«Жырақта жүргендер» айдарында өзге елде жүрсе де,туған жерінің мерейін үстем етуге бірі білімі мен қажыр-қайратын арнаса,бірі спорт арқылы таныстырып жүрген жандар жайлы баян еттік. Ал бүгін Бельгияда тұрып жатқан ақын ана жайлы сыр шертеміз.
«...Алыста қалды туған жер, мекен, өскен ел,
Тұманды соқпақ, шырғалаң, тайғақ кешпелер.
Іздерің қалған күндердің көшін тізбелеп,
Өрмегін құрып, өрнегін ойым кестелер»...
Бұл атамекеннен алыс Антверпендегі Ырысалды Әділханқызының жан толғанысы. Ол жер шарының Азия мен Еуропа атты екі құрлығында – Қытай, Қазақстан, Бельгия сияқты үш мемлекетінде өмір сүріп, өзінің жүріп өткен өмір жолын өлеңмен өрнектеп келе жатқан ақын. Қытайда туып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бабалар мекені Қазақстанға табан тіреді.
Тағдыр тауқыметін көп кешіп, өмірден қанша теперіш көрсе де, қаламын тастамай, өлеңін өміріне серік еткен тағдырлы ақынның өлең жолдарын оқи отырып, оның қайсарлығына, қажырлылығына таң қаласыз.
«Сағым дүние, сайқал тірлік, от арман,
От арманға жете алмай жүр от арбам.
Кісілігін түсінігі жалмаған,
Келем қалмай пендешілік сапардан,» - дейді.
Сондай ауыр жолдарда жүрсе де, өлеңімен өмірді өрнектеп, әлемге жылулық сыйлап жүргеніне тәнті боласыз.
Маған тәңірім сыйламапты сұлулық,
Жүрегіме жыр құйыпты сұлу қып.
Сұлулықты сұлу әлем ұқсын деп,
Жырларыммен тарқатамын жылулық, - дейді ақын.
Қайсар ақынға қалайша тәнті болмайсыз?!
Ырысалды апай айтады: Мен 1941 жылы Қытай жерінде дүниеге келдім. Толықсызды Дөрбілжің ауданынан, толық орта мектепті Шәуешек қаласында бітіріп, 1958 жылы Үрімжідегі Шинжиаң медицина институтына түсіп оқыдым. 1962 жылғы шекара оқиғасы кезінде ата-анасы Қазақстанға кеткен студенттерді туған жеріне қайтарған кезде, мен де өз жұртым Шәуешекке қайтып келдім. Келген соң бізді әр жерге жұмысшылыққа бөлді. Мен Шәуешек аймақтық сыртқы сауда мекемесінің тері-жүн экспорт зауытына жұмысшылыққа орналастым. Шекара түбіндегі «ішке жөткеу» кезінде, мені Шиху аудандық сыртқы сауда мекемесіне жіберді. Бірақ, бұл жердегі жағдайым Шәуешектен жеңілдеу болды. Мұнда ұзақ тұрдым. Тұрмыстандым, үш балалы болдым. Сол мекеменің жазатын, сызатын, аударатын барлық жұмыстарын істедім. Сол мекеменің шағын дауалау пунктінде дәрігерлік жұмыс та атқардым. Осы жұмыстарды істей жүріп, көптеген мәдени шараларға қатыстым. Сондай бір поэзия байқауында аудан бойынша жеңімпаз атанып, көзге түстім.
Сол тұстағы «Обалды болғандарды қайта қарау, қалпына келтіру, зиялыларға қоғамдық орын беру» дейтін бұйрықтан соң, мені де азат етіп, қоғамнан орын берді. Шиху аудандық орта мектебіне мұғалімдікке шақырды. Осыдан кейін заң кадрларын толықтыру кезінде Шиху аудандық халық сотының азаматтық істер судьясы болып істедім. Оқыған кәсібіме сай Үрімжідегі жоғары сот жағынан ашылған заң эксперттерін жетілдіру курсында оқып, диплом алдым, ғылыми қызметкер деген атақ алдым.
Бірақ бұл кәсіпті істеу мүмкіндігі болмады. Судья болып жүргенімде, ел аралап, халықтың тұрмыс жағдайын, өмір салтын көрдім. Бұл менің қолыма қалам алуыма түрткі болды. Өлең, новелла, әңгімелер жаздым, айтыстарға қатыстым. Алтай аймағында өткізілген үш аймақ айтысында оқылған «Тайға бата» деген өлеңім, кейін Шинжиаң радиосында оқылып жүрді. Іле облысында ашылған Жастар фестивалінде «Жыл құстары» деген өлеңіме жазылған ән жүлделі бірінші орынды алды. Бұл да радиода беріліп жүрді. Композитор Бәдет Ахметжан әнін жазған «Жайдарым» әні де ел аузында жүрді. 1989 жылы «Іле жастары» журналында жарияланған «Ашырқану» дейтін новеллам екінші дәрежелі сыйлық алды.
