Жастар жылында Жезқазған шаһарында жақсы істер жолға қойылған. Жігерлі жастар ілім-білім,спорт пен еңбекті дамытуды нықтап қолға алған. Соның бірер сипаттары жайлы әңгімелейміз.
- Жезқазғанның жастары биылғы атаулы жылда қандай нақты істерді қолға алып жатыр?
- Қай заманда, қай дәуірде болса да жастар қоғамның қозғаушы күші болып саналады. Өйткені олардың бойында жалын-жігер тұнып тұр. Ілгерілеу мен дамудың қуат көзі жастардың күш қайратында. Сондықтан қыз-жігіттерді болашаққа көбірек бейімдеп, бағыттау керек. Ол үшін білімге, ғылымға,өнерге,жаңашылдыққа барынша баулыған жөн. Алаштың арыстары Әлихан, Сәкен, Мағжан бабаларымыз армандап кеткен тәуелсіздік қолымызға тиді. Оған да ширек ғасырдан асты,отыз жылға тақап қалды. Қоғам да,жастар да белгілі бір деңгейге жетті,енді қалай қарай бағыт алып бара жатыр деген сауал толғандырады. Қазір енді мемлекеттің тарапынан да жастар саясатына қатысты бірқатар іс-шаралар қолға алынып жатыр. Оның бағытына қарасақ атқарылған және атқарылатын жұмыстар баршылық. Тек оның дұрыс жүргізілу механизмдері қандай? Бұған дейін біздің мақсатымыз дамыған елу елдің қатарына кіру еді, оған қол жеткіздік,ендігі міндет - алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарынан табылу. Бұл жерде ең басты рөл атқаратын - жастар. Жастар жылына қатысты бір статистиканы оқыдым,бүгінгі таңда Қазақстан халқы 18 миллионға жуық деп алсақ, оның 29-30 пайызға жуығы жастар. Бұл ауқымды күш болып саналады. Жастардың әлеуетін ғылымға, білімге, инновация сияқты игіліктерге бағыттау қажет деп ойлаймын. Өйткені қазір инновацияның, жоғары технологияның, ақпараттың дәуірі. Осыдан жеті жыл бұрын Елбасы «Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» деген еді.
Президент әлемдік және өз еліміздегі қоғамдық-саяси мәселелерге биіктен қарап, сараптап отырған тұлға. Сондықтан мемлекет басшысының бұл сөзінің жаны бар. Олай болса, қоғамдық деңгейде және билік деңгейінде жастардың жаңашылдыққа ұмтылуын, ілім-білімге талпынуын жан-жақты қолдау керек. Жігерлі деген жастардың арасында не оқуда жоқ, не жұмыста жоқ NEET санатына жататын қыз-жігіттерде кездеседі. Олардың үлес салмағы басқа елдермен салыстырғанда біздің Қазақстанда басымырақ екен. Бұл әркімді ойландыратын,билікті толғандыратын өзекті мәселе. Олардың ішінде әсіресе ауыл жастарына көбірек мән берген жөн.Солардың арасындағы өз халқына қызмет етуге құлшынып тұрғандарына баса назар аударып,икеміне қарай қажетті салаға бейімдеу керек. Ол бәлкім,құрылысшы, кәсіпкер немесе ғалым болғысы келетіндер шығар,соларды тап басып тани білу керек. Билік басындағылардың өзі осы ниетке ден қойып отыр. Жастар жылы дегеннің өзі - үлкен мүмкіндік. Ертең жастардың өрлеуіне,өз мүмкіндіктерін көрсетуіне бұл да трамплиннің бір сатысы.Жастар жылының жариялануы - олардың күш-қайратын шыңдаудың бір қозғаушы механизмі. Жастар жылы 2019 жылмен аяқталып қалмайды. Биыл басталған іс-шаралар әрі қарай жалғасын тауып,болашаққа бағдарланған жобалар, жоспарлар болады деп есептеймін.
- Бүгінгі таңда, Арман, мысалы, аға буын жастарды көбіне флешмоб секілді түрлі ойын-сауық немесе бұқаралық-көпшілік іс-шараларға фон ретінде пайдалануға бейіл, оның орнына біздің күш-қайратымызды, қабілетімізді тиісінше, атап айтқанда қоғамның қажетіне,елдің дамуына жұмсаудың орнына, «қоғамдық қолбала» ретінде пайдаланғысы келеді деген өкпе-назды жиі естимін,осы қалай?
