Танымал адам болу мамандығыңды дұрыс таңдай білуден , жүрек қалауымен айналысқан ісің ғана нәтиже беріп, жетістіктерге жетуге болады деп ойлайтынымыз рас. Қаншама жылдар мамандығына адалдықпен қызмет атқарып келе жатқан жандар қалай ойлайды, сол мамандықты таңдауға оларға кім ықпал етті, жақсы адамнан-жақсы маман шыға ма? – деген сауалға жауапты бүгінгі «Сырласу» айдарында бірге іздеп көрелік...
Маңдайға жазылған тағдырдан асқан ғұмырды кешем деу бекершілік деп жатады, кім білсін?! «Әу бастан біздің бүкіл өміріміз пешенемізге жазылған» - деген өмірдің жазылмаған қағидасымен ғұмыр кешу қаншалықты дұрыс? Өмірге келгеннен кейін ата-ананың қамқорлығында ер жетіп, есейіп үлкен өмірге қадам басатынымыз рас. Кішкентай кезінен баласының не нәрсеге қабілеті мен икемінің бар екенін аңғарған ата-ана сол бағытта тәрбиелей бастайды. Ал қай саланың маманы болуды, кім болып қызмет атқаратыныңызды сіз үшін кім шешуі керек, сіз бе, әлде ата-анаңыз ба?
Міне осы сауалды ел алдында елеулі еңбек етіп, қызмет атқарып жүрген жандарға да қойдық. Алғашқылардың бірі болып жауап берген,тарих ғылымдарының докторы,профессор Жамбыл Омарұлы Артықбай.
- Әкемнің елу,шешемнің қырық жасында көп күтіп жүргенде дүниеге келген бала екенмін ерке болдым, мектепке ерте бардым.Менің тарихшы болуыма бірден-бір ықпал еткен ол менің әкем.Әкемнің тізесінде отырып тарихи әңгімелерді көп тыңдадым, қазіргі күнге дейін сол әңгімелерді тамызық қылып пайдаланамын. Шежіреге қатысты, Абылай, Кенесары заманындағы әңгімелерді әкей мен ол кісінің жолдастарынан естідім. Сол кезде мына жер пәленшенің қыстауы, ана жерде түгеншенің құдығы бар, Күрлеубайдың жолы, Ерманның бұлағы деп айтып отырушы еді, сол әңгімелерінен-әңгіме өрбитін. Мәселен Ерман деген кісі Ермағанбет-Нұрмағанбет деген ағайынды кісілер атақты композитор Мәди Бәпиұлымен жолдас болған екен. Мәдиді өзінің ағасы Қақабайдың баласы мылтықпен атады ғой сол кезде жараланып Ерман құдығының басына Ермағанбеттің қолына келіп еді, ол кісінің ағасы Нұрмағанбет ісмер әрі емшілігі де болса керек,Мәдидің балтырын тіліп оғын алған еді,- деп осындай тарихи әңгімелерін айтып отыратын. Бірде, экспедициямен жүріп ауылға соқтым, жанымда студенттерім және орыс ұстазымыз бар, әкем орысшаға жүйрік еді, екеу ара әңгімелесіп отырғанда ұстазым менен жақсы ғалым шығатынын айтса керек, араға бір ай салып ауылға қайта келсем әкем: «Бір қой сойып берейін әлгі орыс ұстазыңа апарып берші»- деп қоймайды, шешемнен неге әкем қой сойып бермекші?- деп сұрасам: «Сенен жақсы ғалым шығады деп мақтапты, соған қуанып жүргені ғой»- деп еді. Менің кішкене күнімде әкей ғалым болады-ау деп ойласа керек, менде мүмкіндігімнің келгенінше соны ақтауға тырыстым.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, ақын, жазушы Сәуле Досжанова өзінің өмір жолынан былайша әңгіме өрбітті:
Менің тағдырым өзі қызық, өзім 1960 жылы туғанмын ел жайлаудан қайтқанда дейтін бірақ, менің құжатымда 1959 жыл 2-ші қыркүйек деп жазылады, менің өмірімдегі өзгерістердің өзі сол кезден басталады.Себебі: қойшының қызымын ғой, нақты туған күніммен жылымды білмеген соң құжатымды тура мектепке баратын күні жасап,1959 жыл 2-ші қыркүйек деп жазып оқуға береді.Содан бастап менің өмірімде қолдан жасалған өзгертулер көп болды.Үйге суды Хантәңірінің баурайынан таситынбыз есекке піләкті артып алып, сонда суды құйып жатқанда білегімнен құйылған су туберкулезге қарсы екпе жасаған жерге тиіп, су тигізбеңдер деп ескертпеген ғой, қызарып ісіп кетеді. Содан ауруханаға жатқызды, жалғыз мен емес, мектеп директорының баласы, бас бугалтердің баласы, мұғалімдердің балалары бар, март айында барып түстік, үш ай сабақтан қалдық.
