Сырдария жағасындағы тарихы Қорқыт атамен қатар аталатын , жаңа қала деген мағынаны білдіретін Жанкент жайлы аңыз бен ақиқат бүгінгі «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Оғыз тайпаларының Сырдария жағасындағы ең атақты қалаларының бірі Жанкент қаласы. Қорқыт атамен қатар тарихи хикаяның бағалысы, әсіресе Жанкент қаласы туралы аңыздармен байланысты. Аңыз бойынша бұл қаланы көп заман билеген кісінің бірі елге үгіт-насихат айтушы, жасы жүзден асқан ойшыл қарт болады. Әбілғазының түрікмен шежіресінде оғыз елі әр уақыт Жанкент қаласында жиналып, Қайы халқынан Инал Яуиды хан көтеріп, оған Қорқыт атаны уәзір ететіні жазылған. Жазба деректерде Жанкент алғаш рет араб тарихшысы Ибн-Рүстемнің еңбегінде аталады. Сондай-ақ араб географы Ибн-Хаукал «Оғыздардың басты қаласы Жанкент болды, оны ирандықтар Нау-Керде, арабтар Әл-Харият, сарматтар Дахи Нау деп атаған»,– дейді. Жанкент атауының өзі Янгикент-Жаңакент-Жанкент (Жаңа қала) деген мағынаны білдіреді. Жанкент тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Қаланың гүлдену дәуірі ІХ ғасырдың 2-жартысы мен ХІ ғасырдың алғашқы ширегі.
Жанкент шаһары – аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болды. Қала маңындағы суландыру жүйесі егіншіліктің шаруашылықтағы негізгі басты саласы болғандығын дәлелдейді. Ол кезеңде Арал теңізін Жент теңізі деп атаған. Жанкент тұрғындары осы теңіз маңынан үлкен тұз көзін тауып, Қытай, Иран, Үндістан елдерімен сауда қатынастарын жасаған. Қыпшақ-қимақ тайпалары мыңдаған малдарын айдап, Карлан өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасап отырған.
Шаһардың төрт қақпасы болған. Әрбір жұма күні шаһар орталығындағы базар алаңында сауда қызу жүріп отырған. Жанкенттің шығыс пен батысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы тоғыз жолдың торабына орналасуы қаланың географиялық, экономикалық маңызын арттыра түсті. Қытай жібектері, Үнді маталары мен жемістері, араб елдерінің құрмасы, науаты осы қалада сатылымда болған. Осылайша, Оғыздарда қалалық мәдениет жоғары дамыды.
1219 жылдың күзінде Сыр бойындағы оғызқыпшақ қалалары моңғол шапқыншылығы салдарынан күл-талқан болып қирайды. 400 жыл бойы қалалық мәдениет жасаған оғыз-қыпшақ тайпалары тағы да көшпелі өмірге түседі. Моңғолдар салған ойран басылмай жатып-ақ, Жанкент сауда мен қолөнер орталығының бірі ретінде қайта көтеріліп, ХІV ғасырда гүлдену шегіне жетті.
Мұсылман мәдениеті ықпалында болған бұл қала Жаңақала – Жанкент деп аталады. Араб саяхатшысы Хафизи-Абурдың жазбаларында Сырдарияның ХV ғасырда Отырар тұсынан батысқа бұрылып, Әмудариямен бірге Каспийге құйғандығын айтады. Оғыздардың көсемi атанған әйгiлi қобызшы Қорқыт та аңыз-әңгiмелер мен кейбiр деректерге қарағанда Жанкентте өмiр сүрген. Жанкенттің өмір сүруінің тоқтауына байланысты ел аузында мынадай аңыз сақталған: «Жанкенттің әміршісі Санжар хан нөкерінің ғайбатына сеніп, күнәдан пәк Бегім сұлудың оң қолын шауып, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп жазықсыз жазалайды. Бегімнің әкесі атақты Қарабура әулие қанішер ханға «Қызым ақ болса шабылған қолы, кесілген бұрымы, тілінген танауы қалпына түседі» дейді. Әділдік үстем шығып, Бегімнің дене мүшелері қалпына келеді. Қызының нақақ жәбір көргеніне назаланған әулие Санжар ханды қарғапты. Құдіреттің күшімен аспаннан іші ордалы жыланға толы мес түсіп, хан бағыныштыларымен бірге ажал құшыпты. Қаланың халқын жылан шағып өлтірген. Бегім сұлу ақ құсқа айналып көкке ұшып кетіпті. Қонған жеріне керемет Бегім ана мұнарасы пайда болыпты», – делінеді.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .