Ұлттық тағамдарымыз-ұлттық брендіміз. Оны дамыту, пайдаға асыру, насихаттау арқылы біз еліміздің сәлт-дәстүрі мен мәдениетін өзгелерге танытамыз.
Біз бүгін тағамтану саласының кәсіби маманы, ұлттық тағамдарымызды ұлттық бренд ретінде әлемге насихаттау, таныту мәселесінің өзектілігі туралы айтып жүрген Астана қаласы Медицина университеті, профилактикалық медицина және тағамтану кафедрасы, «Ас-арқау» инновациялық жобасының жетекшісі Өнерхан Сансызбайұлымен сұхбаттасқан едік.
-Әлем халықтары қымыздың қазақтың ұлттық сусыны екенін мойындады. Алайда қымыздан басқа да ұлттық сусынымыз жетерлік. Сонымен қатар қаншама ұлттық тағамдарымыз әлемдік нарыққа шығуға сұранып тұр.
Қазір біздің айтып жүрген аурудың алдын алу, салауатты өмір салты қағидаттары бабаларымыздың қалыпты өмір салты болғанын біз біле бермейміз. Рас, қазақ халқы әлемде теңдесі жоқ аса құнарлы, ерекше дәмді, тағамдық құны жоғары табиғи маңызды ас-сулар: қазы, қарта, жал, жая, әсіп, бұжығы, қуырдақ сияқты ет тағамдарының 100 ге тарта; қымыз, шұбат, құрт, май, балқаймақ, ірімшік, сүзбе қатық сияқты сүт және ашымалы сүт тағамдарының 100 ге тарта; бауырсақ, жент, құймақ, боза сияқты жеңсік (қоржындық тағамдар) тағамдардың 70 тен аса түрлерін жасап, күнделікті ас мәзірінде пайдаланған.
Азық-түлік тауарлары импортқа тәуелді елдерде экологиялық таза өнім туралы айту мүлдем бос сөз. Сапа соншалықты емес арзанқол тауар дегеннің өзі айналайын болып қалды. Шынтуайтында импортталатын азық-түліктің көбі уланған, жеуге жарамсыз. Бір ғана мысал, ауыл шаруашылығы саласында жерде өсетін жеміс, көкөністерді, зиянды жәндіктерден қорғау және тұтынушыға жеткенше тез бүлініп кетуден сақтау мақсатында қолданылатын химиялық уытты қорғаушы заттарды пайдалануға келгенде Қытай әлемдік көшбасшы. Қытайда өсетін көкөністердің сырты мұндай улы заттарға толы болатындықтан ешбір құрт-құмырсқалар жоламайды. Бұл бұл ма, ал әлемді үнсіз жаулау мақсатында азық-түлік тағамдарына жасалып жатқан қастандықтарды айтудың өзі қорқынышты. Өкініштісі біздің де халқымыз мұндай «жеңіл-желпі» ас-ауқаттарды күнделікті тұтынып отыр. Шыны керек, бұл адамзаттың өзін- өзі сұрыптау кезеңі іспетті. Дегенмен, жерасты пайдалы қазбалардың үстінде отырып, бір елдердің денсаулыққа жарамсыз асын ішіп, әлем-жәлем жылтырағын киіп өзімізді өзіміз құртамыз ба?! Әлде экологиялық таза, құнарлы табиғи өнімдерді өндіріп, ұрпағымызды сақтап қана қоймай экономикамызды нығайтамыз ба, таңдау өзімізде!
-Халқымыздың ғұрпында, салт-сана, өнер-мәдениетінде әсіресе ұлттық тағамдарында әлем халықтарына үлгі боларлық үрдістер көп. Қазақтың ұлттық тағамдары-денсаулық кепілі де...
-Иә, маңызды тағам өнімдері мен ас-сулар қазіргі ғасыр дерті атанып отырған бел қуаты әлсіздігі, анемия мен иммунитет әлсіздігі және иазған ағзаны қалпына келтіру, қалыпты жағдайын сақтаудың табиғи жолы. Сондай-ақ сүйек, бұлшық ет және буындардың қалыпты қозғалысын сақтауға пайдасы зор емдік қасиеті мол ас-тағамдар бар.
Өкінішке қарай, дұрыс тамақтану ережесіне сай келмейтін гамбургер, чизбургер, бутерброд сияқты фастфуд тағамдары мен ход-дог, сендвич, донер-кебаб, шурма, пицца, фри картофелі, кириешки, чипсы сияқты жылдам тағамдар және кока-кола, пепси-кола, спрайт сияқты химиялық қоспасы көп зиянды сусындар тұтынатындар саны өте көп. Ал табиғи маңызды, құнарлы тағам тұтынатындардың саны тым аз. Қазір дұрыс тамақтану рационын сақтауға шамасы да, өресі де жетпейтін қоғамдық орта қалыптасты.
-Қазіргідей жаһандық өзгерістер азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін алдыңғы қатарға шығарғаны белгілі. БҰҰ-ның Азық-түлік, ауылшаруашылығы ұйымы (ФАО) табиғи құнары мол өнімдерге басымдық беру керектігі туралы ұстанымдарын қуаттап отырған елдердің қатарында Қазақстан да бар. Ал осынау әлемдік үрдіске үн қосу үшін нақты қадамдар қажет.
- Бүгінгі ұрпақтың алдында «Ұлы дала» халықтарының табиғи маңызды ас-тағамдарымен әлем халықтарының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қоса отырып, экономикалық әлеуетін еселеп арттыратын абыройлы мүмкіндік туып тұр.
Бұл мүмкіндік рухани жаңғыру, ұлттық кемелдену және ұлттық құндылықтардың басым бағыттары мен ғаламдық үдеріске бейімделу нарқына тікелей байланысты. Дұрысы өркениеттер өнегесі – табиғи заңдылықтар, мәдени-рухани құндылықтармен өрнектелетін кез қазір.
Бізге осы бірегейлікті пайдалана отырып тағам, ұлттық тағам өнімдерінің заманауи технологиядағы ұлттық сертификатын анықтап оның халықаралық ИСО индексін бекіту керек. Сонда әлемнің кез келген еліне қазақстандық өнім шығару мүмкіндігіне қолымыз жетеді. Бұл Қазақстанның болашағы және әлемдік Азық түлік қауіпсіздігінің болашағы.
Әлбетте, біздің тағам, тағам өнімдерін өндіруді дамыту арқылы көптеген тағамдарымызды ұлттық бренд ретінде танытып, халықаралық сертификаттауға мүмкіндігіміз бар. Бұл – табиғи тағамдардың ұлттық-экономикалық, сауда бренд сертификатын дайындау, ұлттық кәсіпкерліктің дамуына үлкен мүмкіндіктер ашу деген сөз. Себебі, ұлттық брендті пайдаланбай, ешбір елде ұлттық кәсіпкерлік дамыған емес. Бұл - қоғамдық өмір сұранысы. Сұраныс бар жерде ұсыныс пен оны қолдаудың және жүзеге асырудың механизмдері жолға қойылса экономиканың да әлеуметтің де өресі кеңейеді.
Демек, осынау абыройлы мүмкіндікті, экономикалық үлкен әлеуеттің қолда барында қадірін білу және оның игілігін көре отырып әлем нарығын қазақ елі брендтерімен толтыру басты міндетіміз.