«Салтанат», «Тарбағатай жырлары»(1977ж.), «Тарту», «Дала дабылы» Үрімжі баспасы, (1979ж.), «Біздің ауылда» (1981ж.), «Көктем» Іле жастары баспасы (1979ж.), «Шиху өрендері» (1979 ж.), «Белес» сияқты ұжымдық жинақтарына менің де өлеңдерім мен новеллаларым, әңгімелерім енді.
«...Мені тастап кетсе де жосып арман,
Үмітімді бойдағы жасыра алман.
Әр таң сайын күбірлеп тілек етем,
Бір жақсылық тұр ма деп тосып алдан.
Ана жүрек әлжуаз тыңда ғалам!
Ізгіліктен бойымды жинамағам.
Көктемедей бойыма шуақ жиып,
Жырларымның қанатын нұрға малам!»
Ырысалды апай айтады: 1991 жылдан бастап қазақ топырағына өткелі Үржар аудандық Абай атындағы орта мектепте мұғалім бола жүріп, еларалық «Шалқар» газеті, Үржар аудандық «Уақыт тынысы», Аягөз аудандық «Алға» газеті, Семей облыстық «Семей таңы» газеті, сондай-ақ, «Ақ босаға», «Ана тілі», «Түркістан», «Азия», «Заң» газеттеріне, «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері», «Балдырған», Шинжиаңда шығатын «Көкжиек», «Тарбағатай» журналдарына өлеңдерім мен мақалаларымды жариялап тұрдым.
Атамекенде «Сыбызғы жүрек», «Ой толқыны» атты өлеңдер кітабым жарыққа шықты.
Туған дала! Туған ел! Бұл ұғымдар – ақын жырындағы ең қасиетті, ең қастерлі ерекше жалынды леппен жырланатын, асқақ шабыттарға толы сезімдердің тақырыбы. Оның өлеңдерінің барлығы дерлік туған далаға деген перзенттік махаббаты басқа тақырыптағы өлеңдерінің арасынан да ерекшеленіп, өзге өлеңдерді өзіне көгендеп жатады.
Ырысалды апай айтады: 1992 жылы Мұзафар Әлімбаев ағамыз бастаған қаламгерлер менің өлеңдеріме баға беріп, мені желпіндірді.
1994 жылы Қазақстан Жазушылары одағына қабылдандым. 1995 жылы Алматыда ашылған Дүниежүзі қазақтары құрылтайына қатысып өлең оқыдым. «Ақын, озат автор» деген атпен шапан жауып марапаттады. «Қазақ радиосы» мен «Азаттық» радиосында да өлеңдерім оқылып жүрді.
Абай тойына сыйлы қонақ ретінде шақырылып қатысып өлең оқыдым. Той барысында оқыған өлеңім Ресей телеарнасынан көрсетілді.
«Қазақстан» телеарнасы арқылы Зайда Елғондинованың шақыруымен үнемі өлеңдерімді оқып, бағдарламаларға қатысып жүрдім.
1999 жылы мамыр айында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған жыр мүшәйрасында жүлделі үшінші орынды иелендім. Осы өлеңдерім «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды.
2000 жылдардың басында Ырысалды апа дәм айдап Еуропадан бірақ шығады. Жәй ақша қуған, жан сауғалаған пенде басқаша болатын шығар. Ал, бастарта алмайтын қажеттіліктен, ұрпақтың салған соқпағымен соныға шығандап шығып кету бір жағы тосын қуаныш, бір жағы беймаза үрей, енді бір жағы ащы сағыныш, айықпас дерт болатыны да жасырын болмаса керек. Туған жерде өмірін жырмен өрнектеген автор шекарадан соң шекарадан өтіп жүріп, көк теңізге тіреліп, тіршілік үшін тіл үйреніп, күндері мен түндерін бейімделу мен беріктелуге арнайды.
Ырысалды апай айтады: Мен Бельгия топырағына 1999 жылғы 27 қарашада келдім. Еуропа жері бейне картадағыдай жасылдық, қай жағына қарасаң да әдемі.Шымыр гүлді кестеге зер басқандай, жарқырап тұрған әсем көріністер. Дереу жабырқаған жаныңды жадыратып, пенделік уайым-қайғыдан сәл де болса арашалап, жеңілдік сыйлайды.