- Енді... бұл арада таразының екі басын тең ұстау керек. Жастарға сенім арта қоймайтын аға буын өкілдері де бар және жастардың жаңашылдығын қолдап қуаттайтындар да жетеді. Солардың арқасында отаншыл жастар мемлекеттің ісіне біртіндеп араласып жатыр. Өз идеяларын да жоғары деңгейде іске асырып жатқандар да бар. Қазір әлеуметтік желі үлкен күшке айналып отыр. Онда таратылған ақпарлардың ішінде қандай іс-шара болсын жастардың қатысуымен өткен расында флешмоб, акциялар да бір күндік,он күндік болсын, бір айлық болсын сондай шараларға әбден бой үйреніп қалған. Демек,жастар жылының жариялануына да сондай күдіктер келтірілді. Бұл жыл да сондай жиын-жиналыстармен өтіп кетеді,біреулердің қалтасы қампаяды деген сенімсіздіктің болғаны рас. Осы күдік,осы күмән билік басындағылардың назарына да жеткен секілді. Жастарды дамытатын,олардың әлеуетін арттыратын, оның ішінде отаншылдыққа бағыттайтын нақты іс-шаралар қолға алына бастады. Мысалы, «Жас кәсіпкер» деген бағдарламаның өзі қандай, «Жас маман» және әр аймақта таңдаулы жоғары оқу орнының және орта арнаулы салалық оқу орындарының болуы - бұл да жастардың толыққанды заманауи білім алуларына, өздерін шыңдауға, тұлға ретінде қалыптасуына үлкен септігін тигізетін бағдарлама деп қабылдаймыз.
- Аймақтық деңгей дегенде енді Жезқазғанның кейінгі толқындар арасында топ басында, іс басында жүрген қандай жастарды айтар едің?
- Жезқазған шағын қала болғанмен,тарихы бар, келбеті бар, іргелі орталық. Мен қай жерде жүрсем де өзімнің туған қаламды мақтан тұтамын. Әрине кем-кетіктері де бар, бірақ жақсылықтарын,артықшылықтарын айта жүремін. Мәселен, жас толқынның арасында аймақтық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Абай Бақытчай, спорт саласында 2018 жылы Индонезияда өткен Азиадада самбодан алтын медаль иеленіп, мерейімізді тасытқан Бағлан Ибрагим екеуміз бір мектепте оқыдық,менен екі класс төмен оқыды. Оқушы кезінен-ақ мектептің жақсы атын шығарып жүрген,табандылығының арқасында қаламыздың ғана емес,еліміздің де мақтанышына айналды. Ғылым жолына келетін болсақ,былтыр ғана Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-лицейін бітірді, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, қала бойынша «Жыл оқушысы» атанған Шамбыл Кажыгелді болашақта қазақ ғылымын дамытуға Қаныш атамыз секілді үлес қосады деп сенеміз. Білім-инновация лицейі оқушылары мен түлектерінің арасынан қаншама пән олимпиадасы жүлдегерлері шықты. Денис Романовты айтар едім, әкесі орыс,анасы қазақ ,қазақшаға судай. Республикалық қазақ тілі олимпиадасының үш дүркін жеңімпазы. Міне,осы жастарға мемлекетіміздің дамуына, ұлтымыздың мүддесіне қызмет етуге қоғам және билік деңгейінде ат салысып өз жолын тапқанша қолдау көрсетуіміз керек.
Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде соңғы үш жылда кәсіпкерлікке,инновацияға, ғылымға үлкен көңіл бөлініп жатыр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша,республика бойынша «Жыл студенті» атанған, 4 курс студенті Ғалымжан Диасты атауға болады. Болашақ мамандығы-электроэнергетик. Өндіріске байланысты өзінің біраз жасаған зерттеулері бар. Жақында оқуды бітіргеннен кейін патенттің алғашқы нұсқасын,одан кейін нағыз патент алмақ ниеті бар. Сонымен қатар Қуаныш Құттыбай өзіндік белсенділігі және ерік-жігерімен көзге түсіп жүрген жігіт, ол жігіттер «Серпін» бағдарламасымен келіп оқып жатқан дар. 2015 жылдан бастап,біздің университетте аталған бағдарламамен 400-ден астам студент білім алып жатыр,олардың алғашқылары биыл түлеп ұшпақ.
Университетте кәсіпкерлікке назар аударылып отыр деп атап өттік қой, «StartupBolashak - Менің арманым» деген үлкен республикалық байқау бар. Төрт жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың былтырғы аймақтық іріктеу кезеңі біздің университетте өткізілді. Соның ішінде біздің университеттің студенттерміз, қаламыздағы колледждердің студенттері, Сәтбаев қаласының, Ұлытау ауданының жастары арасынан 700-ге жуық өтініш келіп түсті. Оның екі жүзі іріктеуден өтіп,сынаққа қатысты және сол екі жүздің 45-і Астанада өткен жартылай финалға жолдама алды. Республикалық байқаудың іріктеу кезеңі биыл да біздің университетте сәуір айында өткізілмек. Соның негізінде біздің университеттен бизнес инкубатор ашылды. Кәсіпкерлікке бет бұрған студенттерміз сабақтан тыс уақыттарында барып консультациялар алады.
Сондай-ақ университет ректоры Әбділмәлік Тәкішевтың бастамасымен ашылған «Еркін ойлау лабораториясы» бар. Бұл технологияға, инженерлікке бейімі бар жастарды баулу мақсатын көздейді. Мектептерде дамып келе жатқан робототехника кабинеті де бізде арнайы жасақталды. Міне, осы атап өтілген игіліктердің барлығы жастардың әлеуетін көтеруге бағытталған.
Сұхбаттасқан: Базаргүл Сейітжанқызы.