Біз бұл айдарды «Қоғамдағы үш анық» деп атадық. Оны таратып айтсақ, ең алдымен кімге болсын денсаулық қымбат. Ал, білімді елдің болашағы зор. Денсаулығы мықты ұрпақ қана білімнің биік шыңын бағындыра алады. Қоғамдағы көп түйткілдің бірі –әрбір азаматтың әлеуметтік жағдайы. Елімізде білікті маман өз еңбегіне сай жалақы алса, әрбір жас отбасының баспанасы болса, зейнетке шығатын жан келешегіне алаңдамай, бақуатты ғұмыр кешемін деп ойлағанда ғана болашаққа деген сенімді қалыптастыра аламыз. Бүгін аптаның жұма күні соңғы қоңырау салтанаты, сан түлек сүйікті ұстаздарымен ,аяулы мектебімен қоштасады,жаңа өмір басқыштарына қадам басады. Биылғы мектеп түлектерін алдарында қандай өзгерістер күтіп тұр,алдымен сол ақпаратттардан бастайық:
Жарқын болашақтың иесі - білімді ұрпақ
Білім алу - былдырлаған балдырғанның тілі қалыптасатын балабақшадан бастау алып, әр ғылымның негізі саналатын атаулы пәндердің ерекшеліктерін баланың бойына сіңіретін орта мектептерде өрбиді. Баланың болашақта қандай мамандықты таңдауына да, осы кезеңде алған білімдері себеп болып жатады. Міне сондықтан да, білім саласына қатысты оқыту жүйесіндегі бағдарламалардың жүйелі құрылуы өте маңызды. Ол тарапта білім және ғылым министрлігі Елбасының тапсырмасы бойынша жаңартылған бағдарламаларды жүзеге асыруда. Жалпы бұл жаңартылған мазмұн 10 жыл бойы еліміздің белгілі орта білім беру ордаларында (НЗМ,ҚТЛ) сынақтан өткен. Ендігі мақсат: сол жаңашылдықты өзге де барлық мектептерге енгізіп, халықаралық олимпиадаларда шет елдік балалармен иық тіресе алатындай білімді шәкірт оқытып шығару. Ол болашақта білікті кадрлар мәселесін шешуге де оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Білім саласына жауапты ведомство басшысының берген мәліметіне сүйенсек, республика бойынша биылғы оқу жылын үш миллионға жуық бала тәмәмдайды екен. Оның 146 мыңы мектеп бітіруші түлектер. Соның 69 пайызы, яғни 96963 түлек ҰБТ-ға қатысуға үмітті. Ал осы бүгінгі күннің өзекті тақырыбы болып отырған ҰБТ-ның биылғы жаңашылдығы неде?-дегенге келсек, ондағы сұрақтардың 50 пайызы жаңартылған. Және ағылшын тілінде тапсырғысы келетін түлектер үшін де рұқсат беріліп отыр. Бұндай ҰБТ тарихындағы жаңалыққа өз өтініштерімен себепші болып отырғандар-республикамыздың әр аймағынан жиналған 200-ден астам мектеп бітірушілері. Сонымен қатар, ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов, Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу үшін жинауы тиіс баллды да жариялады. Ауыл шаруашылығы және ветеринария бағыты бойынша ең төменгі шектік балл-60. Ұлттық университеттерге түсу үшін-65, медицина бойынша да -65 балл жинауы тиістігі белгіленген.
Биыл ұлттық біріңғай тестілеу 167 пунктіде өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 48 пункті жоғары оқу орындарында, қалғаны орта мектептерде орналасқан. Ұлттық біріңғай тест тапсырушы түлектер саны жыл сайын артқанымен оны өткізуге бөлінетін қаражат көлемі үш жыл бойы өзгермеген. Ал биыл ұлттық біріңғай тестілеуді өткізуге мемлекет бір жарым миллиард қаржы бөліп отыр.
Ал елбасының тапсырмасы бойынша биыл қосымша бөлінген 20 000 білім грантын ескерсек, түлектеріміз бейіндік пәндерді таңдағанда осы техника және педагогика мамандықтарына сай келетіндей факторларды ескерсе дейді мамандар.
Айта кетсек, биылғы бітіруші түлектердің ішінде оза шауып, 140 баллды бірінші жинаған түлекке де ұлттық біріңғай тест орталығы басшысының сыйлығы дайын.Ал ол сыйлық, тест тапсыруға үміткер 97 000-ға жуық мектеп бітірушілерінің ішіндегі қайсысына бұйырарын уақыт көрсетеді. Ал біздің сөз соңында айтарымыз жарқын болашақтың тұтқасын ұстар бүгінгі түлектерімізге-ақ жол‼!
