Кенжебек Күмісбеков атындағы Қорғалжын аудандық мәдениет үйінде осы өңірдің перзенті, белгілі жазушы,танымал ақын Смағұл Рахымбековтің шығармашылығына және оның жүріп өткен өмір жолына арналған дөңгелек үстел болып өтті. Маңызы зор,тағылымы мол бұл шараға елдегі мәдениет және білім беру саласының қызметкерлері мен ақынның шығармашылықтағы бай мұраларын мейлінше қадір тұтқан жерлестері жиналды.
Ақын шығармашылығына арналған игі шараны Қорғалжын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Қабылжанқызы Сыздықова ашты. Одан кейін адамзатты тек ізгілік пен шынайылық шыңына жетелейтін мұсылмандық ғұрпымыз бойынша марқұм Смағұл Рахымбековтің әруағына бағышталып құран оқылды. Көнеден күні бүгінге жеткен аталмыш шара астарының қаншалықты терең, ал аясының соншалықты кең екендігін тәптіштеп жатудың өзі артық болса керек. Өйткені, мұны біріншіден уақытынан бұрын ортамыздан озған адамдарды ұмытуға еш болмайтынын ұғындыратын, олардың жарқын бейнесін есте ұстап, рухына адами тұрғыда құрмет көрсетіп отыруды міндеттейтін айнымас қағида десек, екіншіден өзекті жан өзіңнің де түбінде тұрақтайтын мекенің сол орын боларын меңзейтін және осы бір айнымас ақиқатты жадыңа үнемі құйып отыратын мәңгілік ереже екендігі анық. Әрине, мұны әркімнің-ақ білуі тиіс. Өмірдің өзгеріске ұшырамас ұстанымын әріден зерделегендіктерінен болар, жиналғандардың әрқайсының нұрлы жанарларынан Смағұл Рахымбековтің өшпес бейнесін, ал жүздерінен өздерінің жерлес ақынына деген шексіз құрметтерін жазбай көруге болғандай еді. Одан кейін сөз алған Қорғалжын аудандық «Нұр Отан» халықтық партиясы филиалының бөлім меңгерушісі Махсетбай Рысбайұлы Серікбаев сағындырған жерлесі туралы айтқанда, оның қара сөзден жыр жүйрігін жарата білер поэзия бапкері ғана емес, сонымен қатар халықпен тікелей тіл табысудың кілтін білетін тәжірибелі партия қызметкері бола алғанын да қоңыр дауысына ерекше жылылық құя отырып баяндады. Оның сөзіне қарағанда Смағұл Рахымбеков ҚР Президентінің телерадиокешеніне ұзақ жылдар, дәлірек айтқанда 17 жылдан астам уақыт бас редакторлық етіпті. Кешен тарихына көз жүгіртер болсақ, бұған дейін ешкім де осы орында табан аудармастан осыншама жылдар жемісті еңбек үлгісін көрсетпеген. Телерадиокешендегі өзінің күнделікті атқаратын тікелей жұмыстарымен қоса жеке шығармашылығын да дөңгеленте білген Смағұл Рахымбековтің «Нұр Отан» партиясының орталық аппараттағы бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметіне де талай жылдар жетекшілік еткен екен.
«Еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінен құралған алдыңғы толқын аға ұрпақ пен жастардың басын бір аудиторияға жинап, ертеңгі атар таңымыздың жарық, күніміздің еңселі болуына арналған қаншама кездесулер өткізді. Бүгінгі ұрпақтың санасының жаңғырып, жүректеріне отансүйгіштік аталатын қасиетті ұғымның дәнін септі, - деді Махсетбай Рысбайұлы.
Дөңгелек үстелдің өзге қонақтары да ақын Смағұл Рахымбековтың көзі тірісінде жасап кеткен игілікті істері жөнінде тебірене әңгімеледі. Осы күнгі шараға Нұр-Сұлтаннан арнайы келген ақынның жары Әлия Рахымбекова мен қызы Сайран да сөз сардарының жұртты қызықтырған жақтарынан әңгіме өрбітіп, кездесуді одан әрі әсерлендіре түсті. Сондай-ақ, олар ақынның өзінен кейін жарық көрген «Жырларым менің сөйлесін» атты жыр жинағын аудан мектептеріне тегін үлестірді және Смағұл Рахымбековтың поэзиясын бағалайтын оқырман қолына естелік ретінде таратты.
Осы күні Әлия мен қызы Сайран Қорғалжын ауданының ақын дүниеге келген Жантеке ауылындағы «Қызылту» орта мектебінде болды. Айта кету керек, білім беру ұжымы осындағы қазақ тілі және әдебиет пәні сыныбынан орын дайындап, ақын есімін есте сақтау және құрметтеу мақсатында Смағұл Рахымбеков бұрышын дайындап жатқанының куәсі болды. Келешекте, ақын туған ауылдағы «Қызылту» орта мектебінің атын өзгертіп, оған Смағұл Рахымбековтің есімін беру жоспарлары бар екендігін де жеткізді. Елі есімін ардақтап жатар болса, адам баласы үшін одан асқан абырой, одан үлкен бақыт бар ма екен? «Жырларым менің сөйлесін» деп жас ұрпаққа қалдырған аманатындай ақынның мәңгілік ғұмыры жырмен жалғанып жатты...
Берден Қабылов.