«Елорданың дидары» айдарында айына бір рет Астанаға арман арқалап келіп, жоғары оқу орнына түскен немесе қызметке орналасып,елордада табысқан жастар жайлы сыр шертетін материалдарды да назарларыңызға ұсынбақпыз.Биылғы жылы Астананың 20 жылдығы тойланған шақта, шілденің 7 күні елордалық екі жас Мұқият пен Динараның үйлену тойы дүркіреп өтті. Бұл қосылған жас жұбайлардың ерекшелігі - өткен ғасырдың аяғында бірі қазақтың ежелгі астанасы Қызылордада, енді бірі кешегі астана Алматыда туып, жаңа ғасырдың басында бүгінгі Астанада жұптасты.
Мұқият айтады: 1998 жылы мектепке бардым.Содан кейін 7-сыныптан бастап қазақ-түрік лицейінде оқыдым. 7 мен 11 сынып аралығы 5 жыл бойы сонда оқып, дарынды балаларға арналған лицей-интернатын бітірдім.Алматы облысындағы,Қаскелең қаласында орналасқан Сүлейман Демирел атындағы университетке түстім,екі шет тілі мамандығы ағылшын мен түрік тілін меңгеру мақсатында.Сол университетті бітіргесін,С.Демирел атындағы колледжде 1 жыл ағылшын тілінің мұғалімі болып қызмет істедім.Содан белгілі себептерге байланысты Астанаға ауыстым. Астанаға келіп,мұғалімдік емес басқа мамандық бойынша жұмысқа тұрдым.
«Астана-ЭКСПО-2017» ҰК АҚ, сол жақта менеджерлік қызметке тұрдым,әлі де сонда жұмыс істеп жатырмын. Динарамен осы жақтағы достарым арқылы таныстым. Бала кезден бірге араласқан досым Ұлан осында келіп жұмыс істеп жүрген,ортақ достар арқылы бір отырыста кездесіп бір-бірімізді ұнаттық. Ол бірден белгілі болды. Жақыннан араласып кеттік.Маған оның қандай мамандық иесі болғаны маңызды емес еді, көңіліме қонымды,тәрбиелі қыз жарым болса деп ойлайтынмын.Дәрігер немесе мұғалім болуы керек деген талаптарым жоқ,тек өзіме ұнайтын иманды жан кездессе дегенмін. Бір көргеннен жүзі жақын тартқан,кейін араласа келе,өзім жүрегіммен қалаған жанды жолықтырғаныма сендім.Біз үйленгенге дейін бір жарым жылдай дос болып жүрдік.Қазіргі заманауи жастар сияқты сөз салғаным жоқ,бірақ Динараның күтіп жүргенін сездім.Сөз салу ойымда болған,Алматыға барып,екеуміз « Махаббат дастаны» бейнекөріністерді түсіретін кезде деп ойлағанмын,арнайы ұшақты жалға алып ,соның ішінде романтикалық әсер беретін жағдайда сөз айтамын дегенмін,бірақ біздің Алматыдағы сапарымыз 9-мамыр мерекесіне сәйкес болып қалғандықтан орайы келмеді.
Динара айтады: Мен 1993 жылы Қызылорда облысы,Қармақшы ауданында дүниеге келдім.Менің үш айлығымда ата-анам қызмет бабымен Байқоңырға көшіп барыпты. Сонда 11 жылдықты Алтын белгімен бітірдім. 2011 жылы Астанаға келіп,медицина университетіне құжат тапсырып, оқуға түстім. Менімен бірге келген анам көп кідірмей Қызылордаға қайтып кетті. Жатақхана алдым,бірінші курстарға 9 қабаттан бөлме берді, жалғыз өзім жүктерімді көтеріп орналастым.Солай жаңа Астанадағы студенттік күндерім басталды. Медицина университеті басқа оқу орындарына қарағанда өзім таңдаған мамандық жауапкершілігі зор,сабақтан қалуға болмайды. 5 курсты қызыл дипломмен бітірдім. Одан кейін 2 жылдық интернатураға хирургия мамандығы бойынша оқуымды жалғастырдым. Мұқиятпен 6 курста оқып жүргенде таныстым.Хирургияда түнде кезекшілік,күндіз сабағым бар. Жан құрбым Әзиза екеуміз студент кезімізден бірге тұрдық,ол үйдің астында ағылшын тілі курсына барып жүріп бір жігітпен танысты.Бір күні ол маған өзімен бірге демалып қайтайық ,менің араласып жүрген жігіттің досы бар,сонымен танысасың ба,-дегесін бір мезгіл сабақ пен кезекшіліктен демалайыншы деп еріп бардым. Мұқиятпен солай таныстым,ол одан кейін мені жеке кездесулерге шақыра бастады. Бір-бірімізді ұнатып қалғанымызды сездім.
Мұқият айтады: Тойды 7 шілдеге белгіледік,бұл 07.07 деген дата менің де көкейіме қонды, әрі Елорданың 20 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп тұр,мерекені тамашалауға және біздің үйлену тойымызға арнайы алыстан-жақыннан келетін кісілерге де ыңғайлы, демалыс күнге тура болғасын,бәрін жан-жақты ойластырдық.