Одан көшедегі әр түрлі мүсіндерді, жағажайдағы дәу кемелерді, антиктерді, баржаларды көрдім. Әрине, бұл алғашкы көрініс болғандықтан, адамға ерекше ықпал қалдырары қақ. Осындай тағы бір үлкен әсер қалдырған көрініс, қала майданның ортасындағы бір нәрсені лақтырып түрған еркекті ылғи сұлу су перілері көтеріп билеп түрғаны, балықтардың шоршып жүрген көрінісі, фонтан ортасында ол да ерекше көрінді.
2000 жылдың басынан бастап Недерландс (Недерланды) тілін үйрету басталды. Бельгия (кішкене мемлекет болғанымен екі түрлі тіл қолданады екен, бірінші тіл деп франсуз тілін, ал екенші тіл деп недерландс – фламан тілі). Біз Бельгияның терістігіндегі қалада тұрғандығымыз үшін, міндетті түрде фламан тілін үйренеді екенбіз. Осы сабақ басталысымен салыстырмалы тіл үйрену кезінде Антверпен каласының аты жайлы аңызды сабаққа косып өтті. Мен осы сабаққа қатты қызықтым, ертесі әлгі орындарды барып көрдім, әйелдер көтеріп тұрған еркек мүсін Браво екен. Оның лақтырып тұрғаны Антихонның қолы екен. Мейр көшесіндегі тастан ойып қойылған қол мүсін де соның қолы екен...
Ол кезде қызыққаныммен, жазу туралы тұрақты шешімге келе алмадым. Өлең жазғанды қойып, сөзімді ұқтыратын пенде кезікпей жүргенде, ол кімге керек? Оны қайда бастырамын? Енді тек таң аттырып, күн баттырып, тыныш тірлікке шүкірлік етіп, тағдырдың жарық дүниеден үзілетін соңғы минутын күту шығар дейтін пессимистік идеяның толғауында ойланып қалдым, бірақ көрген сайын жазсам дейтінмін...
Иә, Ырысалды апаның жүрген жолы, қоршаған, өмір сүріп жатқан ортасы да оның өлеңдерінің арқауына айналған. Білуге, үйренуге деген, сұлулыққа, әдемілікке деген құштарлық, өмір сүріп жатқан ортасына бей-жай қарамау– оның өлеңдерінен анық байқалады. Оған дәлел ретінде бейтаныс Еуропа жерінде туған өлеңдері. Жоғарыда айтылған өзі тұрып жатқан Антверпен қаласы жайлы жазылған «Кесілген қол» атты ұзақ поэмасы, сол қаланың тарихын көз алдыңызға алып келеді.
Ырысалды апа айтады: Қазір Еуропа топырағында, Бельгия жерінде тұрып жатырмын.«Қазақ» телеарнасындағы жаңалықтарды мұқият қадағалап отырамын. Ел "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай" берекеде болса, мемлекеттің босағасы берік, шаңырағы биік болатыны сөзсіз. Біз алыста жүрсек те, тілегіміз, ниетіміз Қазақстанмен бірге. Қара шаңырағымыз Қазақстанның әрбір жетістігіне, әрбір табысына мақтана, қуана қараймыз.
Сонау Еуропаның төрінде қазақтың қара қызы Ырысалды Төкеева қаламын серік етіп, қара өлеңнің құдірет күшімен өмір сүруде.Ол бір өлеңінде:
Еуропа атын білуші ем көріп картадан,
Жүргенде оқып, алғанда білім партадан, - деп Еуропаға тағдырдың жазуымен кездейсоқ барып қалғанын айта отырып,
«... Әлдилеп баурап бауырына басты Еуропа,
Ырысы тасып, мәртебесі асып гүлденген.
...Мың шүкір деймін таңыма атқан шуақты
Әйелге берген тәңірім қырық шырақты...» - деп, Еуропа құшағында да өлеңінің қуатымен өмір сүріп жатқанын тілге тиек етеді.
«Өлең» дейтін қасиетті өнердің қазанында қайнаған рухы асқақ, мұраты анық нәзік жанды ақынымыздың ел-жұртына берген еселі еңбегі құдіретті өлеңдерімен өлшенбек.
Өлең өлкесінде өрнекті ізін салып, рухы мен сезімін, мұңы мен шерін өлеңге ғана арнаған ару ақынымыз оқырманның талғам-таразысынан өтіп, кестелі жырдың керім әуенін әлі де сыйлай береді деп сенеміз.
Інжу Алтайқызы