«Жұмекенге байланысты ақпаратты мың ойланып, жүз толғанып, ақынның жұбайы Нәсіп апай мен балаларының келісімі және рұқсаты бойынша енгіздік. Мұрағат анықтамасы Жұмекен өмірінің кейбір сәттерін ресми деректер негізінде нақтылауға мүмкіндік берді. Олар өз кезегінде Жұмекеннің өлеңінің қай уақытта, қай жерде, қандай жағдайда туғандығы туралы пікірімізге айғақ, дәлел», - деп жазған қарағандылық заң қызметкері Марат Азбанбаев «Менің Қазақстаным- Жұмекен» атты деректі эссе-толғамдар кітабында. Біз кітап авторынан ақынның Қарағанды шахтасында еңбек еткен кезін зерттеген мұрағат деректері мен өз пайымдаулары жайлы айтып беруін өтінген едік.
- Сіз Жұмекен Нәжімеденов жайлы «Менің Қазақстаным - Жұмекен» атты зерттеу еңбегін жаздыңыз. Кітапты оқи отырып, ақынның шыңдалу мектебінен Қарағандыда өткені, онда шахтер болып еңбек еткені , өмір жолының бәрінде еңбектің ерен үлгісін көрсеткені деген ойды жеткізген сияқтысыз...
- Жұмекеннің өмір жолы жайлы сөз қозғағанда, ақындығы, шығармашылығы жайлы алдымен айтылады. Еліміздің әнұранына айналған «Менің Қазақстанымның» сөзін жазған авторы екенін жас ұрпақ жақсы біледі. Ал, осындай бүкіл халықтың жүрегінен орын алған ән жолдарының тууына, ақынның шабытының оянуына әсер еткен, қаламына қуат берген- Қарағанды.
1955 жылдың қыркүйегінде Қарағанды қаласының шахтерлері бүкіл Қазақстан жастарына үндеу тастап, көмір өндіруге шақырған. Оған Жұмекен де алғашқылардың бірі болып 16-қыркүйекте «Шахтаға мен де барамын»,-деген өлеңімен үн қосты да, Қарағандыға аттанды. Сол кезде Қарағандыда, дәлірек айтсақ Майқұдықта 33/34 шахталар болған.(кейін жабылып қалды)
Шахталардың клубтарында кино көрсетеді, кітапханасы бар,түрлі үйірмелері жұмыс істейді. Жұмекен сол клубқа барып, көркемөнерпаздар үйірмесіне жазылады. Сәтін салған болса керек, әр нәрсенің ретін Алла өзі келтіреді дегендей, 1956 жылдың ақпан айында СОКП-ның ХХ съезі болады, сол съезге бүкілодақтық кәсіподақ ұйымы (ВЦСПС) жұмысшылардың көркемөнерпаздар байқауын ұйымдастырады. Оған колхоздың еңбекшілері мен жұмысшыларын тарту керек деген тапсырма барлық Одақ құрамындағы елдерге берілгендіктен, Қарағанды облыстық кеншілердің кәсіподағы 1955 жылдың 18 қарашасында «Шахтерлардың ән-би ансамблін құру туралы» қаулы шығарады. Ол қаулы барлық шахталарға таратылады, оған дейін клубқа барып,үйірмеге тіркелген Жұмекенді Қарағандыдағы Кеншілер сарайында құрылған ансамбль құрамына тартады. Кеншілер сарайының мемлекеттік мұрағатта архиві бар. Мен сол архивте отырып, Жұмекеннің шахтерлардың ән-би ансамблінің құрамына өту үшін өз қолымен толтырған тіркеу карточкасын таптым. Өзі жайлы жазғанда «домбырашымын, 33/34 шахтада көмір қабатын бекітушімін» деп жазған екен әрі 1955 жылдан кәсіподақ мүшесі екендігі де көрсетілген. Содан кейін ансамбльдің ұйымдастырылуына қаржы бөлінеді, киім тігіледі, 1956 жылы Мәскеуге барып, бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауына қатысады. Менің кітабымда Жұмекен жары Нәсіп апаймен суретінде осы ВЦСПС бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауына қатысқан кездегі арнайы жасалған төсбелгісін тағып түскен. Құжаттарға үңілсем, сол кездегі қаулыға қол қойған Қарағанды облыстық кеншілер кәсіподағының төрағасы Әукебай Келмағанбетұлы Кенжин. Жұмекен шахтаға комсомолдық жолдамамен екі жылға келсе де, талантты жанның болашағын ойлаған Әукебай Кенжин оны бір жылдан кейін шахтадағы ауыр жұмыстан босатып, рұқсатын беріп Алматыға оқуға баруына мүмкіндік жасайды. Консерваторияға оқуға түскен кездегі мұрағаттағы сақталған қағаздарда сол жылы оқуға музыкалық дайындығы бар адамдарды ғана қабылдаймыз деп жазылған. Жұмекен барлық талапқа сай болып, оқуға қабылданған, өйткені тек домбыра ғана емес, скрипка да тартқан, ән де салған. 1956 жылы жазда консерваторияға барғанда, онымен бірге Шәмші Қалдаяқовта оқуға түседі. Бұл туралы жазушы Мыңбай Рәштің «Жұлдыз» журналында жарияланған естелігінде : «Ол кезде мен «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүр едім. Маған бір топ жігіттер келді,оның ішінде Шәмші бар, Жұмекен бар. Жұмекен сонда өзінің өлеңдерін тастап кетті» ,- деп жазады.
