Көңілбай Шүкенов есімі көпшілікке мұқтаж жандарға тегін үй салып беретін қайырымды азамат ретінде танымал. Ол әлеуметтік жобалардың авторы, «ASYL ADAM» қорының негізін қалаушы.
Qazir тілшісі Көңілбайдың бала күнгі арманы, жоқшылық пен тоқшылықтың айырмасы, қайырымдылыққа үндеу , тығырықтан шығар жол іздеу туралы ойларын білген еді.
Qazir: Сіз жайлы БАҚ беттері мен ғаламторда баспанасыз жандарға қол ұшын созып, көмегін аямайтын жан деген материалдар мен атқарып жатқан жұмыстарыңыз туралы шағын бейнеүзік дүниелер ғана кездеседі екен. Қазір қолында байлығы барлар ғана қайырымдылық жасай алады , «жоқтық жомарттың қолын байлайды»,- деген кез ғой,бақуатты отбасында өмірге келдіңіз бе?
Көңілбай: Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Қалдыбек дәнекерлеуші, анам Ғайша ауруханада санитар болып жұмыс істеді. Өзім отбасындағы балалардың үлкенімін. Менен кейін екі інім,бір қарындасым бар. Жоқшылықты бір адамдай көріп өстім деуге болады. Мектепте жүргенде болашағымыз жайлы шығарма жаздыратын еді ғой.
Менің сол кездегі арманым керемет болатын,қолында ештеңесі жоқ мұқтаж жандарға қарайлассам,қолымдағыны бөліп берсем,өз еңбегіммен жетістікке жетсем деп бар ойымды ақ қағазға жазған екенмін.Кейін осы жағдайға қол жеткізген шақта өзіме сабақ берген мұғалімім сол бала кездегі шығармамды өзіме әкеліп көрсеткені бар. Әкем ерте қайтыс болды.Анам бізді қатарынан қалмасын деп өзі қиналса да,ауыр еңбекпен асырады. Соның бәрін көріп отырып,менің ерте есеюіме тура келді. Анамның ауруханада жұмыс істеп жүріп тапқан табысы мен соған жеткізіп алып келетін азын- аулақ тамағымен күн көрдік,сол кезде жағдайымызды сұрап үйімізге бас сұғатын жан болмайтын. Анамнан «біздің туыстарымыз жоқ па,неге келіп тұрмайды?»- деп сұрағаным бар. Сонда ол: «неге туыстарымыз жоқ,олар көп,бірақ олардың қолында да біз сияқты ештеңесі жоқ болғасын халімізді сұрап келмейді»,-дегені есімде қалыпты. Тек бір апайымыз ғана анда-санда жағдайымызды біліп кететін. Шындығында мұғалім болып жұмыс істейтін оның үйінде де артық ештеңесі болмайтын,бірімізде жоқты бірімізге беріп қарайласатынбыз. Осылайша, жас болсам да ерте жұмыс істедім,Жезқазғанға Ұлытаудан көшіп келгенде алғашқы жылдары жатақханада тұрдық,анам өзі оқып үйреніп,бұрынғы мамандығын бізді асырау үшін ер азаматтар ғана атқаратын дәнекерлеушіге ауыстырды. Анаммен бірге қажыр қайраты мол орыс апайлар жұмыс істейтін еді. Ол кездегі үлкен айлықтың өзі 2 мың теңге шамасында болатын. Отбасымыздағы жағдайды көре тұра қол қусырып отыра алмадым. Қолымнан келгенше жұмыстар істей бастадым, металлом жинап,соны сатып дегендей, ал менің құрдастарым би кештеріне барып,армансыз жастық шақта сайран салып жүрді. Сол кездерде қарасам, жұрттың көбі қатарластарымды айтамын, ұйықтап жүргендей сезілетін. Ал, мен болсам тыным таппай жұмыс істедім. Жоқшылық адамды қайрайды, алға ұмтылдырады,тоқшылық керісінше ештеңені ойлатпай артта қалдырады деп ойлаймын.
