Жақында Жезқазған қаласында «Көкжиегі кемел музейлер» фестивалі өткізілген болатын. Фестивальге еліміздің өңірлерінен 13 музей қатысты. Республикалық деңгейдегі бұл шараның мысты шаһарда ұйымдастырылуының да өзіндік себебі бар еді.
Қасиетті Ұлытау мен мысты өңір Жезқазғанның өткені мен бүгініне алтын көпір болып тұрған, әр жәдігері тарихтан сыр шертетін Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне 40 жыл толды.
Бүгінгі дүйсенбі күні алғаш назарларыңызға ұсынылып отырған «Көне дәуір күмбірі» айдарынан музейдің осы уақыт аралығында ғасырлар бойғы қалыптасқан мәдени мұраларды насихаттау мен жас ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап жеткізудегі атқарып жатқан игі істерімен таныса аласыздар.
Әр жылдың өзіндік бір ерекшелігі бар. Биылғы жыл Жезқазған тарихи-археологиялық музейі қызметкерлері үшін де ерекше есте қалар жыл болып отыр. Оның бастысы сол – ұлттың тарихын түгендеп, ұрпаққа қалдыруды мақсат еткен музейдің есігін алғаш рет ашып, сапалы қызметін халыққа ұсынғанына 40 жыл толуы дер едік.
Бүгінгі музейдің жеткен қандай да бір жетістіктері жайлы сөз қозғалғанда, алдымен ойға аға буын өкілдерінің төккен терлері, алған биіктері ойға оралады. Ол әрине музей тарихын тереңірек үңілген сайын санадағы сарытап болып сақталып қалған сан тарау жолдарға бастау болып алдыңнан құшақ жая шыға береді.
Жезқазған тарихи-археологиялық музейі 1978 жылы 10 мамырда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен ЖКМК мекемесінің тарихи-өндірістік музейі негізінде ашылды. 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейіне Алашахан даңғылы, 22 үйде орналасқан 2 қабатты «Сарыарқа» аяқ киім дүкенінің ғимараты берілді. Сөйтіп, жас облыс орталығы Жезқазғанда Ұлытау-Жезқазған өңірінің даңқты тарихын болашақ ұрпаққа сақтап-үйретуді, кеңінен насихаттауды мұрат тұтқан және бір мәдениет мекемесі шаңырақ көтерді. 1988 жылы Жезқазған облысының көне заманнан қазіргі кезеңге дейінгі табиғаты мен тарихын бейнелейтін тұрақты экспозиция ашылды. Кейін облыстың таратылуына байланысты 1997 жылдың 4 шілдесінен бастап музей тарихи-археологиялық болып аталды. Экспозиция залдарындағы диорамаларды «Казмузейреставрация» республикалық шеберханасы арнайы дайындаған болатын.
Фото: Музей, алғашқы кезеңдер
Музей қызметінің негізгі бағыттары – ғылыми зерттеу, жинақтау, тіркеу-сақтау, экспозициялық және насихаттау жұмыстары. Музейде 12 ғылыми қызметкер өлке тарихы және музейтану мәселелері жайында ғылыми ізденістермен айналысады, ал 3 суретші экспозициялық және көрмелік жұмыстарды жоғарғы деңгейде орындайды. Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің құрамында 5 бөлім жұмыс атқарады:
Музей қорында 50 мыңға тарта жәдігер сақталған. Көптеген танымал ғалымдар, этнографтар, өнер зерттеушілері, тарихшылар өз кітаптарына, ғылыми еңбектеріне музей қорындағы сирек кездесетін құнды, бағалы жәдігерлерді пайдаланады.
«Музейде өзінің ісіне өте бейілді берілген жандар ғана тер төгеді» деген бір қанатты сөз бар. Музейде күні бүгінге дейін үш жүзден астам адам еңбек еткен екен. Олардың әрқайсысының да мұнда өздеріне лайықты қолтаңбасы бар екенін әрқашан мақтана айта аламыз. Бұл ретте көзінің тірісінің өзінде-ақ «Музей ата» атанып, елге ерекше танылған Сүтемген Бүкіров аты бірінші болып тілге оралады. Жезқазған – Ұлытау – Қарсақбай өңірінде Сүтемген атаның таяғының ұшы, табанының ізі түспеген жер жоқ деуге болады. Музейде Сүтемген атаның қалдырған мұралары жетерлік. Оның ізін жалғастырған музей басшылары да өзіндік қолтаңбаларын қалдырды. Атап айтар болсам, Еділ Жатақбайұлы Байсартов – археологиялық зерттеу жұмысын жолға қойса, Александр Данилович Лобас – берілген дүкен ғимаратын музейге айналдыру үшін қайта жаңғыртуға қатысты ұлан-ғайыр жұмыстарды атқарды. Қайырбек Изатбекұлы Сәдуақасов – музей жұмысы оңтайлы жолға қойылып, 7 бөлім, 4 филиал жұмыс атқарып, музей қоры бай этнографиялық жәдігерлермен толықты. Бахтияр Сапарбекұлы Қожахметов – республикалық «Отырар –Ұлытау», халықаралық «Алтай – Дунай» тәрізді көптеген жаңашыл және батыл жобалар мен экспедициялардың бастамашысы болды.Экспедиция барысында Алтайдан Дунайға дейін өмір сүріп жатқан халықтардың рухани мәдениетінен 300-ге жуық бірегей этнографиялық жәдігерлер жинақталды. Алмат Яхияұлы Құсайынов – музей заман талабына сай жаңаша үрдіспен жұмыс атқара бастады. Зинаида Супьяновна Чумакова – музейге қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, материалдық-техникалық базасын нығайтып, жаңа жобалардың тұсауын кесті. Жанды дауыстағы диорамалар арқылы экскурсиялар жүргізу, «Аманат» музей театры, «Мирас» сән театры, «Музейлік шеберлік мектебі»құрылды. Әр кезеңдерде музей жандану жолында болды.
