30 және 31 наурызда сағат 19.00- де «Астана Операда» П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» жауһары сахналанады, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
31 наурыз күні Ленский партиясында алғаш рет Үлкен зал сахнасына театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов шықса, князь Гремин бейнесінде осы күні «Астана Опера» солисі Евгений Чайников дебют жасайды. Спектакль театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өтеді.
Осынау сан қырлы партияның өзіндік баяндалуын «Астана Опера» жетекші солисі тенор Нұрлан Бекмұхамбетов ұсынатын болады. Ленскийдің рөлін ол консерваторияны тамамдаған соң Саратов академиялық опера және балет театры сахнасында орындаған еді, сол кезден бастап аталмыш партия оның барлық шығармашылық жолында оған серік болуда. Осылайша, Ленский бейнесіндегі Нұрлан Бекмұхамбетовтың керемет өнеріне Мәскеу, Қазан, Йошкар-Ола, Сыктывкар, Самара және т.б. қалаларда қошемет көрсеткен.
Осы кеште «Астана Опера» солисі, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» құрметті медалінің иегері Евгений Чайников та дебют жасайды. Әртіс Татьянаның сүйікті әрі адал күйеуі – князь Греминның партиясын әзірлеуде. Кейіпкердің бейнесі сезімдерінің шынайылығымен, жылулығымен, ішкі сезімінің жомарттығымен, сондай-ақ мейірімі мен жас жұбайына деген көзқарасымен жүректі жаулап алады.
30 наурыз күні Владимир Ленскийдің бейнесіндегі өзіндік интерпретациясын «Астана Опера» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия жұлдызы орденінің кавалері Медет Чотабаев ұсынса, князь Гремин рөлінде театрдың жетекші солисі, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян өнер көрсетеді.
Евгений Онегиннің басты партиясына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев пен Алексей Исаев (Ресей) әзірленуде, Татьяна рөлінде Галина Чеплакова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова өнер көрсетпек. Ольга – Татьяна Вицинская, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Ларина – Гүлжанат Сапақова, Күтушісі – Баян Жүсіпова, Салтанат Мұратбекова, Трике – Рамзат Балакишиев, Зарецкий – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Ержан Саипов, Рота бастығы – Шыңғыс Расылхан, Нұрлыбек Қосбармақов.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.