Qazir: Енді сіздің қайырымды іс жасауыңызға не себеп болды,қай кезден бастап өзіңіздің мұқтаж жандарға қарайлассам деген арманыңызға қол жеткіздіңіз?
Көңілбай: Ауылдан көшіп келіп, жатақханада тұрдық деп айттым ғой,сонда бізбен бірге бір отбасы тұрды, аналары ғана болатын, кейін ол кісі де қайтыс болып кетіп,тек үлкен ұлдары ғана басқа бес бауырына бас-көз болып қалды. Солардың жағдайын қарап,бұрынғы өзіміздің бастан кешкеніміз еске түсіп, қалалық әкімдікке барып, құжаттарын реттестіріп үш бөлмелі пәтер алуға көмектестім. Бұл менің де, маған сенген жандардың да үлкен бір жеңісіндей қабылданды.Одан кейін бойымдағы табандылық пен ұйымдастырушылық қабілеттерімді шыңдай бастадым,2014 жылы ««ASYL ADAM» қорын құрдым. Қор құрылған уақыттан бастап, Астана мен Ақмола облысында 40 шақты көпбалалы отбасыны баспаналы еткенінен жұртшылық жақсы хабардар. Алдыма келіп көмек сұраған жандардың жағдайымен танысқаннан кейін жұмысы жоқтарға бейімі бойынша шағын кәсіп ашып беріп көмектесіп,жоқшылықтың кесірінен ажырасқалы тұрған отбасының пәтер жағдайын шешіп беріп, көптеген жобаларды қолға алдым,енді ұсақ-түйек дүниелерді жар салып айта бермейміз. Нақты мысал ретінде айта кетсем, 2017 жылы Астана қаласы Алматы ауданының әкімдігінің өтініші бойынша қақаған қыста киіз үйде тұрып жатқан Бекболатовтардың отбасына қор өз қаражатымен жеке үй салып бергенде талай уақыт баспана азабын тартқан отбасының қуанышында шек болған жоқ. Өткен жылы Ақмола облысы Семенов селосындағы су тасқынынан зардап шеккен 35 отбасының жағдайын естіп,қол ұшын созып, баспаналарын қайта қалпына келтіріп,төртеуіне жаңа үй тұрғызып беріп бірнеше ұлттың өкілдері тұратын елді мекен тұрғындарының ризашылығына бөлендік. Ол жайлы Қарағанды қаласында өткізілген қордың есеп беру концертінде отбасымен бірге сахнаға көтерілген «Асыл адамның» арқасында зәулім үйлі болған осы селоның тұрғыны Таңат Маратұлының жүрекжарды сөзі елді тебірентті.
2018 жылдың наурыз айының 16-да Қарағанды қаласы Седов көшесінде орналасқан көппәтерлі үйлері өртеніп баспанасыз қалған тұрғындардың өтінішін жерге қалдырмай, бүгінде 12 пәтерлік үй салып жатырмыз. Концерт кезінде сөз алған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов осындай қайырымды істерімізге ризашылығын білдіріп, «Сен еркексің,Көңілбай,нағыз жаңа айтылған ән жолдарындағыдай тағдырдың бастарына салған тауқыметтерін көтерісуге тек ер азаматтар ғана қол ұшын беріп,бірге көтеріседі»,- дегенінде көрсетіп жатқан көмегімнің көпшілік тарапынан бағаланатынына көз жеткіздім.
Qazir: «Бақытты отбасы» телевизиялық жобасын қолға алғандағы мақсатыңыз не, жаңа өзіңіз жасаған жақсылықты жар салып айтпаймын дедіңіз ғой,әрі ойға алған жобалардың бәрін сәтті жүзеге асыра беру мүмкін бе ?
