«Шаһарларға саяхат» айдарында Тобыл өзенінің жағасында орналасқан, Қостанай облысына қарасты кеншілер қаласы Рудный жайлы мәліметтермен таныстырамыз.
1. Қала туралы қысқаша мәлімет. Шаһар жайлы деректерде еліміздегі өндіріс тарихынан сыр шертетін кеншілер қаласы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының іске қосылып әрі қарай дамыту үшін салынғандығы айтылады. Темірдің үлкен қоры бар екендігі дәлелденген соң Сарыбай мекенінде,Тобыл өзенінің жағасында 1954 жылы қала құрылысы басталған. Алайда 1954 жылы құрылысы басталған шаһар қала мәртебесін 1957 жылғы 30 тамыз айында ғана иеленді.
2. Шаһар тарихынан бір үзік сыр. Сол кездегі жаңа кен орындарын игеру үшін жүргізілген саясат негізінде алдыңғы шептен көрінетін комсомолдар жолдамамен Үлкен Торғайға қарай ағылған деседі. 1955 жылы мұнда 4 мың адам келген екен. Келгендердің жағдай таңдауға да мүмкіндігі болған жоқ,поселкелер мен палаткаларға қоныстанды. Ең үлкен 70 палаткадан құрылған қалашық «Жетпіс палата» деген атаумен тарихта қалды. Ол сол кездегі «ВЛКСМ» кинотеатры ауданында орналасқан.
3. Рудный – еліміздегі кен өндірісінің флагманы. Миллион тонналап темір кенін өндіретін Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі біздің елімізге ғана емес ТМД бойынша танымал алып кен орны екені мәлім.Оның құрамында бірнеше зауыт бар әрі бірлестікте 18 мың рудныйлықтар еңбек етеді. Шаһардағы отқа төзімді кірпіш шығаратын «Казогнеупор» зауыты өз өнімдерімен елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай оны экспортқа да шығарып отыр.
4. Қаладағы археологиялық ескерткіштер. Алексеев мәдени кешені Рудный қаласының аумағында орналасқан, ол қоныстан, моладан және құрбандар төбешігінен қорған тұрады. Ескерткіш б.э. дейінгі II – мыңжылдықта өмір сүрген қола дәуірінің адамдарына тиесілі болған. Онда 30-жылдары мәскеулік археолог О.А.Кривцова-Гракова қазба жұмыстарын жүргізді. Алексеев мәдени кешенінің қызықты экспонаттары Мәскеу қаласының Мемлекеттік тарихи мұражайына әкетілді. Ескерткішті 1969 жылы Қостанай педагогикалық институтының экспедициялары да зерттеді.
5. Шаһардағы жауынгер –интернационалистерге арналған ескерткіш. Ауғанстанда қайтыс болған жауынгерлерді мәңгі есте сақтау мақсатында Рудный қаласында 2000 жылғы 21 қазанда «ЖӘМ» монументі ашылды. Рудный қаласынан 239 ер азамат пен 7 қыз өздерінің интернационалдық борышын өтеді.Монумент И.Франко көшесінің бойында, қалалық мұражайдың жанында орналасқан. Монументі салуға Ауғанстандағы әскери іс-әрекеттің қатысушылары және олардың ниеттестері бастамашы болды: Е.Дербисов, В.Ступник, А.Қиянов, С.Песчанский, П.Бурцев. Ескерткіште Ауғанстанда интернационалистік борышын орындау кезінде қайтыс болған жауынгерлердің аттары жазылған бес тікбұрышты плита орналастырылған.
6. Қаладағы әлеуметтік нысандар. Қалада 12 мектепке дейінгі ұйым, 23 жалпы білім беретін мектеп, 1 қосалқы, 1 кешкі ауысымда оқытатын мектеп,1 мектеп-интернаты, 1 жоғары оқу мекемесі, 4 колледж, 3 кәсіби мектеп жұмыс істейді. Қала мектептерінің барлығы Интернет желісіне қосылған. Шаһарда тоғыз медициналық қызмет көрсететін мемлекеттік объектісі (7 аурухана мекемесі, 1 емхана және 1 медициналық пункті) және 4 жеке меншік (1 аурухана және 3 амбулаторлы-емхана мекемесі) жұмыс істейді.
7. Қаланың қазіргі келбеті. Құрылғанына 62 жылға аяқ басқан қалада 115 мың 448 халық тұрады.Рудный қаласының аумағын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасының шеңберінде 43 инвестициялық жоба қолға алынған. Кеншілер қаласы Рудный жайлы қысқаша мәліметтер осындай.
Қала жайлы ашық ақпарат көздерінен мәліметтерді жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.