Биыл Наурыз мейрамы елордасында қалай тойланбақ,тұрғындар мен қала қонақтарына арналған басты мәдени іс-шаралар өтетін орындар жайлы мәліметтерді оқырмандарымыз үшін ұсынып отырмыз.
21 наурызда Астанада көктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамына орайластырылған халықтық серуендер басталады, деп хабарлайды Qazir.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елордадағы алты алаңда киіз үйлер тігіліп, этноауылдар құрылады. Мерекеге орай қалада 50-ге жуық киіз үй тігіледі. Жалпықалалық іс-шаралар ашық алаңдарда 21, 22 наурызда өтеді. Басты мерекелік шаралар Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл монументінің жанындағы алаңда (ЭКСПО ауданы), әкімдіктің алдындағы Қалалық алаңда, Қазақ Елі монументінің алдындағы алаңда, Жетісу саябағында, «Жастар» сарайының алдындағы алаңда және «Жастар» театрының жанында (ескі вокзал аумағы) ұйымдастырылады.
Наурыз мейрамы күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ұлттық этноауылдан басқа, ЭКСПО көрме кешенінің аумағындағы тақырыптық музей–киіз үйлерді, ұлттық салт-дәстүрлерді, театрландырылған қойылымдарды, айтыс пен қазақстандық эстрада жұлдыздарының және қалалық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концерттерді тамашалай алады. Бұдан басқа, келушілер қышшылардың, зергерлердің, киіз басу мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдарымен танысады.
Мәдениет және спорт басқармасының мәліметіне қарағанда, халықтық серуендер форматындағы мерекелік шаралар қала маңындағы тұрғын алаптарында да ұйымдастырылады. 18-22 наурыз аралығында Қазқалашық (№55 ОМ), Өндіріс (№49 ОМ), Железнодорожный, Интернациональный, Мичурино, Промышленный, Пригородный («Хозяюшка» дүкенінің алдындағы алаң, Новый аэропорт к-сі), Үркер, (№69 мектеп-гимназиясының алдындағы аумақ), Көктал-1 («Наз» Мемлекеттік би театрының аумағы), Көктал-2 (№68 ОМ) тұрғындары Ұлыстың Ұлы күнін тойлайды.
«7-Я», «Ақбұлақ таун», «Қайнар», «Апато», «Достар», «Саламат», «Зерде» тұрғын үй кешендерінің ауласында елордалықтардың назарына мерекелік бағдарламалар ұсынылады. Биыл Наурыз мейрамы құрметіне Астанада ірі спорттық шаралар да өтеді. Мерекеге орай Қазақ күресінен алғаш рет «Өнер Барысы» республикалық турнирі ұйымдастырылады. Бұрын хабарланғандай, дүбірлі дода 21 наурызда сағат 14:00-де «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Ал 24 наурызда Есіл өзенінің жағасындағы қалалық триатлон-паркте Astana Nauryz Marathon ірі қайырымдылық спорттық шарасы өткізіледі.