Қыркүйекте жаңа оқу жылы маусымында, мектеп директоры бір баланы мектептен қалдыру керек болған соң мені қалдырады, сонда мен сол кісіге қатты ренжідім, әлі күнге дейін есімнен кетпейді ол менің өтпелі кезеңім еді. Сөйтіп құжатта жасым бір жас үлкен болып жазылады да, сыныптан қалған соң өзімнен бір жас кіші балалармен оқуыма тура келді, соның кесірінен мен алтын белгіге іліне алмай қалдым. Мектепті бітіріп оқуға құжат тапсыратын шақта бірінші жылы кешігіп қалдым, екінші-үшінші жылы балым жетпей қалды. Қоймай жүріп мен төртінші жылы КазГУдың журналистика факультетіне түстім. Оқуға түсе алмай жүрген шағымда әкем маған мұғалім болсаңшы деп, шешем дүкенші бол деп жүріп, екеуі де өмірден менің не оқу оқығым келетінін түсінбей өтті.Мен журналист болмағанда дәрігер болатын едім деп ойлаймын.
Ал бұл сұраққа белгілі диктор, ҚР еңбегі сіңірген мәдениет қайраткері, Қаржы полициясының полковнигі Әбдірәлі Бөлебай былай деп жауап берді:
- Ауылдың баласымыз Қаратаудың бөктері Ерназар елді мекенінде туып-өстік. Әкемнің 47 жасында көрген баласы болғаннан кейін еркелеу болдым, балалық пен бұзықтықты көп жасадым. Әкем мектепте мұғалім болды. Мен математика, физика, химия деген сабақтарға мүлдем жоқ болдым, кереметтей қатырып оқу оқыдым деп айта алмаймын, тіптім менің жоғарғы оқу орнына түсіп белгілі бір маман иесі болады дегенге сену де қиын болды десем болады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары армандап Алматыға келіп Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне тапсырып едім жолым болмады. Бір жыл бос кетпесін деп ағаларымыз айтқан соң, қалалық кәсіптік техникалық құрлыс мамандарын даярлайтын оқу орнында «ағаш шебері» дейтін мамандық бойынша дәріс алып, оқып бітірдім кәдімгі паркет салатын, еден салатын мамандық. Құрылыс монтаж басқармасында жұмыс істедім. Келер жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне қайтадан тапсырып едім тағы болмады. Содан бір күні Асқар Тоқпанов ағамыз консерваторияға курс қабылдағалы жатыр екен дегенді жігіттерден естіп бардым, Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институты деп аталатын ол кездері. Театр және кино актерларын дайындайтын мамандыққа Асқар ағамыз ұл-қызы бар жиырма бала қабылдайды екен сөйтіп ойламаған жерден оқуға түсіп, төрт жыл Тоқпанов ағамыздың тоқпағын жеп өстік. Менің әкемнің бір аяғы жоқ еді, кейін әкемді мектепке жетектеп апарған кезде Бегалиев Нұрболат деген химия пәнінің мұғалімі әкеме «Ақа ризамын мынандай бұзық бала институт бітіреді-ау, деп ойлаған жоқ едім» дегені есімде.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,ақын, композитор Елена Мәжитқызы Әбдіхалықова дәл осы сауалға байланысты өз ойын былайша жеткізді:
- Мектеп қабырғасында жүріп- ақ аудандық, облыстық, республикалық газеттерге көп мақалаларым шығып жүрді, «Журналист» болуды армандадым. Сол жазған дүниелерімді жинастырып, КазГУдың журналистика факультетіне тапсырдым, бұл1987 жыл болатын, ал 1986 жылы желтоқсан оқиғасының болғанын білесіздер, үкіметтің беті бері бұрылмаған, еркіндігіміз жоқ кез еді ғой. Сол кезде Қайрат Рысқұлбеков марқұмға байланысты оңтүстік облыстарының жастарына, бұлардың бәрі ұлтшыл,бұзық, тәртіпсіз деген жалалар жабылған болатын. Жоғарғы оқу орнына құжатымызды қабылдағанның өзінде де біздің биографиямызға емес, географиямызға қатты мән берілді, сонда маған: «Сіз құжаттарыңызды тапсырмасаңызда болады, бәрібір сізді алмайды» деген еді, оған қарамастан тапсырып шығармашылық байқаудан бес деген баға алып тұрып, кейінгі сабақтан құлатқан болатын. Сонымен ауылға қайтып, «Жаңа дария» аудандық газетінде бір жыл корректор болып жұмыс жасадым.