Музейдің ең алғашқы жобаларының бірі «Есімдері көше атына берілген тұлғалар». «Тарих тұғырындағы есімдер», «Жезқазған қаласының Құрметті азаматтары», «Ауылым – алтын бесігім», «Жезқазған қажылары», «Ілгерілеу. Серпіліс. Жаңару», «Ғасыр ғұмырлар – асыл ғұмырлар», «Көшбасшы арулар: тіршілік тынысы», «Халық – тарих толқынында», «Алтын арна», «Музейлік кездесулер: Алтын қор», «Елінің елеулі азаматтары», «Берік отбасы – берік мемлекет», «Алтын арна».
Ұлытау-Жезқазған өңірі – қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің қазынасы. Музей қызметкерлері тарихи және мәдени, архитектуралық ескерткіш орындарына туристік экскурсиялар ұйымдастырады: «Ұлытау – көне заман құпиясы», Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелеріне, «Теректі Әулие» археологиялық кешеніне экскурсиялар ұйымдастырады. Сонымен қатар, жезқазғандықтарға және қала қонақтарына: «Жезқазған – Қазақстанның мысты інжу-маржаны», «100 ұлттың тұрағы», «Үлкен Жезқазған және Сәтбаев», «Қазақстанның жұлдызды жолы», «Сол жылдарға тағзым етеміз», «Көркем қала – Жезқазған» атты қалалық бағытта экскурсиялар жасайды.
Музейдің осы жылдар ішінде жеткен жетістіктері де аз емес. Кедендік одақ пен ТМД мүшелері – Ресей Федерациясы, Украина, Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Әзірбайжан Республикаларын қамтыған жалпымемлекеттік ұлттық рейтинг-бағдарламасы бойынша Алтын медальмен және «Сала көшбасшысы – 2014» ұлттық сертификатымен марапатталды. 2015 жылы Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне Қазақстан ИКОМ ЮНЕСКО-ға қарасты Халықаралық музейлер кеңесінің шешімімен «Жыл музейі» дипломы табысталды.
Ұлттық музей елдің барлық аймақтарындағы музейлердің беделін көтеру және шығармашылық пен инновациялық бастамаларын қолдау мақсатында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында Қазақстанда алғаш рет музейлер арасында «Ең үздік музей» атты республикалық байқауды өткізді. Осы байқауда «Үздік мемлекеттік музей (қалалық) дәрежедегі» номинациясын Жезқазған тарихи-археологиялық музейі жеңіп алды.
40 жылдық тарихы бар музей өмірі күнделікті тыныс-тіршілікке, ізденістер мен жаңалықтарға толы. Музейдің өткені, бүгіні мен болашағы. Өткеннен үлгі аламыз, бүгінгімен өмір сүреміз, ал келешекке сенім артамыз. Музейдің жүріп өткен жолына терең бойласақ, құрылуына, дамуына өз үлестерін қосқан музей ісінің шеберлері, Біләл Әлімбекұлы, Күләш Қалқанбайқызы, Сәбира Мұхамедияқызы, Жұлдыз Кенжекқызы, Макар Аманжанқызы, Салиха Орынғалиева, Гүлзира Наурызқызы, марқұм Әлия Исақызы, музей майталмандары: Айтжан Өтжан, Несіп Ғазизқызы, Күміс Қарсақбайқызы, Райхан Борашқызы, Шолпан Төлегенқызы, Эмма Радиковна, Кәбира Мақышқызы, Райхан Төлегенқызы, Наталья Николаевна, Ахмет Өтеген, Разия Болатқызы, Ерғазы Кеңесұлы, Рабиға Сембекқызы, Шарапат Әбілдақызы, Бахытжан Хасенқызы, Галина Ильясқызы, Сәбира Әбдіқадырқызылар болды.
Жаңа жәдігерлерді жинақтау, қолда барды ұқсатып, оны үлгілі пайдаланудың тың тәсілдерін игерудің де өзіндік оң нәтижесін береріне сенім мол. Келушілерге есік ашылғанына 40 жыл толып отырған музейдің алдағы кезде де бүгінгі қол жеткізген биіктерден төмендемей жаңа биіктерді бағындырары сөзсіз.
Раушан Қапарова,
Жезқазған тарихи-археологиялық
музейінің басшысы.