Көңілбай: Негізі көп адам бәрін ауызбен, әдемі сөзбен айтады,ал іспен орындауға келгенде тірлік жасаудан қашады. Кейбір жастар әлеуметтік желіде отырып батырсынып,бізде неге анау жоқ,мынау жоқ, деп пікір білдіреді. Мен сол үй құрылысын бастағанда сондай жастарды шақырдым. Көшеге шығып,ұрандағаннан ештеңе шықпайды,мықты болсаң, өзің ешқашан танымайтын адамның үйін салу үшін қолыңа күрек алып жұмыс істеп көрші,олай ету кез келген жанның қолынан келе бермейді. Жақсы істі жарнамалағанның несі айып? Онсыз да мән-мағынасыз ботқа шоуларға елдің қаражатын шашып көрсеткенде қандай тәрбие беріп жатыр телеарналар, жастар қазір сондай шоуларды жүргізетін «жұлдыздармен селфилетіп» ,ал қайырымдылық жасап,елдің алғысын арқалап жүрген жандарды көзге де ілмейді,бұл осы кезеңнің ащы шындығы.Біздің қорға келген өтініштермен танысқаннан кейін,міндетті түрде сол отбасыларға барып сөйлесемін,жағдайларын зерттеп көремін,қалай көмектесу қажеттігін ойластырамын. Мен де сіздер сияқты адаммын,қолымда шексіз шашылып жатқан байлық жоқ,менің жобаларыма да ниеттес қайырымды азаматтар қолдап, көмектеседі.Қолға алған жобаларымның түрлі жағдайлармен тоқтап немесе уақытында аяқтай алмай қалатын кездері де кездеседі. Сәтбаев қаласындағы алған жеріміздегі тұрғын үй құрылысын 2008-2009 жылдарғы экономикадағы дағдарысқа тап келіп бітіре алмадық,кейін оны басқа азаматтар салып берді. Менің «Бақытты отбасы» телевизиялық жобасын түсіртудегі мақсатым,өзімді,қорымды жарнамалау емес, тәуелсіз еліміздің азаматтары бақуатты өмір сүрсе,еңбегінің жемісін көрсе,армандарының орындалатынына сенсе деген ниет қана. Өзім отбасымда бес бала тәрбиелеп отырған әкемін. Сондықтан, 2016 жылы Қордың бастамасымен «Бақытты отбасы» телевизиялық жобасын дайындадық. Жоба аясында Ахуновтар отбасына барлық жиһаздарымен тегін салынып берілген үй, жылдар бойы баспана мұқтаждығын көріп келген жандардың шат-шадыман жүздері,арманға қол жеткізуге себепкер болған қордың қызметі жайлы халық кеңінен танысуға мүмкіндік алды. Қазір қордың «Бақытты отбасы» жобасы YOU TUBE каналында жүзеге асырылуда. Мен үшін бақытты отбасы деген қымбат жиһазға толы зәулім үйде тұратын,елде жоқ көлік мініп,шетелдерде саяхаттап жүретіндер емес, өз қолдарымен баспана салып,тапқандарына балаларын оқытып,жоғын сабырмен түгендеп,барын қанағатпен бағалайтын отбасылар.
Жоқшылықтың не екенін жастайымнан біліп өстім,сол кездерде анам «қалауын тапса қар жанады деген сөз бекер айтылмаған,балам,әр істің көзін таба біл»- дейтін. Біз бүгін аз ғана қайырымдылық істеріміз арқылы,қаншама адамның көңіліне үміт отын жақтық,сол шараларға қатыстыру үшін ұтыс ойнатып,бәйгеге пәтер мен қымбат мүліктер тігіп те шақырып жүрміз. Сондағы мақсатымыз- қоғам мұқтаж адамдардың мұңына құлақ түрсін,қажет кезінде қол ұшын беруге әзір қайырымды жандар барын білсін,өсіп келе жатқан ұрпақ үлгі алып, игі істі жалғастырсын дейміз.
Сұхбаттасқан : Базаргүл Сейітжанқызы.