Әр сенбі сайын көктемді күткен жандардың көкірек сарайын ашып, жүректеріне жылылық сыйлайтын жазбалардың жалғасын күтетін оқырмандарымыз үшін ақын Әкім Ысқақтың «Алтыным» кітабынан үзінділер ұсынамыз.
АЛТЫНЫМ!
Алтыным! Адамдардың бәрі жалғыз. Адамдар арасында жүріп, кейде жалғыз қалғандай боласың. Жалғыздық кей сәттерде саған жақсы болғанымен, түбі тым ауыр. Жалғыздықтың жаныңды жегідей жейтіні жасырын емес. «Жаман жолдастан жалғыздық артық. Жалғыздықтан жақсы жолдас артық» – деген Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар хадисі жадыңда жатталып тұрса екен дейсің.
* * *
Алтыным! Меніңше, адамдардың бәрі жалғыз. Әсіресе, жаны таза жандар. Өйткені, олардың жүрегі нәзік, жан-дүниесі кіршіксіз болады, сөйтіп қиянаттан қорғанам деп жалғызсырайды. Ал, қара ниетімен өзгелердің жанын жаралауға құмар қараулар мен қорқаулар іштарлықтарынан жолдары жабылып, жалғызсырайды.
* * *
Тасымалдаушыда (флэшка) вирус бар болса, компьютерлерді де құртады, ол үшін оны антивирус бағдарламасынан өткізіп алуың керек.Шіркін, өмірде де әрбір араласар адамыңмен жолыққан сайын осылай «антивирустан» өткізіп алар болса ғой! Сонда ешкімге зияны тимес еді.
* * *
Алтыным! Түсінбеймін, тәкаппарлық, көкіректік кімге керек? Оның ешқандай пайдасы жоқ. Кеудесін көтерген жанды білімді, мықты екен деп ешкім айтпайды. Қайта надан, көрсоқыр, таяз жан деп есептейді. Шікірейген кісілікті емес, қарапайым кішілікті ұнатады көпшілік.
* * *
Алтыным! Адамды сұлу ететін – оның ізгілік қасиеті, адамдық асыл ниеті. Ал үлкен қасірет – өзін-өзі жек көрушілік. Өзін жек көрген жан сұрықсыз көрінеді. Қашанда өзіне-өзі дем берген, өзін жақсы көрген жанды бәрінен сұлу деп айтуға болады.
* * *
Алтыным! Жүздеген адамдармен араласа бересің-ау. Бірақ, араласқанның бәрі – ағайын, жолыққанның бәрі – жолдас, танысқанның бәрі – туыс болып кетпейді. Жолыққаның – жақыныңа, жақының – адамдықтың айнасына айналып жатса өмір қызығы сол емес пе?!
* * *
Алтыным! Тіршілікте өмірден үйренсең де, зердеңе тоқысаң да бәрібір өзің түсінбес жәйттер кездеспей қоймайды. Өмір – оқылмаған кітап секілді.
* * *
Әкім Ысқақ «Алтыным» кітабынан (жалғасы келесі сенбіде) .