Түлектерге пайдалы ақпараттарды жинақтаған: Салтанат Сәдібекқызы
Бүгінгі жұма күні дайындалып отырған «Қоғамдағы үш анық» айдарының арнайы топтамасында «Білім негізі-бастауышта» десек, мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап, шәкіртінің бойына білім мен тәрбие негіздерін қатар қалыптастыруға ұмтылатын ұстаздың көңіл толғаныстарын жариялап отырмыз.
Фото 2
Қош бастауышым, балбұлағым!
Әрбір адамның өмірінде ерекше есте қалар естеліктер мен қайта айналып кайрылмайтын қас-қағым сәттер болады екен.Бүгінде мен үшінде осынау күн- менің өмір дәптерімнің айрықша шеті белгіленген парағы іспетті.Кез-келген қаламы үшкір,ойы ұшқыр ақын-жазушыларымыздың еңбегінде , көктем-сондай бір адам жанын тебірентіп,сезімдердің сынға түсетін сәтіндей бейнеленбей ме?? Ия,осы бір құдіретті сезім-ол махаббат деп аталады...Расында , менде ұстаз бен шәкірттердің арасында болатын сондай үлкен махаббаттың маңызын- қоштасу сәтінде тереңірек түсінгендеймін!!! Осы бір аталған ұстаз бен шәкірт арасындағы сезімнің үлкен сатысында - бастауыш тұрады десем артық айтқаным емес. Себебі,қай нәрсені болмасын басынан қаласаң,ол қашанда ыстық болып тұрады емес пе?!
"Бастауыш-білім бұлағы" деген теңеуде бекер айтылмағаны рас екендігіне осы бір тұста тағы көз жеткізесіз! Күздің керемет күнінде қолдарына гүлдеріменен алғаш сөмке артып,ата-анасымен бірге келген кіп-кішкентай бүлдіршіндер.....таза көңіл мен әппақ ниетті періштелер...балалығының бал дәмі аңқып тұрған балапандар мен айналасына таң тамаша қарап көз жүгірткен кішкентай бүлдіршіндер....Бәрі-бәрі дәл осы сәтте сенің демеуіңмен және дәл сенің көз алдыңда үлкен өмірге қадам басады...Бастауын сенен алғалы тұрған бұлақтың көзін ашып,оның құяр теңізін дөп тауып,жол сілтеу-біздің басты парызымыз емес пе?! Ол мүмкін болашақ ғалым,мүмкін ақ халаттың иесі,мүмкін ұстаз,мүмкін елдің егесі...Кім болса да оның бойына тәртіп дейтін тағылым мен адамгершілік дейтін адамдық кодексті ,ол - сенің әр әрекетің мен қадамыңнан алады,сенің сөзіңе қарап ой құрап,ісіңе қарап жөн түзейді.Сіз осыншалықты жауапкершілікті өзіңізге артып отырғаныңызды білесіз бе??Бала-әппақ парақ.Баланың өмір жолының айқара ашық және тап-таза болуы, жасыл түстерге толуы-олардың өмірге әкелген ата-анасымен сіздің мойныңызға теңдей жүктелген..Мен-қоштасу алаңында тұрып,әрбір баланың әр сәтін есіме түсіріп,көңілім алай-дүлей күй кештім...Мен-қоштасу алаңында тұрып, балалардың алғаш қалам ұстағанынан - осы бір сәттеріне дейін еске алып,ойға шомдым...Қандай керемет сезім десеңізші...Бұл сезімнің сыры -қызметіне жауапты,ісінде-сауатты адал мамандардың ғана бойынан өткере алатын ғажап құбылысы ау сірә...Дәл сол сәтте менде бір үнсіздікпен : ғаламның көз-құлағын,қара тақта менен ақ бор ғана пайдаланып , шәкіртінің санасына сіңірткен ұстаздар мәңгі жасасын деген оймен , шәкірттеріме өмір баспалдақтарынан сүрінбей өтсін деп,алдағы ғұмырларына тек сәттілік тілеп қала бергендеймін......
Жүрекжарды бұл толғаныстарын бізге жолдаған ОҚО, Созақ ауданы Шолаққорған ауылы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебі КММ-сінің ұстазы Рахышова Назира Əбуқызы.
Еңбек жолын 1984 жылы балабақшадан бастаған. 1990-1995жж балабақшада меңгеруші қызметін атқарған. 1995жылдан Шолаққорған ауылында Жеткіншек бастауыш мектебінде мұғалім болған.
2008-2013жж Жеткіншек мектебінде директор қызметін атқарған.
1995жылдан бері 4 бастауыш сынып бітіртті. 2013 жылдан бастап Ы.Алтынсарин мектебінде қызмет атқарады. Биыл осы мектептен бірінші түлектерін ұшырды. Аудандық білім бөлімінің мақтау қағаздары мен алғыс хаттармен, төс белгімен, облыстық білім бөлімінің грамотасымен, облыс əкімінің алғыс хатымен марапатталған.