2019 жылы 5 қазанда сағат 15.00-де «Қазақстан» орталық концерт залында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1 курс студенттеріне арналған «БЕЛЕС – 2019» салтанатты іс- шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды Qazir.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның мақсаты – профессор-оқытушыларды ұлықтау, бірінші курс студенттерінің қоғамда қалыптасып-дамуына ықпал ету, Елбасы жариялаған Жастар жылын қорытындылау болып табылады.
Елорда төріндегі бәсекеге қабілетті Жоғары оқу орындардың бірегейі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті биылғы жылы да еліміздің ең үздік жастарымен толықты. Биылғы оқу жылына білім ордасына бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша бас аяғы 5 мыңға жуық білім алушы қабылданды. Бұл еліміздегі білім қуған жастардың көпшілігі осы оқу орнын таңдап отыр деген сөз.
«Осындай ауқымды шараларды атқарып отырған қозғаушы күш – факультеттер болып табылады. Университетімізде 13 факультет, әскери кафедра, 28 ғылыми-зерттеу бөлімдері, инновациялық парк пен ғылым орталықтары, ғылыми институттар мен мәдени орталықтар, «Старт Ап» жобалар аймағы жұмыс істейді. Бүгінгі шарада барлық факультеттер мен құрылымдардың тарихы таныстырылып, әр факультет студенттері шерулетіп өтеді.
Салтанатты шара барысында ЕҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов бірінші курс студенттерін құттықтап, Қазақстанның эстрада жұлдыздары Қарақат Әбділина мен Алтынай Жорабаева ән шырқайды, ал күйші, композитор Айбек Бекбосын домбыра тартып, күй шертеді», делінген таратылған ақпаратта.
Сондай-ақ 1 курс студенттеріне жастардың жан-жақты дамып, шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында көптеген студенттік ұйымдар мен өнер ұжымдары бары ерекше атап өтіледі.
«Жастар саясаты орталығы» мен «Жас Отан» жастар қанаты білім ордасының ең белсенді жастарының ошағы. «Дипломатиялық альянс», «Оратор», «Жеті жарғы», «Парасат» пікірсайыс клубтары республикалық турнирлердің жеңімпаздары, «Студенттік кеңес» пен «Белес» ұжымының белсенді жастары түрлі маңызды шараларды атқарып келеді.
Ал «Топжарған», «Алқа», «Лағыл», «Көзқарас» сынды ұйымдар жастардың рухани дамуына үлес қосса, «Шаңырақ» студенттік театры, «Е-студио» әншілер тобы, «Самұрық» би мектебі, «Дала сазы» халық аспаптар оркестрі, «Евразия» вокалды-инструменталды ансамблі «Сарыарқа», «Евразиат» жайдарман топтары және «Кәусар», «Жігер» мәдени-танымдық бірлестіктері сахна саңлақтарын дайындайтын нағыз өнердің ордасына айналған.
Университет өнерпаздары Ресей, Қытай, Түркия, Чехия, Грузия, Испания, Жапония сынды мемлекеттерде өткен халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. Қалалық, республикалық «Жастар жалыны», «Дельфий ойындары», «Оралхан Бөкей», «Мұқағали Мақатаев», «Абай-Шәкәрім» оқулары, «Ақындар айтысы» мен жыр мүшәйраларының жеңімпаздары.
Салтанатты шараның екінші бөлімі таза концерттік бағдарламаға ұласады. «Дала сазы» қазақ халық аспаптар оркестрі, «Самұрық» би мектебі, «Шаңырақ» театры, «E-studio» әншілері, «Жайдарман», «КВН» құрама командасы, «Еуразия» вокалды–инструменталды ансамблі, «Хамза» тобы көрермендердің көңілін көтеріп, «Белес-2019» салтанатты шарасының шырайын кіргізеді.
Фото: ашық ақпарат көзінен.