Динара айтады: Медицина университетінде өтетін сабақтардың қиындығы мен осы мамандықтықтың күрделілігін ойлап жүрген анам осы салада жұмыс істейтін адаммен бас қосқаның дұрыс бола ма деп алаңдайтын.Мұқият туралы айтқанымда қарсы болмады,жүрегімен қызы қалаған жігіттің жақсы азамат екеніне сенген шығар.Анама Мұқиятты апарып көрсетіп таныстырған жоқпын,өзім сырттай ғана ол туралы айттым.
Мұқият айтады: Мен Динараны былтырғы жылдың қараша айында анаммен арнайы таныстырдым,киноға,мейрамханаға бірге апарып бір-бірін көріп аралассын,білсін дедім. Ал Динараның анасын ұзату тойына барғанда бірақ көрдім.Біз қыз бен жігіт болып жүргенде бір-бірімізден ешқандай сыр жасырған жоқпыз,бәрін ашық айтып сырласатынбыз. Сондықтан үйленгеннен кейін оның бөтен мінезі немесе мен күтпеген жайттардың болмайтынына сендім.Үйленгенге дейін бір-бірімізді қыдырғанда көретін едік,ал қазір бір шаңырақтың астындамыз.Бар өзгергені осы. Күні бойы ол оқуда,мен жұмыста. Қолымыз босап,бірге серуендеген кезде сол шақтарды еске аламыз.
Динара айтады: Той өткеннен кейін, тамыз айында университеттің тағы бір жоғарғы сатысына, яғни резидентураға офтальмология мамандығы бойынша оқуға түстім. Демек, тағы үш жыл оқимын. Бұрынғы өмірімнен өзгешелігі мен бүгінде әрі резидент, әрі жұбай, әрі келінмін. Жауапкершілігім мойнымда көп,студент кезде ойлайтының оқу ғана болса,қазір уақытылы отбасыңа тамақ әзірлеу,үйіңді таза ұстау, бұрын тамақ ішпесең де жүре бересің ғой,енді оның бәрін жауапкершілікпен атқаруыңа тура келеді. Анамыздың көзі ашық,көкірегі ояу , заман талабына сай оқудың және адам дамуының артықшылығын түсінеді. Менің үйде сабаққа дайындалуыма қолдау жасап, жағдай туғызып отырады. Басқа мамандықтағыларға қызығасың үйіне келгенде алаңсыз демалып,үй жұмысымен айналысуына болады,мен үйде жүріп те сабаққа дайындаламын,медицина адамның өміріне жауапты сала,резидентурада оқу оңай емес. Жаңа танысып,дос болып жүрген қыз-жігіттерге айтарым,әрқашан бір-біріңнен ештеңені жасырмай шынайы болу керек, маска киіп жасандылық танытсаң, үй болғанда бәрібір оны жарың байқайды ғой.Содан кейін «қыз кезіңде,дос болып жүргенде мінезің басқа сияқты еді,неге өзгеріп кеттің»,- деп реніш туындап жатады.
Мұқият айтады: Қазіргі жастар үйленуден қорқады ғой,ұнатсаң болды,көңілің қалап тұрса және болашақ жарыңның мінезі анаңа ұқсаса бірден үйлене беруге болады. Өзімнің байқауымша,Динара мен анамның талғамдары көбіне бір жерден шығады,тіпті менің ойым басқа болса да, анам мен жарымның қалауы мен ойлары үндес болғанына қуанамын.Біздің үйленгенімізге көп болған жоқ, ең біріншіден,аяқ-қолың сау болса,одан кейін бір-біріңді түсініп,қолдасаң басқа қандай қиындық кездесуі мүмкін? Бәрі дайын алдымда тұрса деп емес, жұмыртқадан балапан өзі жарып шыққандай,талпынып алға ұмтылу керек, «бас екеу болмай,мал екеу болмайды» деген сөз тегін айтылмаған.Жас кезімізден кез келген мәселені бірге көріп,бірге шешсек болашақта бәрі жақсы болады деп есептеймін.Кез келген отбасындағы басты құндылық-кешірімді болу,бір-бірін қолдап,ауызбіршілікті сақтау. Материалдық жағдайды біртіндеп жақсартуға болар,ал сыйластықтың орны бөлек.
Динара айтады: Ең негізгісі-барлық жағдайда шынайылық пен сенімді басты орынға қояр едім. Байлықтың үлкені-татулық пен бір-біріңнің сезіміңді сыйлау.
Мұқият айтады: Қай заманда да,қандай қоғамда болса да, үйдің тұтқасы ер азаматтың қолында .Отағасы деген үлкен ұғым. Ал,отбасының берекесі- сол шаңырақтың отағасын құрметтеп,қадірлеп үйдегі үлкен-кішіні сыйлай білетін жақсы жардың қолында.
Жас отбасының сырын жеткізген : Назерке Төлеген
Фото из личного архива героев.