Сөйтіп 1988 жылы ол кезде Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда пед институты, соның филология факультетіне тапсырып, журналистикаға қолым жетпеген соң филологияда соның бір атасы ғой деп сол жерге оқуға түсіп, тәмәмдап шықтым.Сөйтіп менің аңсарым ауған Алматыда оқу деген арманым орындалған жоқ. Содан тағдырдың жазуы шығар үш бірдей бауырымнан айырылдым, жап-жас күйінде бірінен кейін бірі қайтыс болды, менің ең қиналған тұсым сол кез еді. Солардан қалған балаларды жеткізу менің мойныма жүктелді, біреуіне әке, біреуіне шеше болуым керек болды. Әкем де шешем де қатты қиналды, қазақтың «Атамды атсаң ат, ботамды атпа» деген мақалының мәнін мен сол шақта түсіндім. Біздің ауылда кісі қайтыс болғаннан кейін бір жылдық садақасына дейін жоқтау айтады, менің ән салуыма да сол қиындықтар себеп болды, менің музыкалық арнайы білімім жоқ, сондықтанда «Қалай әнші болдыңыз?» деген сауалға мен жоқтау айтып әнші болған адаммын деп айтатыным да содан.
Осы кісілердің әңгімелерінен кейін, мен мамандықты өзім таңдадым ба, әлде мамандық мені таңдады ма?- деген ойға қалдым.
- Марқұм әке-шешемнің айтуынша мен өте тынымсыз, нағыз бұзықтың өзі болыппын, әкемнің жолдастары мені есейгенге дейін ер бала деп жүріпті, «Үлкейгенде кім боласың?»- деген сауалдарына «Ақын боламын» - деп жауап береді екем.Содан не керек, мектеп табалдырығын аттап оқушы атанып, мектепті тәмамдайтын уақытта келіп жетті, Қарасазға жас ақындар мүшайрасына шақырту келді, бардым, жүлделі орынмен келдім, КазГУдың журналистика факультетіне шақырту алдым, бірақ бармадым. Жүргенов атындағы өнер академиясына түсу менің арманым болды, тапсырдым, бірінші жылы 147- балмен түсе алмадым, 148- балдан жоғары қабылдайтын болды, екінші жылы тағы түсе алмадым, үйдегілер басқа оқу орнына барсаңшы деп құжаттарымды Халықаралық журналистикаға өткізді, мен журналистикадан қашып әлекпін. Бір күні түс көрдім, мектептің бірінші қабатында дәлізде келе жатыр екенмін, бір жағы ақ, бір жағы көк қаламды тауып алып баспалдақпен жүгіріп жоғары көтерілсем аппаратуралардың алдында отырмын, даладағы бағанға ілінген радиорубкадан өз даусымды өзім естіп шошып ояндым бітті, «түс түлкінің боғы»-деген, ұмыт қалды. Қайтадан оқуға тапсыруға өнер академиясына келдім, әртіс емес, режиссер емес биыл басқа мамандық таңдаймын деп шештім. О, «Автор- телекомментатор» осыған барамын,-деп шештім. Ақыры белгілі журналист, публицист, профессор Камал Сейтжанұлы Смайловтың курсында оқыдым, әуелден өзім бармаймын деп ойлаған журналистикаға мен осылай түскенмін.
Сонда бұны тағдырдың жазуы деймізбе, қалай?! Қалай болған күннің өзінде де адам өмірінің айқындаушы күші ол адамның өзі. Сіздермен сырласа отырып,әр адамның сүйген ісімен айналысуына түрлі оқиғалар ықпал ететінін аңғардым. Ең негізгі айтпағым, мамандығын жүрек қалауымен таңдаған адам ғана жетістіктерге жетеді. Сұхбат алған жандардың бөліскен сырларын сол қалпында жеткізуге тырыстым.
«Сырласу» айдарының материалдарын дайындаған: Назира Сұлтанмұрат