбе маңындағы күркелерден он-он бес жұмыскерлер жиылды. Полуторка автокөлігінің кузовын трибуна ретінде пайдаланып, Қаныш Имантайұлы өзінің су қорын жасау туралы қалың папкалардағы том-том жобасын тезис түрінде (күн батып бара жатыр), бес-он минуттай уақытта қысқаша төмендегіше баяндады:
- Мынау жатқан Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзендерінің құйылысы. Біздер тұрған төбе мен екінші төбенің арасы шамамен бір шақырымдай, - деп іргелес төбені қолымен нұсқады. – Осы екі төбенің арасын бөгеп жалғастыру қажет, яғни өте мықты бөгет (дамба, плотина) соғу керек. Сонда аталған өзен арналары арқылы жылына миллиардтаған текше метр су қоры жиналады (нақтылы цифрлармен айтып еді, ұмытып қалыппын). Болашақ салынуға тиіс бөгеттің ұзындығын, биіктігін, қалыңдығын және оған қанша қаржы жұмсалатынын,қанша мерзімде бітіруге болатынын Қ.И.Сәтбаев жатқа айтып шықты.
Қ.И.Сәтбаевтың айтқан ұсыныстары мен дәлелдемелері барлығымызға түсінікті, нақтылы көрінді. Күннің кештете бастауына қарамастан полуторка кабинасының ішінде отырып, комиссия мүшелері жобаны мақұлдау туралы хаттамаға кезектесіп қол қойдық. Түнделетіп Қарсақпайға келіп, ертеңіне Мәскеуге, Ауыр өнеркәсіп комиссариатының атына «Қ.И.Сәтбаев ұсынған жобаны мақұлдадық, бекітуіңізді сұраймын» деген жеделхат жібердік. Біздер пойызбен аптаға жуық жүріп, Алматыға келгенде алдымызда «Қ.И.Сәтбаев ұсынған жоба бекітілсін, тиісті қаржы бөлінсін» деген Халық комиссариатының жедел хаты жатты. Біздер жұмысты осылай атқарып едік сол кезде, ал қазір қайсыбір жобалар жылдар бойына бекімей, өзінің маңызын жояды. Сендердің Жезқазғандағы көл біздердің сол жолғы мақұлданған ұсынысымызбен салынды. Енді, інім біз қайтайық, менен көмек іздесең, мына Сақан тауып береді, - деп орынан тұрды...
Өң мен түстей, сенер - сенбесімді білмей «Сау болыңыз» дегеннен басқа аузыма сөз түспей орнымда тұрып қалдым... «Япырым-ай, мына кісілер неткен қарапайым еді, осының бәрін айтатындай мен кіммін соншама? Осы кісілермен салыстырғанда» деген ой шырмауынан ұзақ уақыт шыға алмадым. Қазіргі астына «Джип» мінген кейбір шенеунік інілерімнің амандасуға ерінетінін қайтерсіз. Болсын, өссін дер едік сол мырзаларға, егер де халқына, еліне алдыңғы зиялы аталарындай еңбектері сіңген болса...
Өкініштісі – ұлағатты, зиялы әкелеріміздің ұсынысымен, қолдауымен салынған Кеңгір су қоймасы бөгетін көрмеппін. Естеліктен кейін бір-екі рет талпыныс жасағанымда күзет жібермеді... Мен сияқты көрмегендер де көп шығар. Өң мен түстей кездесудегі Қадыржан ақсақалдың айтқандары – өзім кейінірек танысқан «Қазақмыс» Корпорациясы көрме кешеніндегі Ф. Пастуховтың естеліктерінің 41-44 беттеріндегі және Қ.И.Сәтбаев пен А.А. Аггеенконың 1934 жылғы 6 маусым күні «Казахстанская правда» газетінде жарияланған « Есть вода » мақаласының деректерімен үйлесімді деп есептеймін. Қ.И. Сәтбаев пен А.А. Аггеенконың естеліктері бойынша Жезқазған ауданының гидрогеологиялық жұмыстары алғашқы бес жылдық бойына – 1933 жылдардан бастап жүргізілген. Атқарылуға тиісті жұмыстардың қорытындылары Бүкілодақтық су құрылысын «Н К П Т» жобалау бөліміне тіркеліп, Жезқазғаннан 25 шақырым қашықтықтағы Қаракеңгір өзеніне бөгет салу жоспарланғанда, жылына 29,5 млн. текше метр сумен барлық өндіріс орындары мен халқы қамтамасыз етілетіні жазылған. Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» кітабындағы «Жарқырап көлдің айдыны, орнайды қала әйгілі» әңгімесінде: «Кеңгір су қоймасы мен жаңа Жезқазған қаласының орынын белгілеу мәселесі мамандар сарабына әлденеше рет түскен. Соның бірі 1934 жылдың 13 қарашасы күні өткен су қорлары секциясының мәжілісі еді» деп жазылған....1936 жылдың жазында дайын болып, жергілікті мамандар назарына ұсынылған жоба бойынша, Кеңгір бойында тұрғызылмақ тас бөгеттің ұзындығы 633 метр, биіктігі 26 метр, одан ұзын тұрқы отыз жеті жарым, көлденеңі бір шақырымдай жасанды көл түзілмекші».
М.Сәрсекенің кітабын оқи отырып, Қадыржан ақсақалдың айтуы Кеңгір су қоймасын салу туралы мамандар арасындағы ұзақ жылдардағы ғылыми пікірталастар нәтижесін шешу үшін құрылған мемлекеттік комиссияның жұмысы болар деп есептеп, Жезқазған қаласының 65 жылдығына орай кейінгі ұрпақты осы естелікпен таныстыруды өзіме борыш санадым. Себебі Кеңгір су қоймасы Жезқазған және Сәтбаев қалаларының жүз мыңнан астам халқының бірден-бір тіршілік - тыныс көзі емес пе? Сондықтан су қоймасының жан-жағын экологиялық таза ұстауға күш салу әрбір үлкен-кішінің борышы екенін саналы түсінген қажет. Екіншіден жасөспірімдердің өз қаласының тарихы туралы білуі – олардың патриоттық сезімін оятады, танымдық – ғылыми көзқарасының толығуына әсер етеді...
Сонымен қоса, Кеңгір су қоймасы бөгетіне мақсатты саяхаттар ұйымдастырып, әсерлі тарихи деректі естеліктер айтудың жасөспірімдердің саналы ой-өрісін қалыптастыруда ықпалы зор.
Кенеттен Кеңгір туралы естігенде, мыс зауыты саяжайына бара жатқанда бөгетке еріксіз қараймын. Атақты өнерпаз Ілия Жақановтың: «Кеңгірдің қоңыр кештері» сазды әнін тыңдағанда осы бір өң мен түстей кездесу кешінің оқиғасы еріксіз ойыма оралады.
Өміртай Жәлелов,
Жезқазған қаласының құрметті азаматы,
Қазақстан педагогика академиясының
корреспондент-мүшесі,
педагогика ғылымдарының кандидаты.