- Сіз ақынның Қарағандыдағы шахтада еңбек етіп жүріп, ауыр еңбектің ақынның азамат болып қалыптасуы мен шабыттана еңбекті жырлағанына тоқталыпсыз.
- Ақын деген - ол азамат. Ол –адам. Бір жерде қалыптасуы керек.Оның бүкіл болашақ бағдары,ақындық жан дүниесі бір ортада қалыптасуы керек қой. Ол оған дейін ауылда, қыстақта атасымен тұрды. Барлық көргені- атасының тәрбиесі. Одан кейін мектепті бітірді де, Алматыға оқуға барды. Оқуға түсе алмады да, Қарағандыға келді.Яғни, оның ақын ретінде шыңдалып шығуы ортасына байланысты,ол жұмысшылардың,еңбекшілердің ортасы. Күмп етіп келді де, қайнаған қазанға түсті. Себебі, ол кезде Қарағанды шахтасына жан-жақтан жұмысшылар келді ғой. Жолдамамен келгендері бар, Қарағандыда бұрын лагерь болғанын білесіз. Бүкіл Майқұдықта сол лагерьде тұрғандар салған бүкіл шахталарды.Мен өзім жаздым ғой. Көмір мен өмір. Жұмекен сол жерде нағыз өмірді көрді, көптің ортасында шыңдалуға тура келді. Ол кісі тәртіптің адамы болған. Өз өмірін, өз талантын ұйымдастыра білген. Шахтаға келіп, жұмысқа орналасты да, көркемөнерпаздар үйірмесіне жазылды.Одан жоғарыда айтқан қаулы шықты да,оны ансамбльге тартты. Сол өнерпаз ұжыммен бірге Мәскеуге барып,өнер көрсетті. Ауылдан шыққан жас үшін мұның бәрі тәрбие. Осыдан келіп, менің түйгенім, Жұмекен ақын, азамат ретінде Қарағандыда қалыптасты. Оған кеншілер және сол кездегі кәсіподақ ықпал етті.Егер кәсіподақ сондай жұмыстарды ұйымдастырмаса, көркемөнерге тартпаса, оған Әукебай Кенжиндей талантқа жанашыр азамат кездеспесе кім біледі?..
Негізі адамның өмірінде еңбектің орны ерекше.Ал, еңбектен бұрын,оны сол еңбекке тарту үшін ұйымдастыру қажет. Адамзат баласына қоғамда өмір сүру қабілеті ұйымдасып, ұжым ретінде бірігуі үшін керек болған. Бұрында біз айтамыз ғой, аңшылықты ұйымдастыру, балық аулауды ұйымдастыру,мұның бәрі ұйымдасып еңбек етуге келіп тіреледі.Еңбек дегеніміз - қауымдасып өмір сүрудің нәтижесі. Осының арқасында ұжымдар құрылып,одан алдыңғы қатарлы адамдар шығады. Бір салада істеген адамдардың ұйымы негізінде ұйымдастыру мектебі керек. Абай айтқан ғой кезінде «біз жастарды адал еңбек пен мал табуды үйретуіміз керек»-, деп, біз де солай адал еңбек етуге үйретуіміз керек.
- Сіз Жұмекен күнделікті тіршілік күйбеңінің өзінен көңілге күй тауып берді деп, «қара көмір жанатыны-әдемі» деген жыры жанымызды жылытады дейсіз. Сол көңіл күй әуенімен жазылған жырлар жайлы зерттеуші ретінді не айтар едіңіз?
