Бүгін «Шаһарларға саяхат» айдарында Маңғыстау облысына қарасты мұнайшылар қаласы Жаңаөзен жайлы мәліметтермен таныстырамыз.
1. Қала жайлы мәліметтер. Қойнауындағы байлығы Еуропалықтарды ертерек қызықтырғаны жайлы өткен ғасырдағы шағын экспедиция құрамында болған орыс ғалымдарының еңбектерінде айтылған. Ал, Өзен кенорнына барлаушы-геологтар жиырмасыншы ғасырдың 60 жылдары келіп қоныстанған. Қала типтес жұмысшы поселкесі 1964 жылы пайда болса, 1968 жылы ол қала мәртебесін иеленді.
2. Қаланың қалыптасу тарихы. 1973 жылы қала Маңғышлақ облысының құрамында болып,облысқа бағынысты шаһар еді.1988 жылы Маңғышлақ облысы таратылуына байланысты қала Гурьев облысының құрамына енген. 1990 жылы Маңғыстау облысы құрылып,Жаңаөзен аталған облыстың құрамына кірді.
3. Шаһардағы денсаулық сақтау мекемелері. Жаңаөзен қаласы бойынша халыққа амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау саласындағы мекемелер саны қазіргі уақытта қалада барлығы 11 болса, олардың ішінде 7мемлекеттік, 4 жекеменшік медициналық мекеме жұмыс істейді.
4. Қаладағы мәдени орындар. Шаһарда қалалық мұражай, "Мұнайшы" мәдениет үйі, "Жалын" кинотеатры, "Өнер" МКҚК, кітапханалар бар. Қалаға іргелес Қызылсай мен Теңге селоларында "Шаңырақ" және "Атамұра" мәдениет үйлері бар.
5. Шаһарға көрік беретін алаңдар мен ескерткіштер.Жаңаөзенге бара қалсаңыз Тәуелсіздік алаңы мен «Дулыға» алаңын аралауыңызға болады. Сондай-ақ Қашаған ескерткіші,мұнайшылар аллеясы,бала мен дельфин скульптурасымен әшекейленген фонтанды көріп тамашалайсыздар.
6. Қаланы байланыстыратын темір жол мен көлік қатынасы. Қаладан Солтүстік-Оңтүстік темір жол линиясы басталады (Жаңаөзен - Гызылгая - Берекет - Этрек - Горган бағыты).Қала тұрғындары облыс орталығымен, басқа елді мекендермен автомобиль және темір жолдарымен қатынасады.
7. Қаланың қазіргі тынысы. Жаңаөзен қаласы Маңғыстау түбегінің континенталды бөлігінде орналасқан. Теңіз жағасынан 60 км қашықтықта. Ақтаудан Жаңаөзенге дейінгі ара қашықтық – 150 км. Жалпы қаланың аумағы 51469 кв.м. 2018 жылғы есеп бойынша қалада 181 мың 635 адам тұрады.
Қала жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көзінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.