-- Шебер қолмен, от жалынын жырмен өріп, жұртқа жеткізу ақынның нағыз шынайы ақындығы. Күнделікті сан рет көріп жүрген жанып жатқан көмірдің жалынынан да әдемілік көру қандай ғажап. Шахтер Жұмекен қайласы, айбалтасы тас қабырғаны қиратса,қаламы да қайраулы алмас қылыштай жарқырады. Көңіліндегі көркем сөзін қазақ халқының мақсат-мүддесіне жұмсаған,талап, талантымен өз ырқына көндірген Жұмекен жүрегінің локомтиві-өлеңі оны қазақ поэзиясының биігіне көтерді.Оның қазақ халқының таихында қалар еңбегі кеншілердің, ғажап адамдардың астанасы Қарағандыда басталды. Мына өлеңін оқып көріңіздерші:
«Тас қабырға бара жатыр шегініп,
Балуан қолдар бұрғылады,құлатты.
Тас қабырға бара жатыр шегініп,
Жолаушының көкжиегі сияқты.
Комбайндар қабырғаға енеді,
Бұрғы дір-дір қадалады қара тастың төсіне.
Қоңырайып көмір ағып келеді,
Қоңыр бұйра толқындары есіле».
Жұмекен осылайша өнерімен өмірдің небір тас қабырғаларын шегіндіре білді. Қара тасты қоңыр өлеңге айналдыру алып ақын Жұмекенге ғана бұйырды. Ол Қарағандыдағы еңбек еткен кезде кеншілерге үлкен өлеңдер циклын арнаған ғой.Ол еңбекшілердің ақыны,егер де ол кісі ондай еңбекқор болмаса,мынадай табысқа жетпес еді! Тағы бір айтарым, «Менің Қазақстаным» өлеңін ол біздің Қарағандыда жазды.
- Сіз солай деп пайымдайсыз ғой, ал деректер не дейді?
- Олай деп ойлайтыным, алдында айтқан Мыңбай Рәштің естелігінде олар тамыз айында барған Шәмші Қалдаяқовпен бірге «Лениншіл жас» газетіне және бірнеше өлеңдерін қалдырған. Ол сол өлеңдерін қай жерде жазды деп ойлайсыз. Жас жігіт.Мәскеуге барып келді,көңілі көтерілген. Еркіндік бар бойында, азамат болып еңбек етіп, ақша тауып жүр. Өз қолы өз аузына жетті дегендей. «Алтын күн аспаны,алтын дән даласы. Думанды бастады, далама қарашы. Дән егіп терлеген ,қазағым мықты ғой»,-дейді. Сол дән еккен егінді қайдан көрді ол кісі? Алматыдан ба, жоқ. Ол кісі бізден шілде айында кетті, ол нағыз егіннің піскен уақыты ғой. Сосын қарап отырсаңыз,33/34 шахтада сол мезгілде бір авария болады да, шахта уақытша жұмысын тоқтатады.Сонда бүкіл жұмысшыларды қайда жіберді,әрине егінге. Жұмекен де солармен бірге егін еккен далаға барды, жайқалған егінді көрді,дән еккен диқанның еңбегін бақылады. Оның тағы «Таңсәріде» деген өлеңі бар. Мұның бәрін осы өлең арқылы талдасаңыз, көз алдыңызда рет-ретімен тұра қалады. Осының бәрі еңбек. Жұмекеннің кенші ретіндегі көркем образы қандай керемет,ол «Менің Қазақстаным» өлеңін жазды, ол ақырында әнұран болды. Ол не деген сөз,ол – еңбекті тану,еңбекті мойындау. Қоғам адал еңбек ету керектігін мойындап, қабылдап отыр. Абайдан кейінгі ақындардың ішінде еңбек тақырыбын,еңбекші тақырыбын молымен терең түсіне жазған – Жұмекен Нәжімеденов. Біз оны тек ақын деп қана қарамауымыз керек,ақындық та бір еңбектің саласы.Ол да бір кәсіп. Ал, Жұмекен: «Әркім өз еңбегінде ақын болу керек», - дейді. Міне, Жұмекеннің ақындығы- еңбекте жатыр, Қарағандыда жатыр. Бұл үлкен тәрбие, Жұмекен сондай еңбек майданынан өтті. Бізге осы тұрғыдан Жұмекеннің жастық шағына оралу- жұмысшы мамандығының қадірін түсіндіру мен адал еңбектің бағаланатынына сендіру үшін де қажет.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.